Қоғам

Қазақтың рухани көсеміне құрмет

Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесі «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» және Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, ұлт ұстазы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы – ­Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай келелі кездесу өткізді.

[smartslider3 slider=3854]

Халқымыздың зердесіне сәуле түсіріп, ой-санасын оятқан ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен асыл мұраларын жастар бойына дарыту мақсатында өткізілген бұл шараға қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, алаш мұраларын зерттеушілер, сондай-ақ жастар қатысты.

Шараны ашқан Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин Ахаң еңбектеріне тоқтала келіп, сөзінің соңын «Ахмет Байтұрсынұлы – орыс патшасына қарсы күрескен қайраткер. Осы әрекеті үшін ол Семей түрмесінде бір жыл отырып, екі жылға жер аударылды. Сотталып келсе де қарап отырмай, 1913 жылы Орынбор қаласында «Қазақ» газетін шығарды. Газеттегі мақалалары арқылы қазақ халқының ұлттық санасын оятқан қайраткеріміз, Алаш туын биікке көтерген Ахаңның бейнесі біздің мәңгі жадымызда» деп түйіндесе, Л.Гумилев атындағы Еуразия  университетінің проректоры, белгілі алаштанушы, академик Дихан Қамзабекұлы Ахмет Байтұрсынұлының ұлт үшін еткен еңбектерін жастар арасында насихаттаудың мән-маңызына тоқталды.

– Қазақтың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған еске алу –  жастар үшін, мына шараға қатысып отырған ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге. Ахмет Байтұрсынұлы кішкентай кезінен қоғамдағы әділетсіздікті көріп өскен. Осыны қалай қалпына келтіруге болады деп ол қатты қиналады. Оның бір ғана жолы білім деп ойлайды. Көп ізденеді, оқиды. Алдымен қазақша, кейін орысша білім алады. Ол жоғары институт бітірмесе де, ғұлама ғалым болды. Бұл атақ оған оңай келмеді. Жатпай-тұрмай, ізденістің, көп оқудың арқасында келді. Қысқаша айтқанда, адам ойланса, тас жарады, тас жармаса, бас жарады дейді. Ахаңның алдына қойған мақсаты «Менің арманым – мүмкіншілігінше қазақ халқының дәулеттілігін, мәдениетін жоғары деңгейге көтеру». Бұл – өзінің жазып кеткен қасиетті сөзі. Өмірінің соңына дейін ол халқына арнап қазақ тілінің кітабын жазып, қазақ тілінің негізін қалап, қазақ мектебінің іргетасын тұрғызған алғашқы адам ол – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың тіліне байланысты көп айтқан ғалым. Оған дәлел мына бір қанатты сөзі: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы –  тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы ешуақытта жойылмайды деген сөзі тура айтылғандай. Сондықтан да  оған баға берген ғұламалар тіл білімінің атасы деп атады, – деп қорытындылады сөзін академик Дихан Қамзабекұлы.

Ахаңның 150 жылдығына орай өтетін тағы бір іс-шара – веломарафон. Осы шараға марафоншы Ернар Қашқынов та келіп, шараға қатысушыларға өзі жүретін жолы жайлы баяндады. Ол 5555 шақырым жолды 55 күнде жүріп өтпек. Веломарафон Ахмет Байтұрсынұлының туған күні 5 қыркүйекте Ахаңның туған ауылы Ақкөлден бастау алып, Түркияның Ыстанбұл қаласында аяқтайды.

 

Ғалия БАЛТАБАЙ,

Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесі

медиатобы жетекшісінің орынбасары

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button