Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Қазақтың сөзі де, өзі де өзгерді

Әлеуметтік желіде Алаштың ардақты ұлы, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы көшбасшыларының бірі Мұстафа Шоқайдың «Түркістан жастары бірігіңдер» деген үндеуі тарап жүр. Алайда алаш ардақтысының осы аудиосын тыңдаған кей ағайын­дар «оралмандар сияқты сөйлейді екен» деп «сөгіп» жатыр.

Кезінде Мұхтар Әуезовтің өз дауысын естіген кейбір әлеуметтік желі қолданушылардың да Мұқаңның дауысы мен сөйлеу мәнеріне «оралмандар сияқты сөйлейді екен» деп күлгені бар болатын. Енді, міне, осы «оқиға» екінші рет қайталанып отыр. Әрине, мен бұл тақырыпты наразылық танытып, «ала қойды бөле қырықты» деп өкпелеп жазып отырғам жоқ. Керісінше, осы тақырыпты пайдалана отырып, ағайындарға бір ақиқатты айтқым келеді.

Қазақ – әлемдегі тілінде диалект жоқ ұлттардың бірі. Қайда, қайсы елде жүрсе де қазақ бірінің тілін бірі түсінеді. Яғни біздің тілімізде аздаған говорлар болғанымен, қытай, өзбек, ағылшын ұлттары сияқты бірінің тілін бірі түсінбейтін немесе ұға алмайтын жағдай жоқ. Бірақ сан ғасыр тұнығы былғанбай келген тіліміз соңғы ғасырда үлкен өзгерістерге ұшырады, кірме сөз көбейді, зат есімнің денін қайсы елде тұрсақ, сол елдегі тұлғалық ұлттың тілімен айтатын күйге түстік. Ал Қазақстанда орыс тілі дәурендеп тұр. Міне, осының әсерінен біздің тіліміз ғана емес, түріміз де, сөйлеу мәнеріміз де өзгеріп барады. Жоғарыдағы «оралмандар сияқты сөйлейді екен» деген сөз де міне, осы өзгеріспен қатысты. Шын мәнінде, Мұстафа Шоқай да, Мұхтар Әуезов те оралмандар сияқты емес, байыр­ғы қазақтың әуенімен, байырғы қазақтың сөйлеу мәнерімен сөйлеп тұр. Демек, қазақтың құйқалы жеріндегі қазақтардың да сөйлеу мәнері өзгерген. Дәлірек айтсақ, Қазақстандағы қазақтың сөйлеу мәнерінен орыс тілінің сөйлеу дағдысы байқалса, Түркиядағы қазақтардың тілінен түрік тілінің акценті, Өзбекстандағы қазақтың тілінен өзбек тілінің иісі аңқып тұрады. Тілі және сөйлеу мәнері үлкен өзгеріске ұшырамаған Моңғолия мен Қытай қазақтарының тілі мен сөйлеу мәнері де соңғы кездері өзгеріске ұшырай бастады. АҚШ ғалымдары «қайсы ұлттың тілінде көп сөйлесе, адамының бет-әлпеті де сол ұлт­қа бейімделіп кетеді, себебі адамның бетінің бұлшық еттері сөйлеген тіліне байланысты дамиды» деген ғылыми қорытынды шығарған. Демек, біздің «сендер орысқа, мыналар қытайға, олар моңғолға ұқсайды» деп жүрген әзіл сөзіміздің астарында да осындай ащы ақиқат жатыр.

Осыдан он шақты жыл бұрын ғалым, академик Өмірзақ Айтбайұлынан сұхбат алдым. Сол кезде де осы мәселені көтеріп, «қазақтың тілі де, түрі де, сөйлеу мәнері де өзгеріп бара жатқан жоқ па?» деп сұрағанымда, өзі де баяғының билеріндей қоңыраулатып, әуезді сөйлейтін Айтбаев ағамыз «дұрыс айтасың, қазір тілі фонетикалық жақтан да үлкен өзгеріске ұшырады, еріндік, езулік дыбыстардың да орны өзгеріп барады, осының әсерінен біздің сөйлеу әуеніміз де бұрынғыдан басқаша. Кезінде Мұхтар Әуезов, Мәулен Балақаевтар қалай сөйлейтін еді, нақ қазақша сөйлейтін солар еді, әуезінің әдемілігі сондай, тыңдап отыра бергің келеді, біз солардың көзін көрдік. Ондай шешен, олардай әуезді сөйлейтін қазақ қазір жоқ» деп қайырғаны бар. Міне, осы сөзге қарап Мұстафа мен Мұхтардың қалай сөйлеп тұрғанын санаға салып салмақтауға болатын секілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button