Жаңалықтар

Қазақтың тұңғыш генерал бикесі

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Қарулы күштері, құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.

– Ұлт пен ұлыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәуелсіздігімізді қорғап, оны қастерлеуден асқан мәртебе жоқ. Тату еліміздегі тұрақтылық пен тәртіп тұғырының берік болуы өздеріңізге тікелей байланысты. Сіздер осы салада абыройлы қызмет етіп, азаматтық парыздарыңызды адалдықпен атқарып келесіздер. Қазақстанның тұрақтылығын, халқымыздың амандығын еліміздің сенімді сарбаздары күзетіп тұр. Елге қорған болу үшін қажымас қайрат, жігерлі рух қажет екені белгілі. Осылардың барлығы сіздердің бойларыңыздан табылады деп ойлаймын. Отанға деген қалтқысыз қызметімен, ерен еңбегімен ерекшеленген сіздер бүгінгі жоғары марапатқа лайық болып отырсыздар, – деді Елбасы құттықтау сөзінде.

Салтанатты рәсім кезінде ҚР Қару­лы Күш­­тері «Оңтүстік» өңірлік қолбас­шы­­лы­­ғы әскерлерінің қолбасшысы Т.Қойбақов және Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы А.Рыспаев ІІ дәрежелі «Даңқ» ор­­денімен марапатталды. Сондай-ақ, 8 адамға – ІІ дәрежелі, 3-еуіне – ІІІ дәре­­же­­лі «Айбын» ордені табыс етілді. Екі қыз­­мет­­кер «Ерлігі үшін» медалімен марапатталса, 5 адам «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін кеу­­десіне тақты.

Жалпы биылғы Отан қорғаушылар күні елдің есінде ерекше сақталатын түрі бар. Оның бір себебі, бұл атаулы күн биыл тұңғыш рет мемлекеттік мереке ретінде аталып, күнтізбеге қызылмен белгіленді. Екіншіден, дәл осы мереке қазақтың тұңғыш әйел генералын анықтап берді. Бұған дейін әйел затынан ешкім генерал атағын иеленбеген еді. Енді, міне, мәртебелі атаққа ие болып, тарихта қалған бақытты жан – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева болып отыр. 1960 жылы Торғай облысы, Жақсы кентінде дүниеге келген Сәуле Мұханбедианқызы еңбек жолын Торғай облысы, Жақсы аудандық прокуратурасы кеңсесінің меңгерушісінен бастаған. Кейін Целиноград облыстық, қалалық және Ақмола облыстық прокуратурасында қызмет атқарған ол 1997 жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығының бөлім бастығы болды. Қазіргі қызметіне өткен жылдың сәуір айынан бастап кіріскен. Бұған дейін «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» сынды көптеген медальдармен марапатталған Сәуле Айтпаева енді, міне, Елбасының қолынан генерал шенін алды.

Мемлекет басшысы шен алған азамат­тар­дың бұдан әрі де елге адал қызмет ететініне се­нім білдірді.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button