Жаңалықтар

Қазақтың туыстығы тұтас еді-ау

Әрбір адамның тарихы өзінің тамыры мен тегінен бас­талады, кейін келе ол ұлттың тұтас тарихына жалғасады. Әуелі адам болып жаратылу, белгілі бір ұлттың қанымен тұтасу – жазмыш жазған тағдыр. «Атамыз Алаш, керегеміз ағаш» болғалы қазақ өзінің қарғатамырлығына талай басқан, есебі, оны ұмытқан емес. Қазақтың сол тамырылылығы жеті атамен тікелей байланысты. Жеті ата халқымыздың дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі болып ежелден есептелген. Жеті атасын тарата білу арқылы әр қазақ көрші рулармен байланыста болған, солай бүкіл қазақтың біте қайнасқан туыстығына көзі жеткен. Бұл ұстаным халқымыздың этнобиологиялық және этномәдени тұтастығын осы күнге дейін табиғи түрде қамтамасыз етіп келген. Қазақтағы туысқандық институттың қалыптасуына бұл ұстаным ерекше әсер еткен. 

Ал, қазіргі таңда қазақтың туысқандық институтының жағдайына келсек, абдырап қа­латынымыз анық. Себебі, бүгін­гі адам санасын қала тәр­биелеуде. Қала дегеніміз – қалай айтсақ та, қоғамдық қарым-қатынастардың қатал көрінісі. Бұл күнде қазақ өмірінің моральдық кодексі, салт-дәстүр мен тыйым-жораларының негізі өзгерді. Бұрынғыдай емес. Сондықтан да бүгінде қазақтардың туысқандық генологиясында қалыптасқан жіктелімділік жүйенің кейбір белгілері бұзыла бастады. Мә­се­лен, кейбір ғалымдардың дәлел­­деуінше, қазақтағы туыс­қандық қарым-қатынас рулық құрылыстан басталған. Ол за­ман­дағы рулық құрылыстың әр­бір мүшесінің қоғамдағы орны тең болған. Содан келіп туысқандық қарым-қатынас жалпы сипат алған. Осын­дай туыстық ауызбірлік Қазан төңкерісіне дейін қазақтар мен Орта Азия халықтарында ғана сақталды. Алайда, тарихтан білетініміздей, жеке меншік пен теңсіздіктің қоғамымызда бой көрсетуіне байланысты, өзара туыстықтың мәні өзгере бастады. Бұл қатынас ендігі жерде белгілі бір себеппен не есеппен жасалатын болды.

Қазір қарап отырсақ, жеке бастың мүддесі алға шықты. Заман талабы сондай, күйкі тіршіліктен көп ретте қол босай бермейді. Жамағайын түгілі, бір атадан тараған ұрпақтың өздері бірін-бірі тойда немесе белгілі бір жиында ғана көреді. Бірін-бірі жыға танымайтындары да баршылық. Қалада тұратын жеңге ауылдағы қайын інісін танымауы мүмкін. Не оның балалары жатбауыр. Оның себебі ұлтымыздың туысқандық институтының халықтық мәнге ие болмауында шығар. Ертеде ел ақсақалы мен сол елдің игі жақсылары екі рудың басы қосылған үлкен жиында жеті атаға толған кезді ескере отырып, боз биені құрбандыққа шалып, тойын өткізіп, екі жақтың жастарына баталарын беріп тарқасады екен. Яғни, қаны бір туыс ретінде тамаша қарым-қатынас желісі қалыптасқан. Сол бір замандағы нағашы мен жиеннің де туыстық мазмұны бір-біріне өте жақын. Одан бері талай заман өтті, туыстықтың маңызы бәсеңдеп қалды. Тіпті, бір жақыныңның өмірде бар екенін естен шығарып алатын жағдайлар да болады. Адамның рухын далалық емес, қалалық мінез биледі қазір. Бұған ешкімді кінәлі санаудың да реті жоқ шығар. Далалық дархандық санамыздан жылыстап, өзге бір беймағлұм әлемге кетіп бара жатқандай…

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қиямет күні Алла Таға­ланың үш адамға назарын сал­майтындығын хадистерінде айтқан. Оның бірі туыстық қарым-қатынастан қол үзген адамдар. Адам болған соң, жұмыр басты пенде ретінде көңілде ағайынға деген не түрлі ойдың болуы мүмкін. Бірақ, қазақ халқы үшін туыстық байланыстың орны бөлек. Белгісіз данышпанның «Қайғыға ортақтасу үшін адам болу жетеді. Қуанышқа ортақтасу үшін періште болу керек» деген сөзі бар. Сол секілді қуанышта да, қайғыда да туысқанның жаныңда боларына бек сенген абзал. Асан Қайғы бабамыз «Қарындасты жамандап, жақсыны қайдан таба­сың» демей ме?!. Туыстан артық кімің бар?!

Хамит Есаман

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button