Әлеумет

Қазақы есімдерден қашпайық

IMG_0648.110226

Таяуда «фейсбук» желісінде бір қаламгер ағамыз жары босанғанын сүйіншілей жазды. Жапа-тармағай «бауы берік болсын» айтқан жұртты сәбидің есімі де қызықтырмай қоймады. «Мен пәлен деп қойдым. Латынша жазғанда да жақсы көрінеді, орысша айтқанда да өзгермейді» деді сәбидің әкесі…

Біздің ойымызға бірден қазақ тілінің төл дыбыстары оралды…
Шындығында, әлеуметтік желі арқылы сәбиге ат іздеп жататындар көп. Ұсынылған есімдердің латын әрпімен жазғанда өзгермей сақталатын, орыс тілінде де «өңі» бұзылмайтын сөз болуын талап ететіндер де бар. Ал латын әліпбиіне көшпеген қазаққа бұл талап әркез оң келе бере ме?.. Мұндай талап қазақ баласына есім таңдағанда қ, ғ, і, ү, ұ, ң секілді қазақы дыбыстардан қашқақтауға алып бармай ма?

отызыншы жылдарда орыс ныспылары озық тұр

Рас, кісіге ат қою тапқырлықты қажет етеді. Бұрындары Наурыз айында туғандарға Наурызбай, Наурызгүл деп ат қоя берген қазақтың бүгінде заманауи есімдерге құмартатыны да түсінікті.
Десек те, кісі аттарына байланысты статистикалық деректер қазақтың ат қою салтындағы кейбір «мінездерін» ашып берді.
Қазақстан статистикасының кісі есімдеріне байланысты мәліметтері 1935 жылдан бастау алады екен. Бірақ, бұл кездегі ең көп қойылған есімдер арасынан қазақша ат табу мүмкін емес. Қазақ елінде жиі қолданылған есімдер көбінше орыс аттары болып келеді. Мәселен, 1935 жылдың қаңтарында Қазақстанда туған 400 ұл балаға Николай есімі берілсе, 327 балаға – Владимир, 270 балаға – Василий, 219 балаға Александр есімі қойылған дейді көрсеткіштер. Одан кейін Виктор, Анатолий, Михаил… болып кете берді. Ал қыз балаларға Мария (403), Валентина (386), Нина (300), Анна (230) есімдері жиі қойылыпты-мыс.
Бұл деректерге қарағанда, қазақ 1935 жылы түгел орыс боп кеткен сыңайлы. Немесе Қазақстанда қазақ шілдехана қуанышын көрмегендей…
Алайда, бұл қисынсыз ой. Статистикалық құжатқа негіз қалыптаса бастаған 1935 жылы да қазақта талай Ошақбай, Қырықбай, Ырысгүл, Қодар, Оразхан, Оразгүл секілді қара көз балалар туылып жатқан-ды. Алайда, туған баланы тіркетіп, құжат алу әлі жолға қойылмаған еді. Шаңырағында туған сәбиге азан шақырып, ат қою қазақ үшін жеткілікті болатын.
Мәліметтерге қарасақ, осы үрдіс 1960 жылдарға дейін жалғасыпты. Статистиканың ең көп қойылған есімдер туралы дерегіне қазақша ныспылар осы тұста ғана ене бастаған. Онда да заман көшінен қалмай, балаларының құжатын дер кезінде толтырған «көзі ашық» қазақтар Мұрат, Марат, Серік есімдеріне әуес болыпты. Ал қазақ қыздарына көп қойылған алғашқы есім, статистикалық көрсеткіш бойынша – Сәуле. Қаптаған Нина, Светлана, Валентиналардың арасына бұл есім алғаш рет 1960 жылы кездеседі. Нақтылап айтсақ, осы жылдың қаңтар айында 145 қыз балаға Сәуле есімі қойылғаны тіркелген.

Ат таңдаудағы салт пен сана

Осыдан біраз бұрын балалар емханасында тұлымшағы желбіреген баласын «Федерико» деп шақырып жатқан бір келіншекті байқағам. Сірә да, бір шетел сериалындағы сүйікті кейіпкерінің есімін ұлына қоя салған ба дедім.
Негізінде, статистикалық деректер де мұндай жағдайлардың аз болмайтынын көрсетеді. Мәселен, «Қазақстан» арнасынан «Санжар мен Қайсар» телехикаясы көрсетілген 2013 жылдан бастап Санжар есімі ұлдарға жиі қойылған. Осы жылдың бір айының өзінде еліміз бойынша 250-ге тарта сәбиге ата-аналары Санжар есімін беріпті.
Жалпы, ат қоюда сирек есімдер іздейтіндер болғанымен, көпшілік құлаққа жағымды естілетін жақсы есімді жарысып қоя беретін секілді. 2012 жылы, мәселен, Қазақстанда ең көп қолданылған қыз баланың есімі – Айару (5159), Інжу (3864), Кәусар (3934) екен. Ұл балалар бойынша, Ерасыл (3325), Нұрасыл (2420), Нұрислам жиі қойылған.
Бір қызығы, 2000 жылдан бергіде балаға ат қоярда діни тұлғалардың есімін таңдау, кісі атын Құраннан алу жиілегені байқалады. Қыздарға Кәусар, Әмина, Фатима, Рәбия секілді есімдер қойылуы алғашында ерекше көрінгенмен, кейін мұндай есімдер көбейе бастапты. Мәселен, соңғы үш-төрт жыл көлемінде орта есеппен ай сайын 300, 400 қыз балаға Кәусар есімі берілген…
Тағы бір қызығы, ұл балалар арасында Ерасыл соңғы екі-үш жыл бойы ең көп қолданылған есімдер қатарынан түспеген. Тіпті, 2012, 2013 жылдары он, он бір ай бойы бұл есім ең алдыңғы орында белгіленіпті. Десе де, қазақ науқаншылдық, еліктегіштік қасиетпен бір жақты кетпей, ертедегі ат қою жолынан да жаңылмаған сықылды. Мұның нақты дәлелі, Рамазан айы кезінде Ерасыл есімі кейінгі орынға ысырылып, Рамазан, Нұрислам, Ислам есімдері қолданылуы жағынан ең жоғары көрсеткішке ие болады. Мысалға, 2013 жылғы ораза шілде, тамыз айларына тұспа-тұс келгендіктен, осы екі айдың бірінде Рамазан есімі 5159, Нұрислам 3934 рет қойылыпты…

Алаш рухын аңсағандар ұлдарын Әлихан атапты

Жақсының жолын берсін деп әркім сәбиіне игі жақсылардың, атақты тұлғалардың есімін беруді құп көреді. Бұл орайда, төл тарихын жаңғыртуға ұмтылуы қазақтың бүгінгі ат қою үрдісіне де әсерін тигізбей қалған жоқ. Тәуелсіздіктен бергі жылдарда қазақ балаларының талайы тарихта аты қалған даңқты бабаларының – хандардың, батырлардың, ел билеген көсемдер мен шешендердің, өнер иелерінің, ақын-жыршылардың, еліне біртуар перзент сыйлаған алтын құрсақ аналардың есімдерін иемденді. Әдеби шығармалардың, жыр-дастан, ертегілердің жағымды кейіпкерлері де балаларға үлгі етіліп, есімдері жаңғыртылып жатты.
Үстіміздегі, яғни, қазіргі 2015 жылғы алғашқы екі айда Алаш рухын аңсаған қазақ ұл балаларына Әлихан есімін көп қойыпты. Нақтылап айтсақ, қаңтар, ақпан айларында 533 бала жаңа заманның Әлиханы аталды. Баяғы Ерасыл есімі бұл тұста екінші кезекке ысырылыпты.
Ал осы екі айда 965 қызға Інжу, 563-іне Кәусар, 539-ына Айару, 538-іне Айша, 434-іне Раяна есімі қойылыпты…

Түйін

Сонымен, статистикалық көрсеткіштерді әрі-бері аударған соң көңіл күдігі сейілді.
Жо-жоқ, қазақ қайтсе де, төл дыбыстарынан қашпаған екен. Таңдаған есімінің латын қарпіндегі жазылуы да, орыс тіліндегі айтылуы да елді жаппай алаңдатып отырған жоқ. Өйтсе, осы жылдың өзінде мыңға тарта қызға Інжу есімін, алты жүзге тарта ұлға Әлихан есімін қоятын ба еді?!

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button