Басты ақпаратЕл тынысы

Қазақы кілем тоқыған қайран анам!

Анасы Ұлмекен әжемнің, Қыздығой әжемнің, басқа әжелерімнің, апаларымның тәрбиесі болса керек, анам Шекер Есенқызы алты ай жаз оңтүстіктің табиғатын әйелдерге тән пысықтықпен пайдаланатын. Жыл он екі ай мал бағып, жүнін жинайтын шешем оны жазда жуып, сұрыптап, бояп, қыс бойы иіретін. Қолы қалт етіп, демалғанда да қолынан ұршығы мен иірген жібі түспейтін. 

Иірілген жіптерден кеудеше, шұлық тоқып, қалғанын кілемге жинайтын. Артылған қойдың жүнін Жетісай базарындағы жүн өткізетін пунктке апарушы еді. Ысырап атымен жоқ, Шопан атаның адамға берген мол несібесін барынша іске асыратын.

Ауылда қыс қамын жазда ойлайды. Күн сайын бау-бақша қарау, банкі жабу, құрт жасау, қой қырқу, жүнін жуу, иіру өз алдына, қызы көп үйлер жаз басталысымен кілемге арналған темір, ағаш құрылғыны құрып, кемінде төрт бойжеткен көлемі кемі 5х3 болатын кілем тоқуды бастайды. Сүлгіге салынған үлгімен ою-өрнек, үлкен табақ гүлдер салынған суретті жіппен тоқып, салатын әпкелерім – ойын баласы мен үшін ертегідегі хор қыздарынан кем емес еді. Әңгімесін айтады, әнін шырқайды, әзілі жарасқан топ күні-түні тоқыған кілем (оңтүстікте түскі уақытта өте ыстық болғандықтан, бір-екі сағат демалып, түнгі салқынмен кілемді өндіртіп тоқиды) қыздардың қайратының арқасында бір айдың көлемінде дайын болады. Кілем тоқыған қыздар кілем дайын болғанда бір серпіліп, ата-анасынан, үлкендерден алғыс естіп, батасын алушы еді. Ал көмектескен көршінің қызына жақсы сыйлық жасалатын. Қыздар кілем тоқығанда анам түрлі тамақ жасап, тәтті-жұмсағын алдарына тосатын. Мақта тазалау зауытында өрт сөндіруші болып жұмыс істейтін әкемнің жұмысы ылғи шұғыл, ауыр болғандықтан, анам жеті баланың кірін жуып, кілемші қыздардың жағдайын жасап жүргенде кейде уақытында тамағын, шәйін бере алмай жатса, әкем қабағын шытпай қауын, қарбыз бен тандыр нанды жеп, әйелдердің шаруасына бөгет бола бермейтін. Мазасыз болмады. Кейіннен әпкелерім бойжетіп, ұзатылғанда анам жасауына сол кілемнен бір-біреуін қосып, өзі тіккен құрақ көрпешелерді апарғаны есімде. Қазіргідей дайын ештеңе жоқ, қыз жасауының бәрін шешесі өзі дайындап беретін.

Бірде Алматыда «Егемен Қазақстан» газетінде тілші болып жүргенде АҚШ елшілігіне барудың сәті түсті. Тәуелсіздік алған соң елшіліктер Алматыда енді ашылып жатқан кез, интерьері бәрімізді қызықтыра түсті – қазақтың қой жүнінен тоқылған кәдімгі біздің ауылдың кілемін америкалықтар пәленбай мың долларға сатып алыпты… Біздің қаңсық санаған дүниеміз шетелдіктерге қолдан жасалған таза өнім, таңсық дүние ретінде танылыпты. Браво! Көз қуанады, көңіл толқиды, қазақтың қолөнерінің ешкімнен кем емес, артық екендігіне тағы бір куә боласың. Қағуға ыңғайсыз, салмағы ауыр, жууы қиын деп кейбір келіндер қиналған қазақтың кілемі осылайша ұлттың тынысын көрсететін атрибут ретінде ерекше болып елшілікте тұр.

Кілем тоқыған қыздар кілем дайын болғанда бір серпіліп, ата-анасынан, үлкендерден алғыс естіп, батасын алушы еді.

Біздің қаңсық санаған дүниеміз шетелдіктерге қолдан жасалған таза өнім, таңсық дүние ретінде танылыпты.

Қазақтың кілемі осылайша ұлттың тынысын көрсететін атрибут ретінде ерекше болып елшілікте тұр

Кілемнен қалған жүндерді бояп, шешем киіз басып, алаша тоқитын. Киіз басу да бір мереке, ауылдағы көрші әйелдерді жинап алып, ән айтып, әзілдесіп, киізге қайнаған су құйып, білектейтіні әлі есімде. Ер балаларға шимен оралған киізді тептіріп, содан небір әдемі, қыста жылы киіздер басылатын. Біздер, бала-шаға, улап-шулап, шайға деп дастарқанға шашылған бауырсақ пен кәмпиттерді таласа жеп, мәз болушы едік.

Мұның бәрін неге айттым, қазақтың қызын, ұлын еңбекке, төзімділікке тәрбиелеген ата-баба дәстүрінің кейбір тамаша үлгілері біздің аналарымызбен, жасы үлкен әпкелерімізбен бірге кететіні өкінішті. Қазіргі балаларға айтсаң, сенбейді, біздің бала кезімізде үй шаруа­сын «ер адамның жұмысы» деп бөлмей, «қыздың жұмысы» демей, ауылдағы бар тіршілікті атқара беретініміз еске түседі. Шелекпен су тасып, шөп орған, қой бағып, сиыр сауған, арамшөп отаған, қыш илеген сәттер – бәрі қазіргі бала үшін бәлду-бәлду өтірік, ертегі.

Бірақ, осы еңбектің арқасында ешқандай стресске түскен жоқпыз, «тапталған» құқымызды талап етпедік, оған уақытымыз да жоқ еді, үйдің шаруасын да істеп, мектептегі мақта жинау науқанынан (қыркүйектен қаңтарға де­йін), арамшөп отаудан (мамырдан қыркүйекке дейін) қалу қылмыспен тең еді… Одан өзге қоғамдық жұмыстарға да белсене араластық, сән қуып, салтанат іздеуді мақсат тұтпадық, телефоны, ғаламторы жоқ заманда ұлттық құндылықтармен бірге сиырдың сүт-айранын ішіп, құрт-майын жеп, қойдың етін жеп өстік. Сары майды ағаштан жасалған күбімен шайқау, құрт жасап, кептіру де өз алдына бір жұмыс болатын. Ол – өз алдына бір әңгіме.

Жақында ауылдағы үлкен әпкем аудан орталығы Жетісай қаласында зейнеткерлерге арналған оңалту орталығында кілем тоқудың заманауи түрін жастарға үйретіп жатқан замандас Айжан әже туралы айтты, суреттерін жіберді. Жылысу округіне қарасты Атабеков көшесінде тұратын Айжан әже ісмер, шебер ғана емес, ұлттық тағамдарды да дәмді дайындайтын аспаз екен. 50 жылдан бері бауырлас ел өзбектің тағамы «Сумалакты» пісірумен келеді, үйренемін деушілерге есігі әрдайым ашық. Ісмер әженің балалары өтінішімен темір қалып құйып, жасады, соған кілемнің арқанын керіп, арнайы құралмен тоқиды. Кіреберіске, дәлізге арналған түрлі-түсті кілемшелер тоқып жүр. Осы орталыққа да қалыбының бірнешеуін ала келіпті. Қолының ебі бар қыз-келіншектер ісмер әжеден бар білгенін үйренуде.  Жақсы бастама екен. Әрине, анам тоқығандай үлкен кілем емес, алаша сияқты кілемшенің бір түрі, бірақ ұмыт қалған салт-дәстүрімізді там-тұмдап болса да еске салған, қазақтың қолөнерімен айналысқан әйелдердің әрекеті өте құптарлық нәрсе, қолдауға зәру тәуір бастама!

Қазір сырттан келетін қауіп те көп, қатер де көп. Үйде отырып ғаламтор арқылы стресске түскен жастарға осындай жақсы дәстүрді насихаттап, үйретсе, үлгі етсе, қаншама жасқа сауабы тиер еді. Жаман әдеттерге, сыртқы экспансияға осындай ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрімізді насихаттау арқылы ғана төтеп бере алатынымыз айдан айқын. Басқа жолын көре алмай тұрмын. Ананың тәрбиесі – алты институттың берген тәрбиесінен артық. Бала көргенін, естігенін істейді. Қазақ болғанына мақтанатын жастарымыз көп болса, өз елінің патриоты, адал перзенті болса деймін.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button