Жаңалықтар

Қазақи қаһармандар өмірге келді

Енді біздің бүлдіршіндердің төл қаһармандары бар. Өйткені «Balapan» телеарнасы оларға арнап «Дала ойындары», «Айдар» және «Ертемір» атты қазақша мультфильмдерді жарыққа шығарды.

Анимациялық жобалардың идеялары өте тартымды. Мәселен, «Дала ойындарында» компьютерлер мен гаджеттерге байланған балдырғандарды далаға алып шығып шынықтырады, шымыр болуға үйретеді. Осылайша жеткіншектер адам мен табиғаттың байланысы қаншалықты тығыз екенін түйсінеді. Ал екінші мультхикая «Ертемір» фантастикаға жаны құмар балалардың көңілінен шығатынына еш дау жоқ. Бұл мультфильмнің басты қаһарманы екінші сынып оқушысы болғанмен, ол қатер төнгенде бес қаруы сай батырға айналып шыға келеді. Өзі қайсар, өзі мықты балақай солайша ерліктің небір ғажап үлгілерін көрсетеді. «Айдар» да – қиялшыл балаларға керек кейіпкер. Ол бір әлемнен екінші әлемге өтіп, мифтік мақұлықтармен айқасады, жауыздықпен күреседі, жақсылықтың жеңіп шығуы үшін барын салады. Қысқасы, анимациялық фильмнің қай-қайсысы болмасын, кішкентай көрермендерге ізгі қасиеттерді насихаттайды.
Мультфильмдердің тұсаукесер рәсіміне жиналған елордалық балақайлар жаңа дүниелерді жылы қабылдады. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі бүлдіршіндер оларды 10 желтоқсаннан бастап «Балапан» телеарнасынан тамашалай алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button