Айтпайын-ақ деп едім!

Қазақы қасиет қайда?

Алматы қаласындағы бүлік кезінде көптеген сауда орындары қиратылып, дүкендер тоналды. Бұл басбұзарлардың әдейі жасаған әрекеті десек те, терезесі шағылып, есігі ашық қалған сауда-саттық орындарына қарапайым халықтың, әсіресе, әйелдердің де лап қойып дүкендерге талан-тараж жасап жатқанын әлеуметтік желіден көріп, жүрегіміз ауырды. 

[smartslider3 slider=1810]

Атамыз қазақта «бүлінгеннен бүлдірге алма» деген аталы сөз бар. Біреу­дің ақысын, малын, дүние­-мүлкін орынсыз иемдену дұрыс болмайды деп қараған халқымыз селге кетіп, салындымен бірге жағаға шығып қалған дүние-мүлікті  де алмаған. Ендеше, бүгін сол дәстүріміз қайда қалды? Тасқын сумен ағып келген бұйымның өзін «кесапаты тиеді» деп алмаған қазақтың бүгінгі ұрпағы біреудің дүкенін қалағанынша тонап жүргенін қалай түсінуге болады?! Жолай өтіп бара жатып, дүниеге қызығып қолына ала кеткен шығар дейік десек, телеарнадан таратқан хабарлардың бірінде жас ортасына келген аналарымыздың өзі елдің тауарын үйін көшіріп жатқандай құшақтап әкетіп барады. Кейбіреулер талап алған заттарын машинасының жүк салғышына сыйғыза алмай, үйі мен дүкен арасында 2-3 мәрте шапқылаған. «Бұларың не?» деп тоқтау салған азаматтардың сөзін де тыңдамаған.

Тонап немесе ұрлап алған бұйым­мен ешкім қабырғасын жаба алмайды. Есесіне оның кесапаты отбасыңа еселеп зиян әкелуі мүкін. Біреудің дүниесін тонап немесе тартып алғаннан кейін оның адам мінезіне жасайтын әсері де аз болмайды. Алғанда дүние қызық болғанымен, алып алған соң оның дерті одан ауыр болатыны айтпаса да түсінікті. Әрине, тонаушылыққа қатысқан азаматтар жауапқа тартылады, қылмысының ауыр-жеңілдігіне қарай айып төлеп, түрмеге отыруы да мүмкін. Міне, «бірдің кесапаты мыңды әкетеді», «Бүлінгеннен бүлдірге алма» деген сөздің астарында осындай мән жатыр.

Біз соңғы кездері экономикалық мәселелерге айрықша ден қойып кеттік те, бабадан жалғасқан бала тәрбиесіне немқұрайды қарадық. Қазақы қанмен берілетін қасиеттерді де жоғалттық. Былайша айтқанда, рухани нәр алатын тамырымыздан ажырап қалдық. Ал тамырсыздықтан тайғанақтық, табансыздық, тәрбие­сіздік, тәртіпсіздік туады. Тәртіп пен тәрбие болмаған елде бірлік те болмайды. Қарапайым сөзбен айтқанда, қазақ баласын «жаман болады, ұят болады, обал болады» деп үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиеледі емес пе?!. Егер осы үш ауыз сөз бейбіт шеруге шыққандардың бәрінің есінде жүрсе, дүкен тоналмас еді, ешкім зардап шекпес еді, жазықсыз қан да төгілмес еді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button