ӘлеуметБасты ақпарат

Қазақы тазының емдік қасиеті

Астанада мемлекет қолдауымен ересектер мен балаларды оңалтуға бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде иппотерапия әдісі арқылы балаларды оңалту жүргізілетінін жұрт біледі. Ал биыл оңалту әдістерін кеңейту мақсатында қанатқақты жоба ретінде жаңа бағыт – канистерапияны енгізу қолға алынды.

Канистерапия – арнайы үйретілген иттердің қатысуымен жүзеге асырылатын оңалту және психологиялық көмек әдісі. Аталған әдісті медициналық және әлеуметтік оңалтуда пайдаланады. Бұл тәжірибеге ерекше қолайлы тұқымдардың бірі – қазақы тазы. Тазы сабыр­лы мінезімен, ақылдылығымен, сезімталдығымен балаға жағымды әсер сыйлайды.

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Nomad» ұлттық аңшылық клубымен келісімшарт жасады. Бұл клуб ұлттық аңшылық дәстүрлерін сақтауға және қазақы тазы тұқымын өсіруге үлкен құрметпен қарайтын адамдарды біріктіреді. Клуб ұжымы бірегей тұқымды танымал етуге белсенді атсалысып, мәдени мұраны сақтауға елеулі үлес қосып жатыр.

«Канистерапия – бұрыннан белгілі медициналық оңалту әдісі. Бұл әдіс адамның күйзеліс пен алаңдау­шылық деңгейін төмендетеді, эмоционалдық жағдайды жақсартады, моторика мен үйлесімділікті дамытады, ең бастысы, балалар мен ересектердің әлеуметтенуіне көмектеседі. Ғылыми тұрғыдан дәлелденген, канистерапия күйзеліс гормонын азайтып, керісінше, бақыт гормонын көбейтеді. Итті қарапайым сипау оң әсерін тигізеді. Ал тазы – өте мейірімді, шыдамды және адамның көңіл-күйін жақсы сезетін ит тұқымы. Олар балалармен, қарттармен және жарақаттан кейін оңалудан өтіп жатқан адамдармен жұмыс істеуге өте қолайлы. Тазы қатысатын канистерапия – бұл тек терапия ғана емес, сонымен қатар ежелгі әрі текті тұқыммен қарым-қатынастың ерекше тәжірибесі. Бұл әдіс аутизмге, сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге қолданылады» дейді «Nomad» ұлттық аңшылық клубының мүшесі Әділхан Жеңісұлы.

Оның айтуынша, елордада канис­терапия иппотерапиямен қатар, яғни сабақтастықта жүргізіледі. Әлемде жалпы осы әдіс арқылы адамдарды оңалтуға пайдаланылатын ит тұқымы санау­лы ғана. Бұл – лабрадор, голден ретривер және хас­ки. Ал тазы тәжірибесі алғашқы рет енгізіліп отыр.
Канистерапияны елордада енгізбес бұрын шетелдік тәжірибе зерттелген.

«Ем-дом техникасын Еуропа мен Ресейге барып, үйреніп келдім. Бұл – әзірге қанатқақты жоба. Сондықтан белгілі бір нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Емделуге қаладағы бірнеше оңалту орталығынан балалар келіп тұрады. Бірақ қазірдің өзінде тазымен серуендеудің жағымды әсері байқалады» дейді «Nomad» ұлттық аңшылық клубының жетекшісі Болат Құнанбаев.

Тазымен бір сағат серуендеудің пайдасы психологпен бір күн өткізгенмен пара-пар деген пікір таралған. Аталмыш клубта қазір 50-ге жуық тазы бар.

«Тазы өзінің қабілеттеріне қарай менталды ауруы бар балаларды емдеуге көп себептен келеді. Алдымен, әрине, иттер арнайы оқыту және тестілеу курсынан өтеді. Қазіргі таңда канистерапияға екі тазыны қолданып жатырмыз. Бұлар экстремалды жағдайларда тексеріс­тен өткен. Яғни, лифтпен, баспалдақпен еркін жүреді, агрессия белгілері жоқ. Бұл қанатқақты жоба болғандықтан канестерапия барысында өзіміз де үйреніп, тәжірибе жинақтап жатқан жайымыз бар. Алайда қандай да бір оң әсері болады деп сенеміз» дейді Әділхан Жеңісұлы.

Жақында «Nomad» ұлттық аңшылық клубы Астана қаласы әкімдігінің сыйлығымен марапатталды. Бұл сыйлық қазақ тазысын сақтау және өсіру жөніндегі әлеуметтік жобаға қосқан елеулі үлесі үшін берілді. Яғни, ұлттық мұраны сақтау және тазы тұқымын дамыту үшін тапсырылды. Таяуда елімізде Тазы және төбет күні ресми түрде бекітілді. Бұл жағдай қазақы тұқымдағы иттердің әлемге танылуына, игілікті істерге пайдаланылуына септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button