Жаңалықтар

ҚАЗАҚЫЛЫҚ ҚАЗЫҒЫ

фото-1

Редакциядан берілген тапсырманы алып, көрсетілген нөмірге телефон шалдық. Кез­десу күнін белгіледік те, Есмахановтар әулетіне қонақ боп түстік. Қонаққа үрке қарайтын қалалықтар ма деген ой мазалай табал­ды­рықтан аттағанбыз, жайыл­ған ақ дастарханды көр­генде көңіліміздегі күдік бірден сейілді.

Бар дәмдісін дастарханға қойып, төрт көздері түгел күтіп отыр екен. Арнайы шақырылғандықтан емес, өзіміз қалап келгендіктен біз де қонақтығымызды бұлдамай кішірейе сәлемдестік. Дегенмен, жасының 75-ке келгеніне қарамай Күлия апамыз төрді бізге ұсынды. Жанына жақын отырғызып жөн сұрады. Жур­­налистік жұмысымызды емес, туған жерімізді, ауыл-елдің аман­­­дығын, ата-анамыздың хал-жағ­дайын. Барлығының жақсы еке­ні­не шүкірлігімізді айтып, келген жұ­мысымыздың мән-жайын ұқ­тыр­дық.
Шаңырақтың бірлігі мен берекесі, ырысы мен ынтымағы сынға түсетін «Мерейлі отбасы» байқауына бұл әулет Абдрахманов Бірлік Есмахан­ұлының шашбауын көтере қатысып отыр. Қара шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған Бірлік Есма­хан­ұлы Ақмола облысы Жолымбет руднигінде дүниеге келіп, орта мек­тепті сонда тәмамдайды. Жастайынан әке мамандығына аңсары ауған Бірлік ағамыз Қазақ политехникалық институтын бітіріп, геология саласында еңбек ете­ді. Жұмыста жетістікке жетіп, бі­раз тәжірибе жинап, өз алдына жеке «Атрио» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашады. Бүгінде Бірлік аға осы кәсібінен нәпақа тауып, айрандай ұйы­ған отбасының берекесін кіргізіп отыр. Әкесі дүниеден өткеннен кейін анасын Астанаға көшіріп алыпты. Ауыл өміріне үйреніп қалған әжей қаланың қарбалас тіршілігіне де көндіккен. Келіні Жанна мен кенжесі Бірліктің алтын асықтай бір ұлы мен екі қызын қанатының астына алып, қазақы тәрбие беріп отыр. Балаларын өскенше баққан ол енді немерелерін бақпақ. Ене мен келін бір шаңырақ астында бірін-бірі қас-қабақпен ұғысатынын да байқадық. Жанна жеңгей енесін сыйлайтын есті келін болса, Күлия апа келінін қызындай көріп отыр. Осындай ынтымағы жарасқан отбасының қызығы да, шыжығы да – жаңағы үш балапаны. Әке-шешелерінің өз қуаныштары, апаларының көз қуаныштары болып отырған үш бүлдіршінге де бірер сұрақ қойдық. Бірлік ағаның тұңғышы Анель қаламыздағы № 54 мектептің 8-сыныбын бітіріпті. Гитараның құлағында ойнайтын өнерлі қыз бос уақытында ағылшын тілін үйренетін көрінеді. Ал ортаншы ұлдары Дәурен физика-техникалық лицейдің 5-сыныбын бітірді. Қаршадайынан шаршы тақтаға құмартқан жеткіншек шахматтан III разряд иесі екен. Әжесін айналсоқтап шықпай жүрген кенже қыз Зара келер күзде бірінші сыныпқа қадам баспақ. Біз барған кезде үшеуі бір күнгі жеткен жетістіктерін айтып, әкелерінен қолпаштау күтіп отырды. Қамқор әке сабақтарының жай-жапсарын сұрап, алған бағаларына қарай мақтап, маңдайларынан иіскеп қойды.
Әулеттің демалу дәстүрі де ерекше. «Жаздың күні табиғат аясына жиі шығып, таза ауамен тыныстасақ, қыста шаңғы теуіп, шанамен сырғанауды жанымыз сүйеді. Оған қоса «өлі разы болмай тірі байымайды» деген дана халқымыздың дәстүрін сақтап, ата-баба аруағына құран бағыштап, әулет болып бас қосып тұрамыз» дейді Бірлік аға.
Көрген сәттен көзімізге оттай басылып ауылдағы апамызды еске салған Күлия әжені де әңгімеге тарттық. «Шалым дүниеден өткелі 4-5 жыл болды, осында қоныс аудардым» деп бастады ол кісі әңгімесін. «Шалым» деп отырғаны – Есмахан Сейітқазыұлы. Ол кісі Щучье қаласындағы Тау-кен техникумын бітіріп, 1957 жылы Ақмола облысындағы Жолымбет руднигіне жолдамамен қызметке орналасады. Кейін осы рудниктің директоры дәрежесіне дейін көтеріледі. Күлия апа екеуі 50 жылдан аса Жолымбетте тұ­рыпты. Сол жерде екі ұл, бір қыз дүниеге келіп, құдайдың берген қызық-қуанышын қатар көреді. Күлия апа Жолымбет руд­нигіндегі балабақшада тәрбиеші болып қызмет атқарады. «30 жылғы жұмыс тәжірибем мына немерелерді тәрбиелеуде пайдаға асып отыр» деді апамыз әзілдеп. Өмірден өз орындарын тапқан ұл-қыздары – өз алдарына отау тіккен, бір-бір шаңырақтың иелері. Үйдің үлкені Марат Есмаханұлы Ақмола облысының Вознесенск ауылында мектеп директоры боп қызмет атқарса, жалғыз қыздары да Астана қаласындағы №1 музыка мектебінде ұстаздық етеді.
Күлия апа сиыр сауып, құрт қай­натқан күнін сағынса да, бала-ша­ғаның қасында, немерелерімнің қылығын қызықтап отырғаным жақсы дейді. Оның үстіне қалада шаруасы дөңгелеп тұрған ұлын «ауылға кел» деп қинағысы да жоқ. Ұлы мен келініне «қызметтеріңді адал атқарып, елге еңбектеріңді сіңірің­дер» деп ақылын айтып отыр. «Жора-жолдастарыңды сыйлаңдар, кісіні сен сыйласаң, кісі сені сыйлайды» деп, Есмахановтар әулетінің қазақылығының қазығындай боп отырған Күлия апа бала-шағасына риза, бүгініне шүкір көңілмен бізді шығарып салды.
Үш баладан жеті немере сүйіп отырған аяулы әже, анасының қамын жасаған қамқор ұл, ененің бабын тапқан епті келін. Есмахановтар әу­летінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.

Досжан Сқақов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button