Білім

ҚазАТУ үздік атанды

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Білім күніне» арналған «ҚазАТУ – Болашақ бастауы» атты салтанатты шара өтті.  Жиынға университет ректоры А. Күрішбаев, Парламент­ Мәжілісінің депутаттары­ Ж. Ахметбеков,­ Б. Смағұлов, академик З.Дүйсенбеков және тағы басқа мәртебелі меймандар қатысты.

Өз сөзінде университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев «Биылғы жылы біздің университетіміз аграрлық саладағы барлық оқу орындарының алдыңғы қатарынан орын алды. 2013-2014 оқу жылы университеттің бірінші курсына 2804 студент қабылданса, олардың 1343-і – мемлекеттік грантқа ие болғандар. Яғни, студенттердің 47,9 пайызы мемлекеттік грантпен оқиды деген сөз. Бұл көрсеткіш оқу ордасының жастар қалауына ие беделді оқу орны екенін дәлелдейді» деп атап өтті.

Салтанатты жиын барысында студенттердің www.univerlife.kz әлеуметтік желісінде жүргізілген ЖОО арасындағы республикалық сауалнаманың қорытындысы жарияланды. Студенттер арасында жүргізілген сауалнамаға жалпы саны 105 жоғары оқу орны қатысқан. Нәтижесінде, аталмыш университет «Ең үздік университет» атағын жеңіп алды. Ақжолтай хабар туралы сертификатты университет ректорына Парламент Мәжілісінің депутаты Ж.Ахметбеков табыстады.
56 жылдық тарихы бар ҚазАТУ еліміздің бас қаласында өтетін мерекелік шараларға белсене қатысуда. Жиында сахна саңлағы Бауыржан Ибрагимов «Қызғалдақ» би ансамблі мен «Шабыт» ұлт-аспаптар оркестрін Астана қалалық мәдениет басқармасының мақтау қағазымен марапаттады. Лондон олимпиадасының қола жүлде иегері Марина Вольнова университет спортшылары Данияр Елеусінов, Мерей Ақшалов, Ілияс Сүлейменов және Эскархан Оскановқа Астана қалалық спорт және дене тәрбиесі басқармасының арнайы сыйлығын табыс етті. Шара соңында қоғамдық кәсіптер факультеті ұжымы дайындаған концерт ұйымдастырылып, соңы «Аграрка сарбаздары» КТК команадасының әзіліне ұласты.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button