Руханият

Қажеттілік туса, мемлекеттік тіл өркендейді

Қазақ тілінің жанашыры әрі көп жылдық тәжірибелі азамат ретінде осы мақаланы жазуға ниет еттім.

[smartslider3 slider=2816]

2007 жылы Жезқазған қаласынан елордаға қоныс аударып, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Тілдерді дамыту басқармасында заңгер болып үш жыл қызмет істедім. Сол кезде аталған басқарманы басқарған нағыз тіл жанашыры, қазақтың қайсар қызы, қайраткер Оразкүл Асанғазықызының сенімді көмекшісі болдым десем артық болмас. Атап айтқанда, тікелей заңгерлік міндеттерден бөлек, мемлекеттік қазақ тілін дәріптеу жұмыстарын бар ынтамен атқардым. Астананың сол кездегі көптеген оқу орындарында, мекемелерінде тыңдаушылармен кездесіп, мемлекеттік тілдің орны мен болашағы туралы әңгімелер өткіздім. Сол кездегі заңнама, Үкімет қаулылары мен бағдарламаларын бар ынта-жігеріммен, өзім қалай сенген болсам, солай 2020 жылдары жұртымыздың 90 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады деп сендіретінмін. Тіпті әңгімемді ақындардың өлеңдерімен өрнектеп жеткізуге тырысатынмын, өзімдікін де қосып. Тыңдаушыларымнан қарсылық білдіргендер болмайтын десем артық емес. Өзім де мемлекеттік тілдің өркендеп кететініне сенетінмін. Бірақ олай болмай шықты, мемлекеттік тілдің қолданыстағы жағдайы сол баяғы он жыл бұрынғы қалпынан аса алмады.

Сол кездері елордадағы орыс тілді және аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің, ұлттық тәрбиенің жағдайларынан көңілім қалатын. Мысалы, мамандандырылған №5 аралас мектепте директоры мен оқу-тәрбие жұмыстары бо­йынша 5 орынбасарының біреуі де қазақ ұлтынан болмаған. Сондықтан да болар, ұлттық құндылықтар, дәстүр-тәрбие, мемлекеттік тілдің орны ең төменгі дәрежеде қалып қойған. Оқу орнында Валентин күні арнайы залдарда, ал Наурыз мерекесі кіреберіс коридорда өткізілетін масқараға да жол берілген. Нәтижесінде мұғалімдер арасында, оқушылар мен ұстаздар арасында келеңсіз оқиғалар болып, қала әкімдігі басқармаларының араласуына тура келген. Осы ретте мен классик ақын Мұзафар Әлімбаев атамыздың «Аралас мектеп анасынан да адастырар» деген нақыл сөзінің дұрыс­тығын мойындаған едім.

Қазақ тілінің елімізде тиісті орнын таба алмауының негізгі бір себебі – оған қажеттілікті туғызбауымыздан. Осыдан он жылдай бұрын Ақмола өңірінің партия, совет органдарында басшылық қызметтерде болған марқұм Вадим Федорович Молчанов деген ардагер белсендісі қазақ тілінде сөйлей алмайтынына налып, маған: «К сожалению, в наше время не было востребованности казахского языка» дегені бар еді. Қаншалықты шын көңілмен айтқанын өзі білер. Бірақ сол қажеттілікті тудыру күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда қазақ халқына тән бір қасиетті айтса болар. Біз басқа ұлттың өкілі қазақ тілінде сөйлейтін болса, ол адамды басымыз­ға көтереміз. Ол дұрыс та. Герольд Бельгер, Асылы Осман сияқты тұлғалардың қазақ тілін біліп, дәріптеп, насихаттауы қандай болсын құрметке лайық. Қазіргі кезде де жастар арасында қазақ тілінде таза сөйлеп, танымал болған өзге ұлт өкілдері әр салада кездеседі. Атап айтсақ: Геннадий Шиповских, Максим Рожин, Лариса Тен, т. б. Оларды бағалап, дәріптеп, өзгеге үлгі ретінде тарату керек. Осы орайда бүгінде Қазақстан Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Роман Скляр туралы да айта кетсем. Ол азаматтың Парламент Мәжілісінде баяндаманы қазақша жасағаны көптің ризашылығына ие болған. Ол Астана қаласы әкімдігінің басқарма бастығы болып жүрген кезінде қазақ тілі мамандарынан қосымша сабақ алғанын білетінмін. Бәлкім, бүгінгі жоғарғы мемлекеттік лауазымға жетіп отырғаны өзінің ақ пейілі мен біздің қасиетті ана тіліміздің киесі шығар. Кері мысалдар да көптеп табылады. Көптеген өзіміздің қара көз ұл-қыздарымыз ана тілін біле тұра, өзара орысша сөйлесуге бейім тұрады. Соның салдары болар қызмет сатысының биігіндегі кейбірінің үлкен трибунадан мемлекеттік тілде берілген сұрақтарға жауап бере алмай немесе қысқа ғана ант мәтінін дұрыстап оқи алмай ұятты болып жататыны.

Мен өзім жастарға, әсіресе мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін менсінбеуді доғарыңдар деумен келемін. Осыған орай, бір нақты оқиғаны еске алғанды жөн көремін. Осыдан 3-4 жыл бұрын елордамыздағы «Шапағат» қарттар үйінде болған бір іс-шарада әр саладан 5-6 азамат мекеме басшысының кабинетінде жиналып қалған екенбіз, бәріміз де қазақ ұлтынанбыз, үлкен-кіші болып қазақи әңгімеміз жараса кетті. Сәл ғана уақытқа ажырап қайтып келсем, жаңағы қазақшасы тамаша үш азамат орысшаға ауысып кетіпті. Мен: «әй, жігіттер, бұларың қалай? Орысшаларың не?» дегенім сол еді, ортасында қалалық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы басшысының орынбасары лауазымындағы азамат, аты-жөні есімде қалмапты, өзінен-өзі шапшып, тулап, «осы сіздер-ақ қазақ тілі деп қоймайсыздар, нәтижесінде біз көреміз қиындықты басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынаста» деп бөлмеден шығып кетті. Іс-шарада бірер сөз орысша айтқан болды да, тығыз шаруа бар еді деп тайып тұрды. Сайып келгенде, тіл мәселесінде орынсыз жалтақтап, бір орында тұрып қалғанымыз өкінішті-ақ. Шегінерге енді жол жоқ екені даусыз.

Қазір еліміздің тығырыққа тіреліп тұрғаны айдан анық және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен бұдан абыроймен шығатынымызға сенейік. Оған ұлтты ұйыстырар мемлекеттік тілдің үлесі зор болмақ. Жаңа Үкіметіміздің, Парламент отырыстарының қазақша өтіп жатқаны, Президентіміздің ұлттық телеарнаға берген сұхбатында «тілімізді сақтап қаламыз, тіл реформасын жасауымыз керек» деген сөздері болашаққа үміттендіреді.

Елімізде жаңару кезеңі, реформаландыру басталары хақ. Оның ішінде тіл саясатында да реформа керек екені даусыз. 30 жылдан астам уақыт бұрын шыққан «Тіл туралы» заңның мүмкіндігі толықтай сарқылды деуге болады. Сондықтан келесі тіл мәселесінде шығатын заң мемлекеттік тіл туралы болуы керек.

Мемлекеттің тілі жүрмейтін жалғыз мемлекет деген жаман аттан құтылатын заман келді, басқаға жалтақтаудың енді жөні жоқ. Тілімізді лайық­ты орнына көтеру еліміздің даму жолының кепілі болары сөзсіз, меніңше. Бар сөзімді қорыта келе, міндетті түрде орындалар бірнеше талапты атағым келеді:

– елімізде мектепке де­йінгі балабақшалар тек қазақ тілінде болу;

– дүниедегі ең алдыңғы қатарлы балалар әдебиетін, теле-кино туындыларын қазақшалау;

– мемлекеттік қызметкер міндетті түрде қазақша сөйлей де, жаза да білуі керек;

– ұлты қазақ азаматтардың ана тілін білмеуі қоғамда өрескел жайт болып қабылдану керек;

– мемлекеттік тілді үйренем деген басқа ұлт өкілдеріне әр қазақ қол ұшын беру керек;

– көшедегі жарнама, билборд, т. б. көрнекті үгіт-насихат құралдарын тек мемлекеттік тілде беру керек.

Көрнекті жазушы Дулат Исабековтің: «Ендігі көтеріліс қазақ тілі үшін болады» деген ескертпесі тек қате болжам болып қана қалғай!

 Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,

ҚР ІІМ құрметті ардагері

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button