Басты ақпаратСұхбат

Қажыбек Бекбосын, Қазақстанның халық әртісі: Астана біздің идеалымызға айналды

Дәстүрлі әншілер арасында өзінің бай репертуарымен көзге бірден түсетін Қажыбек Бекбосын ағамыз осы мамыр айында жетпіс жасқа толды. Айтулы мерейтой қарсаңында ағамызбен жолығысып, әңгімелесудің сәті түскен еді. Жетпіске келсе де бабын жоғалта қоймаған әнші ағамыз өмір жолы, өнер жолы жайында үлкен тебіреніспен сыр шертті.
Қажыбек ағаның орындауындағы Жетісу, Арқа және Батыстың әндері талай жүректі толқытқаны рас. Үш жүздің басын қосқан Абылай хандай, үш жүздің ән мектебін бір жүрегіне сыйғызған әнші ағамызға қойған алғашқы сұрағымызда осының сырын білуге тырысқан едік.

Бала кезден құлаққа сіңген ән
– Қажыбек аға, сіздің туып-өскен жеріңіз Талдықорған өңіріндегі Қапал ауданы ғой. Сонау еліміздің ба­тысындағы Мұхит ауылынан үш мың шақырымнан астам қашықтықта жатқан Қоңырда өскен қоңыр ұлдың батыстың әншілік мектебін меңгеруі біз үшін ғана емес, оқырмандар үшін де қызық шығар, осының сырын ашып берсеңіз…
– Өз басым мұнда сонша­лықты үлкен сыр жатыр деп ойламаймын. Шынында да адам, соның ішінде әнші адам өзі өскен ортасының өнерімен сусындап, соны бойына терең сіңіріп шығады. Оған талас жоқ. Сол қағидамен алғанда, мен Жетісудың майда қоңыр әндерімен қалыптасуға тиіс едім. Бірақ, тағдырым солай болды. Мен ауылдың бір шетін­­дегі бағанның басына орнатылған радио арқылы батыстың, соның ішінде атақты әнші Ғарифолла Құрман­ға­лиевтің оры­ндауындағы ән­дерді бала жасымнан бойыма сіңіріп өстім. Мен Ғарекеңнің дауысына оны көрмей-білмей құштар болдым. Радиодан ән салған дауысы естілсе, тұрған орнымда қатып қалып, селт етпестен тыңдайтын едім. Оның дауысындағы өршіл рух менің санамдағы әлдебір үнмен астасып, бірігіп тұтас бір дүниеге айналып жататындай әсер беретін. Мен ол үнді бағзы бір заманда естігендеймін, бі­ле­тін сияқтымын. Әйтсе де, қа­шан естідім, қай уақытта санама сіңген үн, әуез оны өзім де түсінген емеспін. Әйтеуір, ғажап бір күйге бөленетінім айдан анық. Бәрі осылай басталған. Батыстың әндеріне бірден бет бұруымның ең басты себебі – осы. Ал екіншіден, 1965 жылы Алматыға аттанғанда, сол жылы Қазақстанда «Қазақконцерт» жанынан алғаш ашылған эстрада-цирк студиясына оқуға қабылдандым. Менің тағ­дырыма әуел бастан солай таң­далып қойылған ба, оқу орны ішінен бөлген кезде тура Ғарифолла ағаның класына түстім. Өзім бала жасымнан дауысына сүйсінген адамның Алланың қалауымен тікелей дәріс беретін ұстазым болып шыққанына қатты қуан­ғаным әлі есімде. Өмір деген қызық қой, кейде тағдырың алдыңа шығып алып, бәрін өзі орайластырып, ыңғайластырып отыратындай көрінеді. Бала кезімде ауылдың қақ ортасына тұра қалып, Ғарекеңнің әндерін ұйып тыңдағанда, ер жеткенде оның шәкірті боламын деген ой басыма келді дейсіз бе? Мұны тағдырымның ерекше сыйы ретінде қабылдадым. Бала жастан жүрегіме сіңген ән болашақ тағдырымды осылай айқындаған. Ұстазымнан өнерді ғана емес, өмірде жолығар қиындықтарға да мойы­мауды үйрендім. Ол көреген кісі еді. «Қасыңда жүрген адамның өнері сенен биік болса, сен де өсесің. Содан үйреніп отырасың. Ал, қасыңдағы адамның өнері де, өресі де төмен болса, сен тамырына тұз кеткен ағаштай біртіндеп соласың» дейтін Ғарекең. Осы сөздің шындығына талай мәрте көз жеткіздім. Әсілі халықта «жақсымен бірге өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деп тегін айтпаса керек. Адам өзі деңгейлес, өзінен жоғары адаммен жақын болса, өзі де рухани жағынан өсе бас­тайды. Сондықтан рухани биіктегісі келген адам жүріп-тұрар ортасының өресіне мән бергені жөн, жақсымен жолдас болғаны абзал екен.

Менің академиям – сүйікті ұстаздарым
– Сіз өзіңіз осы тұрғыдан алғанда бақытты адамсыз ғой. Қазақ өнерінің алтын-жауһарларымен бірге жүр­діңіз, дәмдес болды­ңыз. Со­лардың ішінде кім­дер өмі­ріңізге ерекше із қал­дырды?
– Дұрыс айтасың, мен қай жағынан алғанда да бақытты адаммын. Өнер жолына алғаш түскенде қазақтың біртуар әнші-күйшілерімен қатар жү­руді, солардың көзін көріп, тәлімін алу бақытын бұйырған тағдырыма мың шүкіршілік айтамын. Әйгілі актер, режиссер Шәкен Айманов «Менің академиям – қазақтың шалдары» дегенді жиі айтатын еді. Сол айтпақшы, менің академиям – қазақ өнерінің көжиегінде бірегей қолтаңбасын қалдырып, ірі тұлғасымен елге танылған майталман өнер иелері – Қа­зақстанның халық әртістері – Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова, Рәбиға Есімжанова, Нұғыман Әбішев, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев және басқалары. «Қазақконцертте» табаны күректей отыз жеті жылдай еңбек еткен екенмін. Сол жылдарда қалың қазақ елі құрметтейтін өнер иелерінің бірқатарымен қызметтес, гас­трольдерде сапарлас болдым. Олардың жақсылығын көріп үйрендім, жандарында жүріп рухани жағынан жетіле түстім. Ал өмірімде ерекше із қалдырған өзімнің сүйікті ұстаздарым – Ға­рифолла Құрманғалиев пен Жүсіпбек Елебеков. Бұларды өнерге адал, талант пен адами жоғары қасиеттерін биік ұстаған жандар деп бағалаймын. Ол кісілер шәкірттерін де осы жолда тәрбиелеп, көп нәрсені бойымызға сіңірген еді. Өнерде тұрақты болудың үлгісін көрсетті. Оған бір мысал келтірейін, Жүсіпбек ағамыз шертпе күйді керемет орындайтын. Ол кісі «Көкейкесті» мен Әбікеннің «Қоңырын» тартқанда, жүректің қылын шерткендей әсерге бөленесің. Сондай бір кезде:
– Сіз дәулескер күйші екенсіз ғой. Халық алдында неге күй тартпайсыз деп сұ­рағанмын. Сонда ағамыз бір мырс етіп күлді де:
– Мен күй тартсам, Мағауия Хамзиннен кем түспес едім. Бірақ менің күй­ші­­лігімнен әншілігім жақсы, сол өнер жаныма өте жақын, – деп жауап берді. Өнер­дегі тұрақ­ты­лықтың, табан­ды­лықтың бұдан артық қандай үлгісі керек?! «Талантты адам – бар­лық істе де талантты» деген бар емес пе? Бір адамның бір­неше өнерге бейімі болуы – осыны айғақтай түседі. Бірақ, біз білетін Жүсекеңдер, бір ғана өнердің соңына түсіп, соны жеріне жеткізе меңгерді. Кейбіреулерге ұқсап, әр өнердің басын бір шалып, соңында өзге түгілі,
өзіне түсініксіз болып қал­ғандар да өмірде аз кез­дес­пейді. Осындайларға қарап қазақ атамыз «Екі ке­­менің басын ұстаған суға кетеді» деп ескерткен. Жү­се­кең­нің қасында көп жүр­ген­дік­тен, одан Арқа­ның ән­де­рін үй­рендім. Бұл менің өзіндік болмысымды қалып­тастыруға, репертуа­рымды байыта түсуге көмектесті.
– Қалың көпшілік сізді бір кездері Құрманғазы оркестрінің әншісі ретінде де танып қалған болатын. Бұл өнер ұжымында қанша жыл еңбек еттіңіз? Одан кейінгі өнердегі жолыңыз қалай өрбіді?
– «Қазақконцерттен» 1996 жылы Құрманғазы атын­дағы оркестрге сол кездегі Мәде­ниет министрінің бұй­ры­ғымен ауысқан едім. Менімен бірге жиырма шақты адам ауыс­тырылды. Ондағы мақсат – ұлт­тық өнерді одан әрі дамыта түсу болатын. Мен оркестрдің құрамында сегіз жыл еңбек еттім. Одан соң Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетіне барып, өнертану факуль­тетінде сабақ бере бастадым.
Бұл оқу орнына мені академик Рах­ман­құл Бердібаев пен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер, режиссер Райымбек Сейітметов және ұлттық өнердің қол­даушысы, зиялы азамат, танымал ректор Серік Пірәлиев арнайы ұсыныс айтып шақырған еді. Басыма бас­панасын беріп, барлық жағдайымды жасады. Өз алдына бөлек кафедра ашып берді. Содан бері бойдағы өнерімді, қазақ халқының дәстүрлі әнде­рін кейінгі ұрпаққа талмай үйретіп келемін. Хал­қыма, оның өнеріне қал-қадірім жеткенше осылай қызмет ете беретінім анық. Құдайға шүкір, төккен тер, адал еңбек далаға кеткен жоқ. Өнерге сі­ңір­ген еңбегіміз ескеріліп, 1992 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын алсам, арада алты жыл өткенде 1998 жылы «Қазақстанның халық әртісі» деген құрметті атаққа қол жеткіздім. Негізі, бұл атақтарға одан он жылдан аса уақыт бұрын ұсынылған едім, бірақ өмірдің де, өнердің де жолы тегіс тақтайдай бола бермейді. Кедер­гілер мен тосқауылдар да жиі ұшырасып жатады. Оның бәрін еске алып, өкпемді тарқатқалы отырғаным жоқ. Өзіне сенген адам, өнеріне сенген жан мұның біріне мойымайды. Еңбегің адал болса, ол түбінде бір ақталады екен. Соны кейінгі жастар ескерсін деген оймен ғана айтып жатырмын. Ал өзім әнді ешқа­шан ақша үшін, атақ үшін айтқан емеспін. Қашанда мойнымызда халық алдындағы жауапкершілік тұрды.

Бұрынғы әншілер бір-бір мектеп
– Қазақ ән өнерінің бір­неше мектептерге бөлінуі өнерде де бөлінушілікке әкеліп соқтырып жүрген жоқ па? Мысалы, өзіңізді әр мектептің өкілдері шет­қақпай қылған кезі болды ма?
– Өнерге келген әр адамның өзінің жолы болады. Үш жүздің әнін шырқау – ол менің өнердегі жолым, өзіндік ерекшелігім. Жалпы қай әншілік мектеп болса да, ол айналып келгенде бір ғана ұлттың – қазақ ұлтының ән дәстүрі. Біз мектепке бөлгенде кейбір ерекшеліктерін ажырату үшін ғана бөлеміз. Менің ойымша, бұрынғы әншілердің өзі – бір-бір үлкен мектеп. Мәселен, Әсеттің өзі бір мектеп болатын. Одан берідегі әншілер Жүсіпбек те, Манарбек те Арқаның әнін айтқанымен, стильдері бір болғанымен, айту мәнеріне қарай олардың әрқайсысын бір мектеп ре­тінде алып қарай алар едік. Тағы бір ұстазым Дәнеш Рақышев жайлы да осылай айтуға болады. Ол да – ән өнеріндегі өзінше бір әлем, қайталанбас құбылыс. Мен ол кісіні сонау бір кездерде-ақ бір мектеп санап, алдына арнайы барып ән үйренгенмін. Қазір алтын қорда Дәнештен үйреніп жаздырған 8 әнім бар. Біле білсеңіздер, Әсет Найманбаевты халқымен қайта қауыштырған осы Дәнеш Рақышев болатын. Дәнеш болмаса, Әсеттің әуезі бізге қалай жететіні белгісіз еді. Мектепке қатысты әңгіме шыққаннан ойыма оралып жатыр, баяғыда қазақтың бірегей, адуынды ақыны, өсек-өтірікке жаны қас үлкен шайыр Хамит Ерғалиевтің 70 жасқа толуына орай Атырауға концерт қоюға барған едік. Концерттен соң игі жақсылар бас қосқан үлкен жиын өтті. Сонда Хамаң: «Құрметті азаматтар, қазақта үш жүздің басын қосқан Абылай хан болса, үш жүздің әнін қосқан азамат, мына алдарыңда отырған біріңе іні, біріңе аға – Қажыбек Бекбосын» деген еді үлкен мінбеде тұрып. Хамит Ерғалиев ешуақытта көлгірсіп сөйлемейтін, ешкімге жағымсынған да емес, мінезі бірбеткей адам еді. Менің өнеріме осындай аузы дуалы ағаларым баға берді, бұл – халқымның берген бағасы. Ешкімнен шетқақпай көргенім жоқ, қайта өзіндік жолы бар әнші ретінде бағалады. Өнер адамы үшін бұдан артық құрмет, сый бола ма?!

Талантты ұлды қолдау аз
– Бір кездері Құрманғалиев, Елебековтен дәріс алған жас жігіт бүгінде жетпіске иек артып, ел ағасы жасына келді. Аға буын ретінде қазір өзіңізді не толғандырып жүр?
– Иә, жетпіске иек артқанда, өткен өміріңді жиі ой елегінен өткізеді екенсің. Біз өмірдің, өнердің жолын көрдік. Ел ағаларының халқына сіңірген еңбегінің, жастарға жасаған қамқорлығының куәсі болдық. 1965 жылы «Қазақконцерт» жанынан эстрада-цирк студиясын ашуға сол кездегі министр Ілияс Омаров көп еңбек сіңіріп еді. Мәскеуге әдейі барып жүріп, үлкен есіктерге бірнеше рет кірді. Бар абырой-беделін салып жүріп, осы оқу орнын ашуға қол жеткізді. Соның арқасында қазақ өнер­паздарының саны бірнеше есеге артты. Қазақтың өнері мен мәде­ниеті гүлденді. Студияны бітірген түлек­тердің ұйымдастыруымен әйгілі «Гүлдер» ансамблі құрылды. Бұл ансамбльдің қазақ өнерін насихаттауға қандай үлес қосқанын өздеріңіз білесіздер. «Гүлдер» де – қазақ өнері­нің бір үлкен тарихы. Студияның түлек­тері көбейген соң, елімізде тұңғыш рет цирк бой көтерді. Мұның бәрі – бір кісіден бастау алған үлкен еңбек, өлшеусіз еңбек. Ілияс Омаров оқу орнын ашып бергеннен кейін оның ойдағыдай жұмыс жасауына қаншама азаматтар еңбек сіңірді. Оның ең басында сол кездегі студияның директоры Гүлжаһан Ғалиева, Қазақ ССР халық әртістері: Ғарифолла Құрманғалиев, Қаныбек Байсейітов, Бекен Жылысбаев, Шара Жиенқұлова, Ыдырыс Ноғайбаев сияқты қазақ өнерінің көрнекті өкілдері еңбек етті, студенттерге үлгілі тәлім-тәрбиесін берді.
1965-1967 жылдары оқыған студент­тердің арасынан қазақ өнерінің дең­гейін көтерген өнерпаздар шықты. Олар: ҚР халық әртістері Сұлтанғали Шүкіров, Қажыбек Бекбосынов, Сара Қабиғожина, ҚР еңбек сіңірген әртістері: Әскербек Еңкебаев, Рақым Тәжібаев, Әлмірза Ноғайбаев.
Бүгінде өнер көгіне қанат қағып келіп жатқан жастар көп. Бірақ, солардың қанатының қатаюына Ілияс Омаров, Еркеғали Рахмадиев, Жексенбек Еркінбеков, Гүлжаһан Ғалиевадай қам­қорлық жасап жатқан азаматтар жоқ. Талантты ұлды қолдау арқылы қазақ өнеріне қолдау білдіріп, өміршеңдігін арттырамыз. Қазақ ұлтының келешегін біз осылай ғана жасаймыз. Оның басқалай жолы жоқ. Мені осындай ойлар толғандырады.
– Астанаға аяқ басқан сайын сізді қандай көңіл-күй тербейді?
– Астана – біздің Тәуелсіздігіміздің жемісі. Жас елордамыз Тәуелсіздік жылдары бой түзеп, еліміздің әр азаматының жүрегіне келешекке деген үлкен сенім ұялатты. Сол сенім бәріміздің ерік-жігерімізді, күш-қуатымызды, сүйіспеншілігімізді бір арнаға тоғыстырып, алға батыл қадам бастырды. Бір сөзбен айтқанда, Астана біздің идеалымызға айналды. Ендігі мақсат – біздің тәуелсіздігіміздің символы іспеттес жас елорданы, айбынды Астананы көзіміздің қарашығындай сақтау. Осыны әр қазақ жан-жүрегімен сезініп жүрсе екен, Астанамызды зор сүйіспеншілікпен құрметтесе екен деймін. Елордаға келген сайын осындай көңіл-күйге жиі берілемін.
– Әңгімеңізге рахмет! Мерейлі жасыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан:
Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button