Басты ақпаратҚоғам

Қажымұқанды қашанғы қажай береміз?

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, біз де қазақтың тарихын бұрмалап жүрген арсыздардың өтірігін әшкерелеуден шарша­йын дедік. Мұнымен айналысуға тиіс мыңдаған адамнан тұратын штаты бар министрліктер, институттар осы қазақты қорлап жүрген арсыздарды неге жөнге салмайды?

Мен М.Бекбаева түсірген фильм­нің қате екенін дәлелдеп, тиісті министрліктер мен «Хабар» АҚ, ресми ақпарат көздерінен бұл фильмді өшіріп, кешірім сұрап, ал Ғылым және жоғары білім министрлігі менің деректерім дұрыс екенін мойындап, менің жазған «Қажымұқан Мұңайт­пасұлы. Аңыз бен ақиқат» атты кітабымды қолдап, ғы­лыми кеңестің шешімін де берген болатын.
Біз «уф» деп, «Аллаға шүкір» дегенше Қанағат Мұстафин деген шықты. Әлімжан Құртаев сенатор кезінде осы фильмнің сценариін көріп, қателерін көрсетіп айтып, «түзет» деп кеттім» деп еді. Түзетпепті.

2022 жылы министрлікте талқылау өтіп, М.Бекбаева­ның фильмі қате екенін мо­йындатқан соң, осы министр­ліктің жауапты қызметкері телефон арқылы «Келесі жылы фильмді қайта түсіреді. Түсірер кезде міндетті түрде сізді шақырады. Біз мұны қадағалаймыз, сізбен хабарласып тұрамыз» деген еді. Хабарласпады.

 

Қанағат Мұстафиннің фильмінде де қате дегенің өріп жүр. Масқарасы сол, мұнда да «Қажымұқан қартайғанда отбасы аш қалыпты». Фильм­нің соңында Қажымұқан аш жанұясын тастап, үйден бе­зіп кетеді. Қанағат Мұстафин «Енді осы фильмді шетелге шығарамыз» дейтінін қайтерсің. Шетел емес-ау, өзіміздің кинотеатрларда көрсетуге тыйым салатын фильм. Қазақты қорлаған осындай жалған фильмсымақтар «шетелге шығаруға лайық па?» деп жатқан ешкім жоқ.

Ал енді мына бір Асланбек Қансарбаев деген тарих пәнінің мұғалімі, блогерсымақтың «Сенсация: кто убил Хаджимукана? Кому помешал Хаджимукан?» деп айқайлаған видеосын YouTube-тан көріп, естен тана жаздадық. Бұл видео кезінде Алматыдағы Республикалық архивтің директоры болған Марат Хасанаев деген кісі тап­қан, Қажымұқанның атынан 1945 жылдың 26 маусымында және 1947 жылдың 10 қаңтарында жазылған екі хаттың орысша аудармасы негізінде жасалған қате деректерді қайталайды. А.Қансарбаевтың бар «жаңалығы» М.Хасанаевтың айтқан қате деректерін барынша қоюлатып, айқайлатып, көрші Өзбекстан Республикасының басшылары: Өзбекстан КП ОК бірінші хатшысы Осман Юсупов пен Өзбек ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Юлдаш Ахунба­баевты мақтап, «1937 жылы Қажымұқанды НКВД-ның тұзағынан өзбектер құтқарды» дейді. Ал біздің Қазақстан Республикасының басшыларынан Қажымұқанға көмектесуі мүмкін еді ғой дегеннің бәрін мұқият тізіп шығып, осы басшы азаматтарды «қолында орасан билігі бола тұра көмектеспеді, қорықты» деп кінәлайды. Автор сол 1946 жылы Қаз КП ОК бірінші хатшысы болған «Геннадий Борков осыдан Қажымұқанның қазақтарға керек емес екенін түсінеді» деп өзінше «керемет жаңалық ашыпты».

Марат Хасанаевтың қате деректерін барынша пайдаланып, кінәлайтын Қазақстан басшыларын мұ­қият тізіп шыққан А.Қансар­баев Қажымұқанның өзіне қатыс­ты деректерге келгенде сауатсыздық танытқан. Ол Қажымұқанды «1917 жылдан 1937 жылға дейін Омбы облысының «Жаңа жол» колхозында малшы болды» дейді. Бұл жиырма жыл ішінде Қажымұқан Омбы қаласынан бастап, Ресей, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстанның қаншама қаласын аралағанын тіпті білмейтін сияқты.

«Қажымұқан 1938 жылы Қазақстанға қайта оралып, Шәуілдір ауданының Ленин туы колхозына келіп, қара жұмысшы болып орналасты» дейді. Ол тіпті Ленин туы колхозының Шәуілдір ауданында емес, Арыс ауданында екенін білмейді де.

«Соғыс басталғанда көрші колхоздарға өнер көрсетіп, бірнеше айда 100 мың сом ақша тапты» дейді. Ол Қажымұқанның қаншама облысты аралап, екі жыл (1942-1944 жж.) бойы өнер көрсетіп жиған ақшасы болатын.

Қажымұқанның спорттағы жетістіктерін тізе келе, «қартайғанда қазақтар Қажымұқанға қарамай қойды» депті. Өтірік. Мына мысалдарды қарайық:

1) Әлімқұл Бүркітбаев «Қажымұқан» атты еңбегінде Балтық жағалауы, Латыш елінің атақты палуаны Юхан Тиганенің жазбасын келтіреді: «Орынбордан ­Троицкіге шейінгі жол бойы үлкен-кіші түгел Қажымұқанның алдынан шығып қарсы алып, қонақ етіп отырды. Орынборда Қажымұқанға кездесіп, қасына еріп келе жатқан Тигане халықтың өз палуанына деген сүйіспеншілігін жазып қалдырған екен. «Мен ұлы мәртебелі дворяндар мен помещиктерге де халық мұндай құрмет көрсетеді десе сенбес едім» деп жазыпты ол. «Сол жолы Қажымұқан елінің қадірлі ұлы екенін өз көзіммен көрдім. Мынау айта-айта жүретін іс болды».

2) 1946 жылы Ақтөбеде Қажымұқанның үйінде болып жинаған деректері негізінде Әуелбек Қоңыратбаев Қажымұқан туралы «Баһадүр» атты кітабын шығарды. Осы кітапта Ә.Қоңыратбаев: «Сөйтіп отырғанымызда, бір жылқышы төрт қой, құлынды бес биені айдап әкелді. Па­луан далаға шығып:

– Бұл кімнің малы? – деп сұрады.
– Мынау сойысыңыз, батыр, мыналарды сауып ішерсіздер, – деді әлгі жылқышы.
Байқай келсек, бұл «Ақтөбе» колхозының беріп жіберген малдары екен» деп жазады.

3) Қажекеңнің қайраттанған келбеті.

Ахмет Бектаев, облыстық аурухананың жоғары категориялы дәрігері, Ұлы Отан соғысының ардагері:

«Ұлы Отан соғысы жеңіс­пен аяқталған соң, 1945 жылдың күзінде елге қайтып оралдым. Мамандығым бойынша (1937 жылы Самарқанд медицина институтын бітірген болатынмын) Темірлан селосындағы учаскелік ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалып, қызмет істеп жүргенмін. Бір күні мені сол кездегі Арыс аудандық партия комитетінің бірінші секретары Мырзахан Шораев шақырып, «атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов «Шілік» совхозынан Темірланға көшіп келгелі жатқанын, мен сол кісінің денсаулығын бақылап, қамқорлыққа алуым керектігін» айтты. Қажымұқанға Темірланның қасындағы «Ленин туы» колхозының бауы ішінен арнайы учаске бөлінді. 1946 жылдың жазында Қажекең сол жерге отбасымен көшіп келіп, үй тікті. Атақты палуанға ауылдың үлкен-кішісі күн сайын шұбап келіп сәлем беріп, оны қонаққа шақырысып жатты. Қажекеңнің үйінен адам арылмайды. Бұл колхоз председателі Ертай Тасболатовты біраз толқытты. Өйткені Қажекеңе келіп сәлем берушілердің көлік-малдары колхоз бауына едәуір зиян келтірді. Кейін оның да жөні табылды. 1948 жылдың жазында Қажекең Боралдай өзенінің бойында бие байлап, үй тіктіріп жатты. Сол жерде кенеттен қан қысымынан қайтыс болды. Оны бүкіл аудан жұртшылығы болып зор құрметпен жерледік».

4) Файзолла Үрмізұлы «Созақ өңірінде» атты естелігінде Қажымұқанның 1947 жылдың мамыр айында «Баба Түкті шашты Әзиз әулиенің басына зиярат етемін» деп әйелі Бибіжан екеуі Созақ ауданына келгенде, созақтықтар палуанды жібермей, күнде бір ауыл қонаққа шақырып бір ай жүріп қалғанын баян­дайды: «Ел аралаған Қажекең бірнеше соғып өткен Құмкент колхозына ай жүріп оралды».

5) Отар Жұмахан «Қажы­мұқанның соңғы сапары» атты мақаласында: «Палуан ауданда айдан аса уақыт болып, елмен, жермен танысты. Аудан қызметкерлері «сізге жапқан шапанымыз» деп 200 метр мата сыйласа, колхоздар алдына 80 қой салып берді» деп жазыпты.

6) «Мінай апа «…Бірде Созаққа барып өнер көрсетіп, бір қыздың қалың малына жететін мал айдап келді. Сол малды ауылдағы жетім-жесір мен мүгедектерге таратып берді. …Бір күні «палуан-ау, жасың болса келді, жаман айт­пай жақсы жоқ, өле кетсең де дүние керек емес пе?» деп едім, біраз тұнжырап отырды да: «…Елімде болса – менікі, менде болса – елімдікі! Дүние жинайтын болсам, ендігі алтыннан үй тұрғызар едім. Басқалар тоңып отырғанда, менің тойып отырғаным кімге керек?..» деген-ді» деп жазады шөпшегі Меруерт Ескермес.

А.Қансарбаев «1945 жылдан Қажымұқанның денсаулығы сыр бере бастады. Оған Қажымұқанның материалдық жағдайы төмен болғаны да әсер етті. Тіпті Қажымұқанның өз үйі де болмады, себебі Қажымұқан колхоз мүшесі емес еді» дейді. «Сондықтан атақты палуан колхоздың мал қорасында, колхоздың қой, сиыр, жылқыларымен бірге тұрды» дейді. Ол Қажымұқанға үкімет 1946 жылы бес бөлмелі, шиферлі, фундаменті бір метр үй салып бергенін тіпті білмейді. Ол кез үшін бұл үй хан сара­йындай еді.

А.Қансарбаев «Кто убил легендарного Хаджимукана? Кому помешал казахский борец?» деп айқайлатып жаза келіп, соңын «умер от голода и в полной нищете» деп аяқтайды. Өтірік.
Кезінде сталиндік саясаттың кесірінен жер ауып келген грек, неміс, шешен, ингуш, корей, т. б. халықтармен барымен бөлісіп, аман алып қалған қазақтар өздерінің бауыры әрі мақтанышы Қажымұқанды қалай аш қалдырады? Бұл миға сыймайтын ақымақтық қой.

Қажымұқанның қасында болған, көзімен көрген адамдар оның бір нәрседен таршылық көргені туралы айт­қан емес. Керісінше:

А) оның қаншама адамға көмектескені (мысалы, хатында айтылатын 10-15 отбасы);
Ә) үйіне келген қонақты қонақасын жегізбей жібермейтіні;
Б) 1944 ж. Отан қорғау қорына 100 мың сом жіберіп ұшақ жасатқаны;
В) 1945 жылдың күзінде ұлан-асыр той жасағаны, тойында Шәуілдір аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жүзбай Жүнісбеков пен Арыс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мырзахан Шораевтың тойбасшы болып, зыр жүгіріп қызмет жасағаны;
Г) сол аш деп жүрген кезеңде (1946 ж.) 52 жастағы Бәтима апа мен 41 жастағы Мінай апаның үстінен 22 жасар Бибіжанға үйленгені, одан 1948 жылы Жанаділ атты кенже ұлын сүйгені;
Ғ) 1947 жылы КСРО-да ақша реформасы болғанда, банкке бір қап ақша әкеліп ауыстырғаны айтылады.

10-15 жанұяға көмектесіп жүрген, қайтыс болардан жарты жыл ғана бұрын қаппен ақша ұстап жүрген адам қалайша аш болады? Біз осының шындығын тексеру үшін Марат Хасанаев басқарған архивте екі ай отырып құжат қарадық. Таңғаларлығы, дәл осы архивте Қажымұқанға 1 шілде 1946 жылдан 500 сом, 1 қазан 1946 жылдан балаларына 200 сом, барлығы 700 сом дербес зейнетақы тағайындалғанына толық деректер таптық.

Қажымұқан қайтыс болған 1948 жылғы тамыздан 500 сом пенсия тоқтатылған. Ал Қажымұқанның ұлдары: Айдархан пенсияны 1961 жылдың аяғында медучилищені бітіргенге дейін, Жанаділ 1970 жылы институт бітіргенге дейін алып тұрған екен.

А.Қансарбаев «Қажымұқан қайтыс болардан бір күн бұрын 11 тамыз 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облыс­тық спорт комитетінің төрағасы Федор ­Николаев Мәскеуден келген журналисті Қажымұқанға алып келді. Мәскеулік журналист Қажымұқаннан интервью алды» деген деректі айтады. Облыстық басшылар Мәс­кеуден келген журналисті Қажымұқанға жағдайы нашар болса жолатпас еді ғой. Жағдайы жақсы болған соң ғана сенімді түрде жолықтыр­ған. Тек соны түсінуге автордың санасы жетпесе керек.

Енді осының бәрін қалайша түсінеміз? Олар осындай арсыздықпен ұлт мақтанышы, халқының атын бүкіл әлемге танытқан қазақ спортының атасы Қажымұқанды қорлап жүргенін және бұл тек па­луанды ғана қорлау емес, күллі қазақты қорлау екенін түсінбейді ме?

Біздің топшылауымызша, Қажымұқанның нағыз өмірін дәлелдейтін қаншама нақты дерек болса да ескермей, біз тілге тиек еткен фильмді жасаушылар алдына бір ғана мақсат қойған секілді. Ол – қазақтың сорлылығынан Қажымұқанның қалай қор болып өлгенін көрсету. Сол арқылы аңқау қазақ жастарын өз халқынан безіндіру, мәңгүрттендіру. Олар мақсатына жетіп те жатқан сияқты. Себебі осы материалдарды көрген мыңдаған жастың ­комментариін оқысаң жүрегің ауырады. Жалған ақпаратқа сеніп қалған жастарымыздың санасы уланып жатыр. Қазақ, қайда барасың?..

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ, өлкетанушы,
қажымұқантанушы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button