Басты ақпаратРуханият

Қажырлы қайраткер

Елімізде билік инс­титуттарының қалыптасуына, парламентаризмнің негізін қалауға, кәсіподақ қозғалысының дамуына, қазақ геология ғылымының ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов­тың тұлғалық болмыс-бітімін, кісілік қабілет-қасиетін дәріптеу – біздің азаматтық міндетіміздің бірі. Биыл 90 жылдығын атап өтетін тарихи тұлғаға арналған алғашқы жиын Парламент қабырғасында өтіп, оған депутаттар, Үкімет мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Әрі бұл қайраткерге арналған соңғы жиын еместігі анық.

Қаратай Тұрыс­ұлын бірегей тұлға деп айтуға толық негіз бар. Кеңес дәуірінде қарапайым геологтан бастап Үкімет басшысының орынбасарына дейін, аудандық партия хатшысынан орталық компартия хатшылығына дейін, Қазақстан кәсіподағы төрағасынан Бүкілодақтық кәсіподақ орталығы хатшысына дейін өскені оның қай қызметті қолға алса да, жетістікке жететінін аңғартса керек.

Қаратай Тұрысұлы – Қарағанды облысындағы «Көктасжал» мыс кен орнын ашқан азаматтардың бірі. Айта кетейін, бұл орында кен өнеркәсіптік әдіспен әлі де өндірілуде.

ХХ ғасырдың 70-жылдары Торғай облысын құру туралы бастаманы алғаш көтергендердің бірі Қаратай Тұрысов еді. Сол кездері бастамашыл топтың құрамында Юрий Трофимов, Мақтай Сағдиев, Евгений Башмаков, Өзбекәлі Жәнібеков те бар.

Сөзімізге арқау болған тұлға Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюы, жаңа ғана егемендігін алған елде парламентаризмнің тұрақталуы жолында көп еңбектенді. Күрделі кезеңде Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Экономикалық реформа жөніндегі комиссия төрағасы, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін жауапкершілікпен атқарды

Обком хатшысы ретінде Қаратай Тұрысов Торғай өңірінің өндірістік дамуы мәселелеріне жауапты болды. Аймақтың өндірістік әлеуетін нығайту жолында жүйелі жұмыстар атқарылды. Ет, құрылыс комбинаттары, тігін және керамика фабрикалары, автокөлік кәсіпорындары, әуежай, теміржол станциясы және басқа да өндіріс ошақтары ашылды. Соның бірі –­ Торғай боксит кен басқармасы екені белгілі. Дәл осы мекеме боксит өндіруді үдетіп, қала құрушы деңгейге жетіп, облыс қазынасын толықтыруға зор үлес қосты.

КСРО-ның бас қаласы Мәскеуде қызмет атқарып, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан санаулы қазақ болса, соның бірі – Қаратай ағамыз. Ол – Бүкілодақтық кәсіп­одақтардың орталық кеңесінің хатшысы болды және БҰҰ Бас ассамблея­сына Қазақстан делегациясын бастап барған бірінші қазақ және Төлеген Тәжібаевтан кейін жоғары мінбеден сөйлеген екінші қазақ. Кеңпейілді азамат қазақтың ұлттық өнерін қатты құрметтеді және мәдениетін терең түсінді. Көз көргендер оның Мәскеудегі шаңырағында ақындар, шығармашылық өнер өкілдері жиі аялдайтынын айтатын.

Қаратай Тұрысұлы экономика моделін өзгертуге ерен еңбек сіңірген алғашқы реформатордың бірі еді. Экономикалық реформа жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы ретінде республика үшін маңызды салалық актілерді дайындауға кірісті. Саяси жүйе, экономика бағыты өзгерсе де, заман ағымына сай еңбек ете отырып, оң нәтижелерге қол жеткізу – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Жаңа орта терең білім, іскерлік қабілет пен жоғары біліктілікті талап етері сөзсіз. Бұл қасиеттер Қаратай Тұрысұлы бойынан анық аңғарылатын

Сөзімізге арқау болған тұлға Қазақстан тәуелсіздігінің ­нығаюы, жаңа ғана егемендігін алған елде парламентаризмнің тұрақталуы жолында көп еңбектенді. Күрделі кезеңде Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Экономикалық реформа жөніндегі комиссия төрағасы, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін жауапкершілікпен атқарды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары күрделі кезең болғаны белгілі. Ескі жүйе құлап, мемлекет жаңа жолын айқындау мен нарықтық экономиканы құру бағытындағы қадамын жасады. Кейбір реформаны енгізуге қарсы болғандар болды. Халықтың сол кездегі танымы, бұрынғы партноменклатура өкілдерінің қарсылығы біраз кедергі келтірді. Барлығы жаңа бағытқа бейімделу кезеңін бастан өткізді.

­Дәл осы кезде Қаратай Тұрысұлы экономика моделін өзгертуге еңбек сіңірген алғашқы реформатордың бірі болды. Экономикалық реформа жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы ретінде республика үшін маңызды салалық актілерді дайындау­ға кірісті. Саяси жүйе, экономика бағыты өзгерсе де, заман ағымына сай еңбек ете отырып, оң нәтижеге қол жеткізу – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Жаңа орта терең білім, іскерлік қабілет пен жоғары біліктілікті талап етері сөзсіз. Бұл қасиеттер Қаратай Тұрысұлы бойынан анық аңғарылатын.

Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің экономика және қаржы бағыты бойынша орынбасары қызметін атқарып жүргенімде, Қаратай Тұрысұлы Парламент Мәжілісінің салалық комитет төрағасы ретінде өңірге сапармен келді. Жанында сол комитет мүшелері, депутаттар да бірге жүрді. Әр аймақта көшпелі отырыстар ұйымдастырып, елдегі экономикалық мәселелерді талқылайтын. Ол жерде тек өзекті сұрақтар көтеріліп қана қоймай, нарық жағдайында сала мамандарынан қандай әрекет қабылдануы керектігі де қозғалатын. Елде сапалы кадрлар әзірленбей, өзгеріс енгізу қиын болатынын Қаратай Тұрысұлы үнемі айтатын.

Кейін Еңбек министрінің орынбасары лауазымында жүргенімде де Қаратай Тұрысұлымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедім. Мәжілістегі салалық комитет отырыстарында тиісті заңдарды қарастырған кезде ол кісі үнемі жоғары азаматтық позицияны ұстанатын. Мемлекет бюджеті көбіне әлеуметтік салаға бағытталуы керек деген ұстанымына берік болатын. Соның арқасында Еңбек министрлігінің ұсыныстары Парламент қолдауына ие болып, олар халыққа қарастырылған жеңілдіктер мен қаржылай қолдаулардан көрініс тапты. Қаратай Тұрысұлы депутаттық қызметте азаматтардың әлеуметтік жағдайына басымдық бергеніне барлығымыз куәміз.

Қанша қызу пікірталас болса да, Қаратай Тұрысұлы өзінің байсалды, байыпты қалпынан танған емес. Бұл ол кісіні өзгелерден даралайтын мәдениеттілік, білімділік қасиетінен деп білемін. Ауылда өсіп, қазақы тәрбие көрген ол туған тілін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін ерекше құрметтейтін. Дәл осы қасиет адамдармен тіл табысуда септігін тигізсе керек-ті.

Мұндай тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына еңбек ұжымдарында, партиялық, атқарушы, кәсіподақ органдарда жұмыс істеуі оң әсер етті. Қаратай аға қызмет бабымен Кеңес Одағының әр қиырында болды. Баренцев теңізіндегі балықшылармен де, Коль түбегіндегі «Ленин» арктикалық атом мұзжарғышы командасымен де тілдесті. Мұның барлығы тұлға бойында ұстамдылық, толеранттылық пен дипломатиялық қасиеттің орнығуына әсер етті. Сондықтан да Қаратай Тұрысұлын көпшілік медиатор ретінде де таниды. Себебі ол көзқарастары мен ұстанымдары мүлде қарама-қайшы адамдармен тіл табысып, ортақ бағытқа ұйыстыра білетін.

Бір сөзбен айтқанда, ­Қаратай Тұрысұлы – Мемлекет басшысы айтқан халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтқан «Адал азамат» бейнесіне толығымен сай келетін тұлға.

Тамара ДҮЙСЕНОВА,

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің орынбасары

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button