Қазіргі қазақ прозасы қандай?

Бас қаладағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, әдебиеттанушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаеваның шығармашылығына арналған «Қазіргі заманның прозасы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Қаламгердің мерейжасына орай ұйымдастырылған іс-шара барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаттары оқылды. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің жылы лебізін «Руханият» мекемесінің директоры Арман Шеризат жеткізді.
Кештің құрметті қонақтары жазушы туралы, оның шығармашылық жетістіктері жайлы пікірін айтты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов «Айгүл Кемелбаеваның романдары, повестері, әңгімелері әдебиеттануға, мифологияға, философияға, халықтық символдарға қатысты өте терең» деп баға берсе, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайым «Айгүл Кемелбаева есімі «Жалын» журналының жабық бәйгесінде жарқ ете қалған болатын. Айгүл Мәскеуде оқығанда мүйізі қарағайдай тұлғалардан дәріс алып, шет ел әдебиетімен сусындаған еді. Қазір елімізге танымал жазушы.
«Шолпанның күнәсі» киносценарийі ғажап! Ойлары тұжырымды. Бұл сценарий авторының да үлесі» деп тілегін білдірді. Ақын Сұраған Рахметұлы жазушының «Рағид» әңгімесінің ерекшелігіне тоқталса, белгілі сыншы Амангелді Кеңшілік Айгүл Кемелбаева прозасының ерекшелігі ешкімге ұқсамайтынын, өзінің жаңа дәстүрімен келген жазушы екенін айтып өтті.
Іс-шараны жүргізген ақын, Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жазушыны мерейтойымен құттықтады. Белгілі жыршы Елмұра Мәдиқызы мен Айшагүл Манас әннен шашу шашты.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ