Талайғы тарихТаным

Қазтай Құндақұлы кәмпескеге қалай ұшырады?

Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік архивінде Ақмола өңірінен шыққан, ықпалды бай болған 47 адамның жеке істері сақталған. Солардың бірі – 1883 жылғы Қазтай Құндақұлы, кезінде Құндақ қыстауы, қазіргі Ақкөл (бұрынғы Моншақты, Азат, Сталин, Алексеевка) тумасы.

[smartslider3 slider=503]

Орда бұзар отыз жасында отбасы үшін ағаштан зәулім үй салдырған. Күрсары керейлерінің 40 жыл болысы болған Құндақ байдың ұрпағы. Әкесі баласын еркелетіп Қазтай атап кетіпті, шын есімі Ғабдұлғазиз екен. Өз заманында Құндақтың әкесі Кәдір Меккеге екі рет барып, екіншісінде елге оралмаған. Ол жақтан «Қазақ шежіресін» тауып, елге жеткізуді аманат етіпті, артында қалған балалары арғы тегін осы шежіреден тарқатады. Ел арасында Құндақ әулеті Ақкөл, Бұланты өңірін билеген деседі, тіпті атағы Ақмола, Көкшетауға кеңінен танылған. Алайда кеңес өкіметі кезінде атадан мұрагерлік жолмен қалған мал-мүлкін көбейтіп, ұқсатып отырған Қазтайға «қазақ ауылын советтендіруге қарсы шықты» деген айып тағылып, 1928 жылы аудандық комиссиясының шешімімен бар мал-мүлкінен айырылады. Архив құжаттары бойынша осы жылы ақмолалықтардың тәркіленген мал-мүлкі есебінен бірнеше ондаған байлардың қорлары құрылған. Кәмпес­келеу кезінде Қазтай байдың қорынан да едәуір мал-мүлік бөлініп, ауылдың кедей отбасыларына үлестірілген. Көп кешікпей ақмолалық 47 бай отбасыларымен және бауырларымен бірге Ақмола округінен Гурьев (Атырау) округіне жер аударылады.
Қазтай – арабша өте сауатты болған адам. Соның нақты бір дәлелі – 1928 жылдың қазан айында кәмпескелеу жөніндегі жергілікті аудандық комиссияның жұмысына көңілі толмай, совет өкіметінің заңсыз әрекетіне қарсы жазған арабша шағымы. Бұл туралы бұрынғы Азат аудандық архивінде сақталған төрт істің бірінде көрсетіліпті. ҚР ОМА қорларында да құжаттар кездеседі. Қазтай келіні Жеңіс Мәжитқызының айтуынша, шағымның толық мәтінін қазақшалаған Зияда Ижанов. Өкінішке қарай, 1928 жылдың желтоқсан айында Қазтай Құндақұлының бұл шағымы кері қайтарылып, оң шешімін таппайды. Араға үш-төрт жыл салып Қазтай ашаршылық шегіне жеткен 1932 жылы Омбы жаққа жеткенмен, көп ұзамай бақилық болады, сүйегі Омбы маңындағы Жанақ деген жерде жатыр. Бүгінде Қазтайдың ұрпақтары аталарын жас ұрпақтың жадында мәңгілік сақтау мақсатында совет заманында мемлекеттік мекемелердің қарамағына өтіп кеткен ағаштан салынған Қазтайдың үйін сатып алып, оны тарихи-өлкетану мұражайына айналдыруды көздейді. Алғаш рет 1914 жылы Азат ауылында бой көтерген бұл шаңырақ бүгінде Ақмола облысына қарасты Ақкөл қаласындағы Ш.Ұзақбаев атындағы көшеде орналасқан. Мақаламыз­ға «Алаш мирас» (Народное наследие) құжаттар жинағында жарияланған Қазтай Құндақұлының 1928 жылғы орталық комиссияға жазған шағымы, тәркіленген мал-мүлкінің тізімі, толтырылған анкеталар мен актілер және кедейлерге берілген куәліктер арқау болды.
Қазтай Құндақұлының мәуелі әулеті
Ақмола өңірінен шыққан ықпалды бай, бұрынғы болыс билеушісі Қазтай Құндақұлы 1883-1932 жж. өмір сүрген. Ол 45 жасында «ірі бай», «ықпалды ру басы» және «бұрынғы болыс» ретінде кәмпескелеу науқанының қармағына ілігеді. Құндақ ұрпақтарының мәліметінше, ол үш рет үйленген, бір қызығы, үшеуі бір үйдің қыздары (Айшөк, Кәмилә, Көштай (Күлшара) болған. Солардан 6 ұл, 3 қыз – барлығы 9 бала болған, «болыс Құндақ өзінің 20 жасқа толған жалғыз ұлы Ғабдолғазизге (Қазтайға) Сәдуақас Көпенов деген ірі байдың 15 жастағы Айшөк есімді қызын алып береді. Ол 1 ұл, 1 қыз туады (1904 жылғы Тотай және 1906 жылғы Қорлығайын, соңғысы 1991 жылға дейін өмір сүрген), алайда 20 жасында қайтыс болады. Әкесі өте ақылды адам екен: «немерелерім өгей шешенің қолында жалтақ, именшек болып өспесін» деп, 19 жастағы екінші қызы Кәмиләні Қазтайға ертіп жіберіпті. Кәмилә Қазтайдан 2 сәби (1911 жылғы Рәпіш (Ризуан) және 1916 жылғы Сағынай) туып, ол да 25 жасында қайтыс болады. Бірақ ата-анасы Кәмилә тұрмысқа шыққан кезде оның қасына 13 жасар үшінші қызы Күлшараны (Көштайды): «әпкелеріңнің балаларын бағуға көмектес» деп бірге жіберіп отырған. Кәмилә қайтыс болған соң, араға 6 жыл салып, Қазтай 21 жасқа келген осы Күлшараға (Көштайға) үйленеді. Сөйтіп Көштай Қазтайдан 5 құрсақ көтереді, 3 ұл (1926 жылғы Әлихан, 1928 жылғы Төлеутай (Төлеш), 1931 жылғы Қайырғали), 2 қыз (1922 жылғы Әдибә, 1924 жылғы Әдия). Көштай бертінде 1980 жылы 80 жасында қайтыс болды. Бұл арада айтарлық нәрсе: Сәдуақас апалы-сіңлілі 3 қызын бірінен соң бірін басқаға емес, тектінің тұяғы деп Қазтайға берген.
Қазтайдың 1926 жылғы баласы Әлиханның қолжазбаларында «Көштай – Қаныш Сәтбаевтың жиені» деп жазылған. Анығында, Қазтай Құндақұлының бір туған үш әйелінің анасы – Зәкі, атақты ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантайдың қарындасы Шәмшіқамардың қызы екен. Немересі Зәкіден туған шөбересіне Күлшара деп ат қойған Имантай деседі. Олай болса Қазтайдың үшінші әйелі Күлшара (Көштай) Қазақ ССР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың жиені болып шығады.
Отағасы Қазтай қайтыс болғаннан кейін 5 баламен қалған Көштай ашаршылық жылдары тағдыр тауқыметін тартады. Ақырында тағы да әмеңгерлік жолмен төрт атадан қосылатын тумасы Кәрібай Елеуов деген азаматқа қосылған. Әлихан Қазтайұлының жұбайы Жеңіс Мәжитқызының мәліметінше, Кәрібай атаның «еңбек сіңірген мұғалім» атағы болған, өте жайлы, жақсы адам дейді. Одан 1940 жылы Жайық, 1945 жылы Байкал есімді балалар туады. Күрсары керей руының шежіресін қарасақ, Әлиханның өз жұрты да, нағашы жұрты да атақты би, болыс, бай адамдар болған. Айталық, өз жұртынан Бертіс атасы би болса, Кәдір, Құндақ аталары 40 жылдан астам болыс болған, олардың ісін Қазтай жалғастырады. Ал нағашы жұртынан анасының 1896 жылғы ағасы Мұхтар Көпенов те «ықпалды бай әулетінен» шыққан, олар да бүкіл әулетімен қудаланған. Бұдан шығатын қорытынды, Әлихан Қазтайұлы, қай жағынан алсақ та, ауқатты, ірі бай тұқымынан шыққан тектінің тұяғы.
Жазушы Сарбас Ақтаевтың «Текті әулеттің тұяғы» (22.01.2016) атты мақаласында 90-ға жақындаған шағында өмірден озған «ерекше кәсіби редактор» Әлихан Қазтайұлының атақты Жанботадан кейін Күрсары керейлерінің болысы болған Құндақ байдың ұрпағы екенін айта келіп, Қазтай (Ғабдұлғазиз) – ата салтымен кейін бүкіл Ақкөл, Бұланды өңірін билеп, аты Ақмола, Көкшетауға кең жайылған атақты болыс. Бай-болыс десе аза бойы қаза тұратын совет өкіметінің көзіне сүйелдей қадалып, билігімен қоса, мал-мүлкі түгел тәркіленіп, кезінде Атырау жаққа жер аударылғаны, одан Омбы жаққа көшіріліп, 32-нің ашаршылығы тұсында Жанақ ауылында дүниеден өтіп, сүйегі туған жерден алыста қалғанын жазады. Ел аузында Құндақ болыстың Омбы, Атбасар, Тайынша базарларына бірнеше мыңдаған жылқы мен қойды айдап барғаны, тіпті жылқының жасын тұяғына қарап танығаны туралы әңгімелер де сақталған.
Әлихан Қазтайұлының қолжазбаларында әкесінің Орынборға барғаны, онда Алашорданың жетекшісі Әлихан Бөкейханмен танысып, тез тіл табысып кеткені туралы айтылады. «Бөкейхановтай жақсы азамат болсын» деп осы баласының атын «Әлихан» қойған екен. Қазтаймен сөйлесуге келген адамдар оның атын атамай, «мырза» атап кетіпті.
Орталық комиссияға жазылған шағым
Өкініштісі, ел арасында беделді, сыйлы, тіпті «мырза» атанған Қазтай совет өкіметі толық орнағаннан кейін «ру басы, болыс, бай, үстемдік етуші» атанып, ақырында 1928 жылы негізсіз айыпталып, отбасымен бірге жер аударылады. Архив құжаттарында да «Қазтай Құндақұлы бұрынғы болыс­тық басқарушы, ықпалды «ақсақал», тұрақты үш батырақ қызметшісі бар, ірі бай әулетінен шыққан» деген нақты мәліметтер көрсетілген. Әлихан Қазтайұлының қолжазбаларында да «ол кезде мен небәрі 2 жастамын» делінген, сонда өзінен кейінгі кіші інісі Қайырғали Атырау жақта туған.
1928 жылдың 10 қазанында барлық мал-мүлкі тәркіленген Қазтай Құндақұлы әділет іздеп шырылдап, орталық комиссияның атына арабша шағым жазады. Онда:
«Қазақстан Орталық атқару комитетінің 1928 жылғы 27 ағұстағы заңы бойынша жергілікті комиссиялар менің өзімді жер аударып, малымды кәмпескелеуге қаулы қылды. Қаулының кәмпескелеу жағын орындап, малымды алып болды. Өзімді осы октябрьдің 19-ы күні жер аударып жөнелткелі отыр. Мен жергілікті жерлердің бұл қаулысын заңға сыйымды қаулы деп білмеймін. Заңнан шетке шығып кетіп отыр. Қалай болса солай жасалған қаулы деп білем. Және де әділдікпен тексергенде бұзылатын қаулы деп білем. Өйткені:
1) Біздің отырған Азат ауданы Халық комиссарлар кеңесінің осы жылғы 30 ағұстағы қаулысы бойынша жартылай көшпелі аудан деп танылған еді. Жергілікті мекемелер еш дәлелсіз менің шаруама отырықшы деп ат қойып отыр. Ондағы мақсаты менің аз ғана малым кәмпескеленетін мөлшерге жетпейтін болған соң отырықшы шаруа деп ат қойып жеткізбекші болған еді. Онда да жетпейтін болған соң, бұрынғы күнде маған еншілес болып жүріп бірнеше жылғы бөлініп кеткен Шопан Әбжатұлының малын әкеліп, менің малыммен қосып есептеп, әрең толтырып отыр. Сонымен менің малымды алу үшін менімен атасы басқа, еншісі бөлек, елі басқа кедей шопанның аз ғана малын босқа күйдіріп, өзіне нақақтан менімен бірге жер аударғалы отыр. Жергілікті мекемелердің бұл қылығын заңды қылық деп айтуға болмайды.
2) Маған қойып отырған бір кінәсі бұрын болыс болған дейді. Менің ұлыс болыс болғаным рас. Бірақ өкіметтің заңында айтылған болыстық бұл болыстық емес. Бірнеше жыл үзілместен болған көп жылғы болыстық. Жергілікті мекемелердің мұны дәлел қылып отырғаны өкіметтің заңын жөндеп ұғынбағандық деп білем.
3) Менің өзімнің де, әйелімнің де денсаулығы нашар болғандықтан, жаздай Бурабай курортында дәрігерге көрініп, дәрігердің арқасында ғана жан сақтап жүрген жайымыз бар еді. Оның үстіне балаларымыз да шиеттей жас еді. Осындай күйде қыстың көзі қырауда, аш-жалаңаш шұбырып жат ел, шет жерде айдалып бару бізге өте ауыр жаза болып тұр. Сондықтан жергілікті мекемелердің маған қатысты жасалған қаулысын бұзып, өз еліме қайтаруға рұқсат етсеңіз екен. 1928 жылы октябрьде шағым беруші Қазтай Құндақұлы».
Қосымша түсініктеме бере кетейік, саяси науқан кезінде қабылданған «Байлардың шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы» қаулы (27.08.1928) бойынша көшпелі аудандарда 400-ден артық, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден артық, ал қалған аудандарда 150-ден артық малы бар байларды тәркілеу көзделген. Архив құжаттарында Қазтай Құндақовтың 1928 жылдың 1 қаңтарында жасалған мал-мүлкінің тізімі бойынша жылқы – 163, ірі қара – 50, ұсақ мал – 156, түйе – 5. Барлығы – 374. Алайда жергілікті комиссия жартылай көшпелі ауданға кіретін Азаттың Қазтай сынды байларын отырықшыға айналдырып, заңсыз әркеттерге барған, жетпеген мал басын ағайын-туыстарының мүлкімен қосып есептеген. Жалпы алғанда, Арқа өңіріндегі кәмпескелеу науқанын бақылау жұмыстарына орталық үкіметтің өкілі Садықбек Сапарбекұлы бастаған ақмолалық 131 адам тартылған, олар жергілікті комиссия өкілдерімен бірлесе қимылдаған.
Өкінішке қарай, Қазтайдың шағымында көрсетілген әділетсіздіктер Қазатком төрағасының орынбасары Ә.Жангелдиннің тікелей тапсырмасымен арнайы қаралғанмен, хатшысы Асылбеков, кәмпескелеу бойынша Ақмола округтік комиссияның төрағасы Козлов пен хатшысы Муценектің қолтаңбасымен «соттың шешімімен және аудандық комиссияның қаулысымен Қ.Құндақұлы мен Ш.Әбжатұлының шаруашылығы бірыңғай деп мойындалады» да, шағым кері қайтарылады. Осы ретте тағы да айтарымыз бар. Мынадай қарама-қайшылықты қараңыз, Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік архивінің 241-қорында сақталған ақмолалық 47 байдың жеке істеріндегі анкеталар мен актілер, сәйкесінше кедей-батырақтарға берілген куәліктерге қарап, аудандық комиссия­ның шешімімен әрбір байдың жеке қоры ашылып, сол қорлардан көмекке мұқтаж ауылдың кедейлеріне мал-мүлік бөлінгенін, байлардың қоры арқылы аз да болса олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын шешуге талпыныс жасалғанын байқадық. Бірақ совет өкіметінің жергілікті өкілдері бұл әрекеттерін, Қазтай Құндақұлының шағымында айқын көрсетілгендей, ауқатты адамдардың мал-мүлкін заңсыз жолдармен қаулыға сәйкес белгіленген межеге жеткізіп, адам құқықтарын бұзғанын, байларды да материалдық және моральдық шығынға батырғанын қалай түсінуге болады?! Олар онсыз да кәмпескелеуге қарсылық акциясы ретінде мал-мүлкінің едәуір бөлігін үкіметке емес, ауылдағы жақын ағайын-туыстарына үлестіріп бергенін қайда қоямыз?!
Кәмпескелеу науқанында жергілікті билік өкілдері әділетсіз қаулылар шығарып, солтүстіктегілерді батыс аймаққа немесе керісінше, ауылды ұстап отырған ауқатты топтың беделді өкілдерін жан-жаққа шашыратып, ішкі миграцияның да астан-кестеңін шығарған. Сонда мұндай өрескел заңсыздықтардың жаппай орын алуына жол бергендер кімдер? Қазтай Құндақұлы көрсеткендей, орталықтың жергілікті атқарушы өкілдері ғана ма, әлде басқа да себептері болды ма?.. Осы сарындас сауалдарға жауап беру үшін тарихшыларға әлі де архив қорларын асықпай ақтарып шығуға тура келеді. Бұл, әрине, көп уақытты қажет етеді. Архив «өндірісіндегі» ғалымдардың қазіргі ізденіс жұмыстары тез арада өз нәтижесін бере қоймасы анық. Қалай десек те, біздің миссиямыз – жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ақмолалық бір отбасының күнделікті өмір тарихын жазу арқылы 1920-30 жылдардағы қазақ қоғамының шынайы бет-бейнесін көрсету және әртүрлі категориядағы құрбандардың ақталған-ақталмағанын анықтау.
Қуантарлығы, еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазтай Құндақұлы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» 1993 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасының заңына 2000 жылдың 30 қарашасында енгізілген толықтыруларға сәйкес ақталған. Алматы қаласы Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменті тарапынан 2005 жылдың 30 желтоқсанында Әлихан Қазтайұлына ҚР «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңымен бекітілген жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдалану құқығы бар куәлік (сериясы РГ №7611) берілген. Кәмпескелеу науқанында әкесі Қазтайдың қорынан бөлінген мүлікті пайдалану құқығы бар мұндай куәліктер совет өкіметінің қаулысымен өзгелерге берілсе, тәуелсіздік жылдары оның өтеуі Қазтайдың өз ұрпағына бұйырды. Оның совет өкіметінің 1928 жылғы қаулыға қатысты талабы еліміздің 1993 жылғы заңына сәйкес орындалды.

Күлпаш ІЛИЯСОВА,

тарихшы-ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің қауымдастырылған профессоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button