Басты ақпаратМәслихат

ҚАЗЫНАНЫҢ ЕСЕБІ ҚАРАЛДЫ

Бас қаланың былтырғы бюджеті қалай игерілді? Осыны негізге алған мәслихат депутаттары елорда қазынасынан бағдарламаларға бөлінген қаражатын түгендеді. Сессия жұмысына Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысып, күн тәртібіндегі басты мәселе – елорданың өткен жылғы қаржы қозғалысының есебін тыңдады.

Астананың бас қаржыгері Бекбол Сағынның мәліметіне сүйенсек, 2011 жылы қала бюджетінің кірісіне 342 717,0 млн теңге түсіп, жоспар 4 192,6 млн теңгеге артық орындалды. Бюджеттің жеке кірістерінің жалпы көлемі 95 688,1 млн теңгені құрады.

– Бұл ретте кірістердің негізгі құраушысы бұрынғыдай салықтық түсімдер болып қала береді. Осы бойынша бюджеттік жоспар орын­далып қана қойған жоқ, артығымен орындалды. 2011 жылғы бюджеттік саясат әлеуметтік шығындарға бағытталды. Соңғы бес жылға арналған білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, мәдениет спортқа бағытталған шығындар оң динамикаға ие. Егер 2007 жылы аталған шығындар 33 814,7 млн теңге сомасында жүргізілген болса, 2011 жылы ол 71 965,0 млн теңгені құрап, 2,1 есеге ұлғайды, – деді Қаржы басқармасының бастығы Б.Сағын.

Оның айтуынша, экономи­каны тұрақтандыру бойынша дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде республикалық бюджет­тен 12 343,1 млн теңге алынды. Оның ішінде «Бизнестің жол карта­сы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қолдауға 776,4 млн теңге, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясындағы шараларға 1166,7 млн теңге, жылжымайтын мүлік нарығындағы түйткілдерді шешуге 10 400,0 млн теңге бөлінді. Қазынаның шығыс бөлігіне кел­сек, 345,678 млн теңгені құрады. Жоспарланған қаржы 97,9 пайызға игерілді. Игерілмеген қаражаттың 3,074 млн теңгесі жүзеге асыры­лып жатқан инвестициялық жоба­лармен байланысты. Бұған қоса, объективті себептерге байланысты 1,582 млн теңге игерілген жоқ. Пайдаланылмаған қаражаттың 92 пайызға жуығы инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан басқармалардың үлесінде. Олар: Құрылыс, Энергетика және коммуналдық шаруашылық, Жолаушы­лар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары. Б.Сағынның баянда­масын ұйып тыңдаған депутаттар бұл мәселе мәслихаттың тұрақты комиссияларында жіті қаралғанын айтты. Қалаулылар қанағаттанған кейіп танытып отырғанда, жиынға келген қала әкімі отырғандардың ойына кіріп шықпаған мәселенің шетін шығарды.

– Былтыр қанша шақырым жол жөнделді? – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығына қаратып.

– 110 шақырым.

– 110? Баяндамада 14,4 шақырым деп жазылған.

– ?

– Ақша бөлінді, жолдар жөнделіп, жаңа жолдар салынды. Соны көріп отырып қалайша 14,4 шақырым деп айтамыз? Неге қисынсыз ақпарат бересіздер? Егер біз жыл сайын елор­дада 14 шақырым жолды жөндеп қана отырсақ, мұндағы жолдардың жағдайы қалай болар еді? Ол аздай мұнда жөндеу жұмысымен 3,6 шақырым жол қамтылды дейсіздер? Бұл не, ауылдың төңірегінде істеліп жатқан жұмыс па? Қараңыздар, қаланың төңірегінде 20 ауыл бар. Біз, былтыр ауылдарға қатысты арнайы бағдарлама қабылдадық. Сол 20 ауылдың ішінің өзінде қанша жұмыс жасалды. Бюджеттің орында­луын қадағалайтын органның берген мәліметінің сиқы – бұл. Соңғы жылдары жол инфрақұрылымын дамытуға 100 млрд теңге жұмсадық. Сөйте тұра 20 шақырым жол алдық па? Ертең үлкен сұрақ туындайды ғой. Сіздердің берген мәліметтеріңіз істелген жұмысқа сәйкес болуы ке­рек, – деді Иманғали Тасмағамбетов басқарма басшыларына.

Қалалық тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Молдаш та сөз алды. Мінберге шыққан ол бюджеттік мекемелерге жүргізген тексерудің нәтижесі бойынша бірқатар тың мағлұматтың жібін тарқатты. Макроэкономикалық көрсеткіштерді болжауда проблемалар бары айтылды. «Соның ішінде былтырғы бюджет 8 рет нақтыланып, бірнеше рет түзетулерге ұшырады. Ол бюджетті құру мен нақтылаудың тетіктері түпкілікті нәтижеге бағаланған бюджеттен қаражат бөлу қағидаттарымен жеткілікті зерделенбейді. Бұл бюджеттің кірістер мен шығыстарын жеткілікті негізделмей жоспарлануына, бағдарлама әкімшілерінің жауапкершілігінің төмендеуіне ықпал ет­кен. Сонымен қатар өткен жылдың қорытындысы бойынша, 25,4 млрд теңге сомасында дебиторлық бере­шек қалыптасқан», – деді Тексеру комиссиясының төрағасы.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button