ҚХА: бірлік және келісім жолы

Елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосып отырған Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл толады. Осы аралықта консультативтік-кеңесші органнан парламенттік өкілдік ету құқығы бар конституциялық институтқа айналған беделді ұйымның қатысуымен мемлекеттік саясат этносаралық қатынастар саласында іске асып келеді.
Президент биыл «Ана тілі» газетінде жариялаған «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты мақаласында: «Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді» деп жазды. Осы ретте Қазақстанда ассамблея депутаттарының заң шығару қызметіне қатысуы этносаралық және конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтуға, этностық факторды, қоғамдағы экстремизм мен радикализм көріністерін саясиландыруға жол бермеуге септік етеді.
Астаналық ассамблеяның қызметі бас қаламен тығыз байланысты. Қаланың сан салалы бағытының қарқынды дамуына, әлеуметтік-экономикалық, мәдени өркендеу жолына беделді ұйымның қосар үлесі зор. Президент ел дамуында Астананың орны ерекше екенін, елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге тиіс екенін айтып, нақты тапсырмалар береді.
Елорда ассамблеясының тарихы өткен ғасырдың 90-жылдары ондаған этномәдени орталықтың басын құраудан басталған. Қазіргі уақытта оның қатарында 23 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Дәстүр мен мәдениетті сақтауда, өзара ықпалдастықта, мәдениетаралық коммуникацияны нығайта түсуде елордалық ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының жұмысы үлкен рөл атқарады.
Астанадағы Достық үйі құрылған кезінен бастап мәдениеттерді біріктіру және көпұлтты Қазақстанды үлгі етіп көрсетудің орталығына айналды. Бүгінде ол ресурстық, әлеуметтік, ақпараттық-әдістемелік орталық ретінде қызметін жалғастырып келеді. Мұнда заманауи жабдықталған және жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізу мүмкіндігін қамтамасыз ететін «ANK Live» тікелей эфир студиясы жұмыс істейді. Ондағы дыбыс жазу студиясының көмегімен шығармашылық ұжымдар аранжировка жасап, өз өнерін дамытады. Қазақ музыкалық шығармаларын орындау кезінде түрлі этностардың халық аспаптарының шексіз мүмкіндігін көрсету бойынша бірегей жоба – студияның басты ерекшелігі.
Бүгінде Достық үйіндегі түрлі ұжымдар бір үлкен отбасы ретінде өмір сүріп жатқанын атап өтуіміз керек. Әрбір отбасындағыдай мұнда да бәрі мүлтіксіз сақтайтын достық «ортақ үй» ережелерінің жасырын жинағы бар, атап айтқанда, олар – өзара көмек, ресурстарды қайырымдылық мақсатқа жұмылдыру, халықтық дипломатия, мәдениетаралық өзара іс-қимыл.
Елордалық этномәдени бірлестіктер құрылған күннен бастап Қазақстан халқының келісімі мен бірлігін нығайту бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.
Қоғамдық келісім мәселесін құндылық ретінде қарастыратын жанның бәрін бір мақсатқа біріктіріп отырған ұйымды жұртшылық қоғамды жұмылдырушы тетік деп санайды. Себебі оның негізгі бағыттарының бірі – көпшілікті ортақ іске бастау, ілкімді іс-шараларға ұйытқы болу. Осы тұрғыда ассамблеяның қайырымдылық қызметіне ерекше назар аударған жөн. ҚХА-ның қайырымдылық саласындағы жұмысын үйлестіретін «Жомарт жан» орталықтары көмекке аса мұқтаж жандарға көмек береді.
ҚХА-ның негізгі жобаларының бірі – «Жүректен жүрекке» бағдарламасы. Осы жоба аясында қалалық штаб құрылды. Бұл штаб көптеген қайырымдылық бастамаларын, соның ішінде су тасқынынан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетуді жүзеге асырудың үйлестіру орталығына айналды. Осы күш-жігердің арқасында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге, атап айтқанда, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Петропавл және Ақтөбе қалаларына 42 тонна гуманитарлық жүк жөнелтілді. Бұл көмек 12 автокөлікпен жеткізіліп, зардап шеккендерге тез және тиімді қолдау көрсетуге септік етті.
Біздің ортақ міндетіміз – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің осы басты құндылығын сақтау, ұлғайту және болашақ ұрпаққа жеткізу. Бүкіл елмен бірге үйлесімді, әділетті, тұрақты қоғам құру – ассамблеяның басты миссиясы және ұйым осы мақсатты кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Ассамблеяның мерейтойы этносаралық келісім және жалпыұлттық бірлік саясатының бірегей институтының 30 жылдық тарихына тереңірек үңілуге, оның қалыптасуы мен даму үдерісін түсінуге, ынтымақ пен бірегейлікті, қоғамдық келісімді нығайтуға септік етері сөзсіз.
Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Астана қаласының әкімі,
Астана қаласы ҚХА төрағасы