ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық тобының отырысы өтті
Достық үйінде елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының отырысы өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Оған Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Астана қаласындағы «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің мүшелері қатысты.
Іс-шараның модераторы, ҚХА Кеңесі төрағасының қоғамдық орынбасары, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Әміржан Әлпейісов әуелі қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, халқымыздың мәңгілік құндылығы саналатын егемендігіміз жайлы баяндады.
Отырыста ұлттық бірлікті нығайту және этномәдени үдерістерді ғылыми сүйемелдеу мәселелелері бойынша келелі ұсыныстар айтылды.
Мақсұт Нәрікбаев университетінің профессоры, PhD докторы Рахметолла Закарья этносаралық бірлікті нығайту мен жастарды дамытудағы ғылым мен инновацияның рөлін айтып берді.
«Елімізде 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Бейбітшілік пен татулығымыз басқа мемлекеттерге үлгі болып келеді. Соңғы уақыттарда көптеген мемлекетте түрлі шиеліністер болып жатыр. Соғыс болып жатқан елде білім-ғылымды дамыту мүмкін емес. Ал біздің мемлекетімізде бірлік пен татулықтың арқасында ғылым-білім дамып жатыр деп айта аламыз.
Жастарды ел болашағы деп қана емес, мемлекеттің дамуына үлес қосып жатқан серіктестер деп те санаймыз. Жас ғалымдар ғылыммен айналысып, түрлі стартаптарды жүзеге асырып, алуан инновациялық технологиялар ойлап тауып, отандық және шетелдік ғылыми жобаларға белсенді қатысып жатыр. Мемлекетіміз де ғылымға ұмтылған жастарға мүмкіндіктер жасауда», – деді Р.Закарья.
Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, келесі отырыста қаралатын мәселелерді айқындады.
Айта кетейік, ғылыми-сараптамалық топ – Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімшелерінің бірі. Негізгі қызметі этносаясаттың өзекті бағыттары бойынша ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу болып саналады.