Таным

ҚИМЫЛЫ ШИРАҚ ҚАРИЯ

Куропятник - 2…Соғыс ардагері Анатолий Куропятник тұратын пәтердің қоңырауын басқанымда, есікті шашы мен қияқ мұртын ақ қырау шалған ақсақалдың өзі ашты. Әскери тәртіпке үйренген кейіпкерім сағатына қарай бергенінде, уағдаласқан уақытымыздан сәл ертерек келгеніме іштей қуанып, қария нұсқаған бөлмеге беттедім.

Қаһарманның кабинеті іспеттеліп жасалған залдың іші құдды мұражай дерсің! Бір қабырғасына ескілі-жаңалы фотосуреттер ілінсе, екінші қабырғасы – толған кітап. Сәл шеткерірек тұрған үстел үстінде қалам, сиясауыт пен хат жатыр. Сарғайған қағазына қарағанда ертеректе жазылғанға ұқсайды. Одан бөлек, үстел үстінде үш-төрт құмырада түрлі қалампыр гүлдері тізіліп тұр. Көзімді қай арнаға тоқтатарымды білмей отырғанымда, Анатолий Никифорович әңгімені өзі бастап кетті.

солдат«1928 жылы Украина жерінде, Кировоград облысындағы Аджамка деген селода дүние есігін ашыппын. Өмірдің ауыртпалығын бала жасымнан көрдім. Бес жасымда жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленуіме тура келді. Мен мүшел жасқа толғанда соғыс басталды. Арада екі ай өткенде немістер біздің дервняны да басып алды. Әркім өз жанын өзі бағуы тиіс болды. Бір анадан төртеу едік. Алайда, тағдыр төртеуіміздің жолымызды сан жаққа бөліп жіберді. Өзімнен үлкен ағам менен бұрын соғысқа кетіп, сол күйі хабар-ошарсыз, көз жазып қалдық. Әпкелерім өмірдегі өз жолдарын тапты. Мен болсам, жамағат ағайындарымыздың үйінде бас сауғалап жүрдім. Біздің селоны жаудан босатар уақытта өз еркіммен сұранып, майдан шебіне аттандым. Жасым 15-те, «жарамайсың» дегендеріне қарамай, «барар жер, басар тауым жоқ» деп отырып алдым. Бұл 1944 жылдың 10 қаңтары болатын» деп ағынан жарылды ардагер.

Осылайша Кировоградқа жаяулатып жол тартқан бозбала лейтенант Исмаиловтың взводына түседі. Бастапқы екі айда Толя 26-шы гвардиялық әуе десанты полкінің коменданттық взводына қабылданады. Арада екі ай өткен соң байланысшы-телефонист болып жұмыс істеп, әскери өмірді көрді. Тіптен, 1944 жылдың тамыз айында неміс артиллериясының шабуылынан полк байланысы бұзылғандықтан басын қатерге тігіп, жаңа желіні іске қосуға бар күшін салады. Байланысты қалпына келтіріп, майдандастарын құтқарғаны үшін алғашқы әскери наградасы – «Ерлігі үшін» медалімен де сол жолы марапатталыпты. «Кейіннен қанша рет қошамет көріп, марапатталсам да, алғашқы медалім өте ыстық» дейді қарт майдангер.

Отты жылдарда Анатолий өмірдің көп өткелдерінен өтіпті. Украина, Молдавия, Румыния, Польша, Германиядағы ұрыстарға атсалысқан. Анатолий Никифорович үшін сұрапыл соғыс Прага даласында аяқталыпты. Ұлы Жеңісті қария «Дрездендегі орманда қарсы алдық» деп еске алды.

Соғыс аяқталған соң, 1945 жылдың 26 маусымында әлі кәмелет жасқа толмаған жауынгерді Кеңес армиясының қатарынан босатып, оқуға рұқсат беріледі. Донецктегі әпкелеріне жол тартқан жігіт 6 жыл Отанында шахтада жұмыс істей жүріп, кешкі мектепті тәмамдап, 10 жылдық білімі бар деген аттестат алады. Бақытын да Донецктен тапқан Анатолий 1948 жылы өмірлік серігі Анна Степановнамен танысып, сол жылы шаңырақ көтереді. Одан соң Харьковтегі заң институтына түсіп, әділет жолында күреске шықты. Прокуратураның табалдырығын 1953 жылы прокурордың көмекшісі болып аттаған Куропятник сүйікті саласына қырық жылдан астам абыройлы еңбек сіңірді. 1961 жылы Кеңес Одағының бас прокуроры Р.Руденко ұланғайыр қазақ даласындағы тың көтеру кезінде Анатолий Никифоровичті Қазақстанға бағыттапты. «Бастапқы тоғыз жылда Көкшетауда, кейін Целиноградта, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында прокурор болдым. Талдықорған облысында қызмет ете жүріп, сол жақтан зейнетке шығып, елордаға қоныс аудардым» дейді ақсақал.

Үшінші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, ҚР прокуратурасының даңқты қызметкері болған ардагер 2-ші деңгейлі Ұлы Отан соғысы ордені, КСРО медалі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған көрінеді. Сексеннің сеңгірінен асса да қария – тың. Үйдегі жеке кітапханасындағы кітаптарды парақтайды. Тарихи кітаптар жинағанды жаны сүйетін майдангердің үйінде бүгінде үш мыңнан астам кітап бар. Үш баласынан жеті немере, сегіз шөбере сүйіп отырған қимылы ширақ қазыналы қартпен жүзіңізден нұр таймасын деп қоштастық.

Мақпал ЖҰМАШОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button