Жаңалықтар

ҚИЯДА САМҒАҒАН ҚЫРАН

Ушкыш-Ерболат-3

Олар бала кезінде зеңгір аспанды жебедей тіліп, артына ақшулан сызық қалдыра зымырап бара жатқан ұшаққа қызыға қарайтын. Сосын, көк майсаға шалқадан жатып алып, темір қанат құстың соңында білтеленген буалдыр ізді көзбен ұзатқанда олардың қиял құсы да биіктеп бара жатушы еді. «Шіркін, ана аэропланға отырып ұшар ма еді, кім айдап бара жатыр екен, ә!» дейтін сонда.

Бұл көп баланың басынан өткен арман. Талай бала көктегі ұшаққа бас киімін бұлғай айқайлап, жетіп алатындай соңынан жүгіретін. Бірақ, арманның бәрі орындалып, қуғанның бәрі жеткізуші ме еді. Оған тек арманына дәрмені, қиялына қабілеті сай таңдаулылар ғана ие болады емес пе? Сол таңдаулылардың қатарына Ерболат Құлатайұлы да қосылыпты. Бүгінде халықаралық рейстер мен ел ішіндегі авиация саласында еңбек етіп жүрген ұшқыш бізді бейжай қалдырмады.
2001 жылы Қытай халық республикасындағы Алтайдың Шіңгіл ауданында туған Ерболат орта мектепті бітірісімен аңсары ауып, атамекенге жол тартыпты. Шетелден келген өзге балалармен қатар, алдымен бір жыл дайындық курсында оқиды. Ұшқыш болу оның бала күнгі арманы еді ғой. Алматыға келе қаланы аралап жүріп, әуежай жақтағы Азаматтық авиация академиясын тауып алады. Осында оқысам деп талаптанған албырт жас емтиханға жатпай-тұрмай дайындалады. Сөйтіп, 2002 жылы көздеген оқу орнына алдыңғылардың бірі болып түседі.
Математика, геометрия, алгебра секілді дәлдікті сүйетін пәндерді «шекілдеуікше шаққан» ол академиядағы үлгілі студенттердің бірі бола білді. «Алғаш оқуға келгенде бізге қолдау көрсетіп, білімімізді бағалаған академия проректоры Ермек Сансызбайұлы Абдрамановқа рахметімді айтамын. Ол кісі де білікті аға буын мамандардың бірі. Қазақстан жеріне алғаш «ИЛ-76» жүк самолетін қондырған ұшқыш сол кісі екен» дейді Ерболат ұстазына ыстық ықыласын білдіріп.
2006 жылы Академияны тәмамдаған жігіт 2007 жылы Авиа­ция колледжінде бес ай сабақ береді. Сол жылы көктемде Жамбыл облысының Төлеби ауданында жұмысқа кіріседі. «АН-2» ұшағымен Мойынқұм, Төлеби ауданы өңірлерінде егінге, жоңышқаға, арам шөптерге дәрі шашады. «АН-2-мен» аспан кезген оның қызметі Қызылордада жалғасып, геологтармен бірге үш ай жұмыс істейді. Алғашында маусымдық жұмыстарда тәжірибе жинаған ол Қостанайдағы «Авиа Жайнар» компаниясына орналасып, «АН-2» ұшағымен егіс алқаптарын химиялық өңдеуге қатысады.
2010 жылы Қырғызстандағы «Манас» тренинг орталығында бір жарым айлық курсты оқыған соң Ерболат тікұшақты меңгеруге көшеді. Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің «Қазавиа құтқару» мекемесіне қабылданады.
Бүгінде бала күнгі арманды ақиқатқа айналдырған Ерболаттың жалпы ұшу уақыты 1 мың 600 сағат болыпты.
Былтыр Ресейдің Түмен облысында «МИ-26» тікұшағын басқару курсынан өтті. Ол қазір «Қазавиа құтқару», құрамының «МИ-26» тікұшағының ұшқышы. Аталған әуе техникасы тек апатты жағдайлар мен аса қажет жайттарда ғана аспанға көтеріледі. Әлемдегі ең ірі азаматтық тікұшақ саналатын «МИ-26» – еліміз авиа­ция саласындағы қымбат әрі озық әуе көлігі. Оның төтенше оқиғалар кезіндегі мүмкіндігі орасан зор.
Айта кетерлігі, екі «МИ-26» алдағы мамыр айында Астанада өтетін Жеңіс мерекесіне арналған шеруге қатысады. Бұйыртса, оның біреуінің штурвалында Ерболат Құлатайұлы отыратын болады.

Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button