Қиылыстарға “ақылды камералар” қойылды
Астана жолдарында антеннасы немесе шағылыстырғышы бар камераға ұқсас ерекше құрылғы пайда болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Камераны елорданың қиылыстарынан көруге болады. Мысалы, Сарыарқа даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысында.
Ол не үшін қажет және нені тіркейді?
Бұл құрылғының не үшін қажет екенін анықтау үшін елорда әкімдігіне жүгіндік.
Астана Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының мәліметінше, құрылғы – елорда жолдарындағы автомобиль ағынын реттейтін зияткерлік көлік жүйесінің бөлігі. Яғни, ол ақылды бағдаршамдардың жұмысын басқарады.
“Мысалы, Сарыарқа даңғылында кептеліс болса, ол осы көше үшін жасыл сигналды қосады. Сол сияқты – Кенесары үшін”, – деп түсіндірді басқарма.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының ақпараты бойынша, бүгінде елордада бұл жүйеге 345 бағдаршам қосылған.
Сурет: ©️ Эльдар Нуруллин