Басты ақпарат

ҚИЫНДЫҚҚА МОЙЫМАҒАН ҚАРИЯ

Әдеттегідей, өзінің сүйікті орны – кітапханадан таптық. Теледидар тамашалап отыр екен. Жаздыгүні медицина қызметкерлері күніне орай орталықта ұйымдастырылған мерекелік шараның бейнетаспасы екенін бірден білдік. Сол жолы осы таспа­ны Нұрлыбек атаның өзі түсіріп еді. «Мұрағатымда бұдан өзге өзім түсірген елуден астам таспа бар» дейді.

Орда бұзар отызға толған шағында Арқаның аязында жаяу-жалпы қалып қойып, екі қолы мен екі аяғынан бірдей айыры­лады. Қаншама қиын күндерді басынан өткізіп, ақ халаттылардың арқасында өмірге қайта келген­дей болды. Дәрігерлер аяғына жасанды протез орнатады. Ал, қол сүйегінің тұқылын медици­на тілінде «Крукенберг тәсілі» деп аталатын әдіспен екіге бөліп, саусаққа ұқсатып береді. Отыз бес жылдан бері бүкіл жұмысты осы қолдарымен қанттай етіп атқарып келеді. Камераны да кәсіпқой таспа­герлерден кем түсірмейді.

«Ақауы бар теледидар, радиоға қолы тиіп кетсе бітті, сайрап қоя береді» дейді орталық қызметкерлері.

Айтпақшы, атай өзінің сүйікті кітапханасы жайында да ұза-ақ әңгімелегенді жақсы көреді. Қайбір жылы әлдекімнің керексіз санап, қоқысқа тастаған кітаптарын түгел жинап алғаны бар. Бәрін кітапхана сөресіне әкеліп тізіп қойды. Орталыққа қайырымдылық ретінде кітап сыйлайтындар да кездеседі кейде. Сөйтіп, кітапханасындағы кітаптар санын жеті мыңға бір-ақ жеткізді. Мекеме жаңа ғимаратқа көшкенде бірінде қалдырмай арқалап әкелді. Осылайша қатарластарын кітап оқуға баулып жүр. Өзі де қолы қалт еткенде, «Әлем классиктері» сөресіндегі Айтматовтың шығармаларын жиі қолына алады. «Шыңғыс Айтматовтың мен оқымаған шығармасы жоқ» дейді.

Мемлекет саясаты, жастар мәселесі де ақсақалды ешуақытта бейжай қалдырған емес. Әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуға қатысты айтылған ұсынысқа өзінің үзілді-кесілді қарсы екенін айтады. Қоғамдағы қазақ тілінің қолданылу аясы қазіргіден де кеңей түссе екен дейді.

Астана қаласының қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі бүгінде 300-ден астам жанға мекен болып отыр. Тұрғындар арасында жасы да, жасамысы да бар. Бірі мұнда тіреу болар туысы жоқтықтан келсе, енді бірі туған баласынан теперіш көріп түскен. Осындай қилы тағдыр иелерінің өмір сүруге деген сүйіспеншілігін арттырып, ортаға бейімделуі үшін Нұрлыбек атай секілді қазыналы қарттар керек-ақ.

Шынар ДОСАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button