Қоғам

Қиындыққа қарсы тұрған қыз еді

(Жұмагүл Берденқызы Саухатты еске алу)

Өмір жолы әркімге әр алуан. Уақыт озып, буын алмасқанда, осы жол күрделене бермек. Бұл – жұрт білетін аксиома. Мұны айтып отырған себебім, менің курстасым Жұмагүл Берденқызы Саухат осындай бел ортада жүріп, жанталасумен өмір кешті. Байқаған адам біледі. Отбасы қамы, бала өсіру, үй жайы өз алдына. Сол отбасында жүріп, әйел-ана болып қызмет етіп, атпалдай азаматтың жүгін көтерді. Қаламгерлігін де, қайраткерлігін де қатар алып, өзінің нағыз қайсарлығын көрсетті. Мен оның бойынан осыны таныдым.

Жұмагүл студент кезде (ҚазМУ, 1968-1973 жж. журналистика факультеті) «Б» тобының старостасы болды. Курстағылардың бәрі – дөкей талант иелері. Өздерінше бір-бір классик. Ақыны да бар, прозаигі де бар, сатиригі де бар – бәрі республикалық газет беттерінен түспей жүрген талант иелері. Марат Қабанбаев, Күләш Ахметова, Қайырбек Асанов, Көпен Әмірбеков, Камал Әбдірахман, Оңдасын Елубай, Клара Қабылғазина, Кәкен Хамзин, Асқанбай Ерғожаев, Бейсенбай Сүлейменов, Светлана Буратаева, санасаң тіл жетпейді. Бәрі тума талант. Солардың бәрімен ортақ тіл табысу үшін жап-жас Жұмагүлге шеберлік, ақыл, ұстамдылық керек еді. Жұмагүл соның бәрін реттей білді.

Өзі қыздар арасында көрікті болды. Әрі сол кездегі сән әлеміне сай әдемі киінді. Қай кезде де тап-тұйнақтай. Ұқыпты жүреді. Қандай киім кисе де бойына жарасым табады. Қалпы ақкөңіл, ашық. Арагідік әдемі әзілдері бар. Гитарамен қосылып ән айтқанда, көрген жан талып қалады. Бізге дәріс берген сол кездегі атақты ғалым-профессорлар, академиктер: М.Ғабдуллин, Х.Бекхожин, М.Жолдасбеков, З.Қабдоллов, ­Т.Амандосов, А.Мархабаев, Р.Нұрғалиев, Ж.Қарақұсов, Ә.Ыдырысов, т. б. біраз ұстаз Жұмагүлді ерекше жақсы көретін. Осыған қарап мен Жұмагүлді сол оқып жүрген кезден-ақ курстағы басқа қыздардың бәрінен де алғыр, ақылды деп санадым. Және үстіндегі киім киісіне қарап тұрмысы өте жақсы отбасынан шыққан қыз болар деген ойда жүрдім. Кейін жатақханада бірге тұрдық. Бірақ Жұмагүл басқа бөлмеде. Бір күні Жұмагүлдің ертемен тұрып, инені бір ыдысқа пысылдатып суға қайнатып жатқанын көрдім.

– Бұл не? – деп сұрадым мен таңғалып.

– Әй-й, ине ғой. Сахарым (бұл қант диабеті екен) бар. Бұл өзі жаман ауру. Ешкімнің басына бермесін. Маған осы кезікті. Емханаға баруға уақыт қайда. Өзіме-өзім ине қайнатып, ине шаншимын, – деді Жұмагүл. Айтарын айтса да, ауруға шағым жасағандай емес, жай ғана әңгіме арасындағы сөздей, мән жасамаған кейіп көрсетіп.

19-20 жас – нағыз құрақ ұшып жүретін жас қой. Әдемі, көз тартатын сұлу қыздың науқасы сол сәтте мені біраз ойлантты. Бірақ кейін өзім ауырмаған соң, есімнен шығып кетті. Жұмагүлді «керемет ауқатты отбасының қызы шығар» деген ойым да қате екен. Мұны мен кейін… тіпті кейін, университет бітіріп кеткен соң барып білдім. Жұмагүл әке-шешеден ерте айырылып, тағдыр сынына жас кезінен түскен екен.

– Мен жетімдігімді байқатпай, стипендиямды ішетін тамағымнан да үнемдеп, өзіме жақсы киім алып киінетінмін, – деді кейін, менің сұрағым бойынша, өзінің студент кезіндегі өмірінен. Сонда ұқтым. Жаратушы иеміз Жұмагүлге қиындыққа қарсы тұрар қайсарлық берген. Әдемі де нәзік қызды өмір осылай өз әлемінде ерте шыңдапты. Сол нәзік қалпымен, нәзік жүрегімен сыртқа ешнәрсе білдіртпей жүргенінің өзі ерлік емей немене?! Неткен мықтылық десеңші!

2000 жылы «Дариға-ай, қайда сол жылдар» деген біз бірге оқыған курстастар естелігін құрастыр­дым. Сонда Жұмагүл жайлы жазғаным бар. Оған тоқталғым келмей отыр. Ал екеуміз қызметтес болған аз ғана жылдардағы адами қасиеттері туралы бүгін айту керек деп шештім.

Торғай облысы 1997 жылы екінші рет жабылғанда, Ақмола қаласына отбасыммен қоныс аударып (ол кезде Ақмола), осы Астанадағы жалғыз қазақ тіліндегі «Ақмола ақшамы» газетіне қызметке тұрдым. Газет аптасына екі бет болып қана шығады екен. 3-4 қызметкер бар. Редакторы – Кенже Жұмағұлов. Шағын ұжымға қосылдым. Бұл кез Ақмола Қазақстан Республикасының жаңа астанасы болып, биліктегілер Алматыдан Ақмолаға жаппай көші-қон жасап жатқан кез-тін.

Жұмагүл осы жылдары қаладағы «Мұсылман әйелдер лигасын» басқарды. Жетім балалар үйіндегі ер балаларды сүндетке отырғызу, тұрмысқа шықпай қалған қыз-жігіттерді таныстырып, олардың отау құрып кетуіне арналған «Жеңгелер» клубы, жас бойжеткендердің тәрбиесі үшін «Қызым, саған айтамын…» клубы жақсы жұмыс істеген. Ал жаңадан үйленіп жатқандарға мұсылманша неке қию рәсімдері де осы лиганың атқаратын шараларының біріне айналғанының куәсі болдым.

Кейін Жұмагүл Берденқызы Саухат (1998 ж.) мен жұмыс істеп жатқан «Ақмола ақшамы» газетіне бас редактор боп тағайындалды. Курстасымды барлық жағынан анық таныған кез – осы кез.

Ақмола атауы Астана болып өзгергенде, газет те «Астана ақшамы» деп жаңа атауға өзгерді. Елорда кеңейіп, қаланың қазақ тілді тұрғындарының саны күрт артып, зиялы орта көп шоғыр­ланған жаңа астаның газеті талғампаз оқырман қауымның көңілінен шығу керегі кім-кімге болса да түсінікті еді. Мұны Жұмагүл де жақсы білді. Арнайы ақпарат көздерін пайдаланып, республикалық басылымдарда көп тәжірибе жинақтаған журналист-қаламгерлерді «Астана ақшамы» газетіне шақырды. Газеттің тиражы бұрынғыдан көбейді. Ендігі мәселе – шақырылған кадрларды баспана, үй жағдайымен қамтамасыз ету. Бұған да белсене кірісті. Газетке келгендердің көбісінде үй жоқ, жалдамалы пәтерде тұрды. Әрқайсысының тұрмыс­тық жағдайы әртүрлі. Шекесі шылқып жүрген журналистер аз. Жұмагүл солардың бәріне жағдай жасағысы келеді. Бірақ Астана қаласы әкімдігінде үй жағдайына қаржы бөлу қарас­тырылмаған. Республиканың орталығы Астана болған соң, елдің барлық аймағынан келіп жатқандар қаншама. Газет журналистері – солардың бірі ғана. Қалалық әкімдікке журналистерге үй сұрап бару – «жоқ нәрсені тауып бер» дегенмен бірдей. Бұған, шынын айтқанда, әжептәуір бедел керек. Міне, осы жағынан келгенде, Жұмагүлдің ешнәрседен аянбағанына көз жеткіздім.

Шыны керек, «Астана ақшамы» газетінде Жұмагүл ер адам басқара алмайтын үлкен іс тындырды. Бастысы, ұжымды ауызбірлікте ұстай білді. Апта сайын таңертеңгілік өтетін лездеме алдында жігіттерден отбасы жағдайын сұрау әдеті болатын. Ұжым біртіндеп қалыпқа түсті. Газет өз беделін жоғарылатты.

2001 жылы Жұмагүл «Астана ақшамынан» «Астана» халықаралық журналының бас редакторлығына ауысты.

Кейінірек 2009-2011 жылдары үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) шығатын өзінің «INSIDE» (ішіңе үңіл) атты тәуелсіз, саяси-әлеуметтік журналын ашты. 2010 жылдан «Астана кітапханасы» сериясымен әртүрлі танымдық анықтамалық, тарихи басылымдар шығарумен айналысатын «Әдебиет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы – бас редакторы болды. 2010 жылы «Астана» кітап-альбомы, «Аңыздан туған Бәйтерек», «Астана – жыр шуағым», 2014 жылы «Тарих таңдаған Астана», 2016 жылы «Сағындырған асылдар», 2017 жылы «Астана өнер ордалары» атты танымдық кітаптары жарық көрді.

Жұмагүл талай атақ пен марапаттауға да ие болды. ҚР Президенті сыйлығының БАҚ саласы бойынша иегері, «Қазақстанның құрметті журналисі», «Қазақстанның үздік редакторы», «Астанаға 10 жыл», «Астанаға 20 жыл», «Астанаға 25 жыл» медальдарын кеудеге тақты.

Иә, лезде күн өтті. Лезде жыл өтті. Жұмагүлім-ай, жатқан жерің жарық болып, нұрың пейіште шалқысын. Артыңда қалған Алдекең, ұлың Еркебұлан, ұрпағың аман болсын!

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ, жазушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button