Басты ақпарат

ҚОБЫЗ ШАНАҒЫНДА ҚОЗДАҒАН САРЫН

Мыңжылдықтар тоғысында қазақ өлеңіне мезгіл мінезіндей құ­­йын­датып келген ақындардың бірі – Маралтай еді. Қазақ халқының елеулі кезеңіне ай­­нал­­ған өліара шақта әдебиет табал­дырығын аттаған. Ол — белгілі ақын шайыр Мейірхан Ақдәулетұлы айтпақшы, «Өлең­де­гі өтірік ызылудың салтын бұзған ақын». Өз кеңістігін өзі місе тұтпаған шайыр «дәс­түр­­ден тыс» өлеңдер жазды. Ол шығармалары белгілі бір жү­­йе­­ге бағына алмай­­тын ақын­­­ның мінезіндей дауылды да жауынды дүниелер болатын. Өмірді өзінің жүрегінен шық­қан жырлардың тағдыры деп түсінетін, басын тауға да, тасқа да соққан тағдыр иесінің көз жа­­сы деп білетін Маралтай ақын­­ның шығармашылығы – бір сөзбен айтқанда, адамдық және азаматтық қасиеттердің жиын­­тығы. «Дулығамның төбесі, туған айдай болмаса, батыршылық сүрмен-ді» деген Шалкиіздің рухты өмірлік қағидасы Маралтайдың болмысында да өлеңдері арқылы көрініс тапты. «Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі» ақынның жырларында он сегіз мың ғаламның көркем шындығы айқын таңбаланды. Егер, ол шындықты өмір мен өлім деп түсінетін болсақ, екі аралықтағы тылсым пердені желпіп өткен шайыр да осы Маралтай болатын. Оған өмір өгей емес, дегенмен, өлім де жат емес. Тумысынан талантты ақын тағдырмен тайталаса жүріп қазақ өлеңіне тағдырлы жырлар берді, қазақы кеңістікте отты поэзия жасады. Оның басты мұңдасы да, сырласы да қасиетті өлең болды. Киелі рухтар қалқыған Кеңсайдағы Мұқағали бейіті Маралтайдың тағдырымен сабақтас. Қаламының ұшына тағдырлы дүниелерді байлаған қастерлі мекен. Маралтайды оқығанда тағдырдың талайлы сәттерін адамға тән ерек рухпен жеңе білуі керектігін түсінесің және соған өзің де куә боласың.  Өзіндік ойлау жүйесі оқшау, сөз саптау мәнері ерекше ақынның қазақ өлеңіндегі қолтаңбасы сол үшін де айқын. Оның өлеңдерінен бағзы замандардағы қобыздың қыл ішегінен сарын секілді боздап төгілген көңіл аңғарылады.
Қазтуған мен Доспамбеттен бастау алып, Абайды пір тұтқан, Мағжан мен Мұқағалидан қайта түлеген Маралтай үшін өлеңнің киесі ерекше. Дүниенің боямасыз суреті, ғұмырдың қайталанбас көріністері ақын жырларында азбайтын сөз және тозбайтын талғаммен астасып жатады. Маралтайдың көзі ғана көре алатын көркемдік түйсіктің сәулелі шумақтары бар.

Тағдыр тақтасындағы жазуды қиямет күнінде ақындардың көз жасы ғана өзгерте алады деген түсінік бар.  Алланың әмірімен ақырет күні болып, Мақшар соты үшін тартылған керней мен дабылдың үнінен күллі адамзат қауымы қайта тірілгенде ең алғашқы жауап та ақындардан алынады дейді. Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың хадисінде де «Дүниеге менен кейін пайғамбарлар емес, ақындар келеді» деген сөздер бар. Демек, ақындық деген Алладан берілетін ең үлкен сый болатын болса, оның азапты да бұралаң жолдары соншалықты күрделі. Оны өмірдің өткелдеріндей кешіп өту нағыз ақынның ғана маңдайына жазылары хақ.

Тағдыр — талайына шын ақын­ның шынайы бақыты бұйырған Маралтай Райым­бекұлы күрең күздің кешінде Астана жұртшылығымен кездесті. Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында арқалы ақынның   «Ассалаумағалейкум, Астана!» атты жыр кеші өтті. Кеш шы­мыл­дығын ақынның қызы Ар­нұр әкесінің бас қаламыз Ас­та­наға арнаған өлеңімен ашып бер­ді. Ал, халқымыз «бақтың кө­зі түскен адам» деп баға бер­­­ген әй­гі­­лі актер Асанәлі Әші­мов Ма­­ралтай туралы жү­рек­­­­жарды лебізін білдіріп, соңынан ақынның өлеңін оқыды. Жұртшылықпен сахнада емес, сахна төріндегі экран арқылы табысқан кеш авторы «рухани анам» деп ардақтаған қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың батасын алды. Кеш барысында сөз алған Қазақстан Республика­сы Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Арман Қырықбаев ақын туралы айта келе: «Маралтай қазаққа бергенінен берері көп ақын. Оның бүгінгі кеші халықтың ортасында арқаланып, шабыттануына ашылған жол болсын» деді. Ал, Маралтай сахнаға шығып өлең оқыған сәтте жан-дүниесі тебіренген тыңдармандар ақынға деген қошеметін аямады. Өзегін өлең буған ақын да өзінің тағдырынан сыр шертті. Сондай-ақ, кеш барысында Тұңғышбай Жаманқұлов, Қадырғали Көбентай, Шәкизада, Гүлнұр Оразымбетова, Бибігүл Сауытова, Өмірқұл Айниязов, Еркін Шүкіманов, Ершат Қайырхан секілді танымал өнер жұлдыздары ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындады.

Хамит ЕСАМАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button