Басты ақпарат

Қобызды жаңғыртқан композитор

КСРО халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ­станның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығына арналған шаралардың ел бойынша өтіп жатқанына екі жылға жуықтады. Аса көрнекті композитор өмірінің соңғы жылдарын елордада өткізді. Осы уақытқа дейін бас қалада оның есімін елдің есіңде мәңгі қалдыру мақсатында бірқатар істер қолға алынып, жүзеге асырылды. Атап айтқанда, тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылды. Қаладағы Мемлекеттік академиялық филармонияға, Қазақ ұлттық өнер университетінің үлкен залына, Есіл ауданындағы бір көшеге аты берілді. Бәрі лайықты. Елдің музыка өнерінде ғана емес, біртұтас мәдениетінде өшпес із қалдырып, өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлға нақты 1930 жылы туса, құжатында туған жылы 1932 деп жазылған. Соған сәйкес 1-тамыз күні туғанына 90 жыл толады. Осыған орай жарқын бейнесін, шығармашылық мұрасын, елге сіңірген еңбегін еске алуды парызымыз санадық.

[smartslider3 slider=3588]

ТӨЛЕБАЕВ ТӘЛІМІ

 Еркеғали Рахмадиевтің балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына дөп келді. Бұғанасы қатпай жатып, ауыр жұмысқа жегілген ол 1944 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл өміріндегі алғашқы марапаты еді. Ал өнер әке қанымен бойына дарыды. «Қыз Жібек», «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты қисса, дастандарды әртүрлі мақаммен жырлайтын әкесі Рахмади «бір өзі – бір театр» еді. Композитордың кейіннен «Алпамыс» операсын жазуына осы жағдай әсерін тигізген болуы керек.

Еркеғали Рахмадиев жасөс­пірім шағында КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан Төлебаевтың қазақ опера өнеріндегі шоқтығы биік «Біржан-Сара» операсының дүниеге келуіне куә болды. Оның себебі, қос композитордың ауылдары көршілес еді. Еркеғали оқыған мектептің директоры бір күні оны бір топ өзі сияқты оқушымен көрші ауылға пианино алып келуге жұмсады. Дәл осы музыкалық аспаппен елге біршама уақытқа оралған Мұқан Төлебаев
«Біржан-Сараның» алғашқы ноталарын түсірді. Ол әуендерді естіп жүрген оқушы Еркеғали опера өнеріне сол кезде бойлай бастаған сияқты. Кейіннен музыканың осы күрделі жанрында «Қамар сұлу», «Қыр шұғыласы» «Алпамыс», «Тың тынысы», «Қайран Майра» және «Абылай хан» операларын жазды.

Радион Щедриннің  «Еркеғали Рахмадиев – өз ұлты­ның мәдениетіне тамырымен байланған композитор» деуі тегін емес

 ХАМИДИДІҢ БАҒЫТЫ

 Кеңес заманында ел арасынан таланттарды іздеу секілді жақсы дәстүр болатын. 1948 жылы Еркеғалидың ауылына сондай мақсатпен келген Бекен Жылысбаев пен Нұрғиса Тілендиев оны Алматының П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге алып кетті.

«Еркеғали музыка училищесіне домбыра мамандығында оқи жүріп, өз бетімен алғашқы әндерін шығарды. Оның алғашқы әндерімен танысқан белгілі композитор Латиф Хамиди Еркеғалидың бойындағы композиторлық қасиетін бірден байқап, түбінде осы мамандықты игеруіне жол сілтеді» деп жазған еді «Талант мерейі» атты мақаласында КСРО халық әртісі Сыдық Мұхамеджанов.

Осыдан кейін Еркеғали Рахмадиев Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында Евгений Брусиловскийдің шеберханасында оқыды. Бір жыл Мәскеуде КСРО Композиторлар одағы жанындағы біліктілікті арттыру курстарында білімін шындады. Одан соң Қазақ мемлекеттік филармониясының көркемдік жетекшісі, Мәдениет министрлігінің өнер істері басқармасының басшысы, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры қызметтерін атқарды. Бірнеше рет Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кенесінің депутаты болды. 

 РЕКТОР РАХМАДИЕВТІҢ ІСТЕРІ

 1967 жылы өзі оқыған Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерватория­сының ректоры қызметіне тағайындалды. Сол жылдары ұлттық өнердің өрлеуіне, төл музыкалық аспаптарымыздың жаңғыруына бар күшін салды. Мәселен, ұмытылуға айналған қобызды жаңғыртып, оның консерваторияда оқытылуына жағдай жасады. Сол үшін Жаппас Қаламбаевты алдырып, қобыз сыныбын ашқызды. Оған бастап­қыда алты бала қабылданды. Соның бірі – белгілі қобызшы, ұстаз Базархан Қосбасаров. Қобыз сыныбында кейіннен Қорғалжыннан шақырылған Дәулет Мықтыбаев және Жаңаарқадан алдырылған Сматай Үмбетбаев сабақ берді. Еркеғали Рахмадиев сол үшін Сматайға үш бөлмелі пәтер бергізді. Осының арқасында бұл төл аспабымыз бүгінгі күнге жетіп отыр.

Сол жылдары консерваторияда домбыра, қобыз, сырнай аспаптарымен төл шығармаларымызды орындауды оқытатын «Дәстүрлі музыка» кафедрасы ашылды. Сол үшін ректор жан-жақтан осы аспаптарды меңгерген адамдарды Алматыға алдырды. Ол кейбіреулерге ұнамай, ректордың үстінен арыздар борады. Жоғарыға берген есебінде Еркеғали Рахмадиев: «Біз орыстан үйренген адамдармыз. Балалайканы отқа жақсаңыздар, біз домбыра, қобызымызды бірдеңе қылармыз» деп сөз тауып кетті.

Ректор Рахмадиев музыкалық мектептер мен училищелердің, консерваторияның дарынды түлектерін Мәскеу мен Ленинградқа білімдерін жетілдіруге жіберуді жыл сайынғы дәстүрге айналдырды. Соның бірі бүгінгі белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай ректордың жолдамасымен 1976 жылы Ленинградтқа барып, оқып келді. 

ТҰҢҒЫШ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІ

 Еркеғали Рахмадиев ширек ғасырдан астам уақыт, нақты айтқанда 27 жыл Қаз КСР Композиторлар одағының төрағасы болды. Сол жылдары композиторларға алаңсыз жұмыс істеуге жағдай жасады. Атап айтқанда, Алматыда төрт қабатты ғимараттың бой көтеруіне мұрындық болды. Жас композиторлардың баспаналы болуына ықпал етті. Жылт еткен таланттарға бағыт-бағдар беріп, ақылын айтып отырған.

Тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Мәдениет министрі де – Еркеғали Рахмадиев. Сол қиын жылдары Елбасы оның қолына осы қызметті сеніп тапсырды. Министр мәдениет қызметкерлерінің тұрмысын жақсарту үшін аянбады. Мәселен, қызметке тағайындала салысымен бірнеше есе жалақыларын көтерді. Бірқатар өнер ұжымын жабылудан сақтап қалды. Гастрольдерге шығуға жағдай жасады.

МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ

 Еркеғали Рахмадиевтің музы­калық мұрасы сан алуан жанрды қамтиды. Шығарма­шылық қоржынында әндер мен романстар, оркестр мен хорларға арналған және камералық-аспаптық музыка бар. Соның ішінде «Айастан» кантатасының, «Дайрабай», «Құдаша-Думан» симфониялық күйлерінің шоқтығы биік. «Таң самалы» атты әні ХХ ғасырдың үздік туындысы болып танылды.                

Композитордың өнері елде ғана емес, шетелдерде жоғары бағаланды. КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Радион Щедриннің  «Еркеғали Рахмадиев – өз ұлты­ның мәдениетіне тамырымен байланған композитор» деуі тегін емес. 1962 жылы бүкілодақтық жас композиторлар байқауында «Балқаштағы кеш» атты хорға арналған шығармасы бірінші орынды жеңіп алды. Сол уақытта жас композитор ретінде аты бүкіл Кеңес Одағына жайылды. Ал «Дайрабай» симфониялық күйі 1973 жылы ІІІ халықаралық Азия мемлекеттері трибунасында бірінші орынды иеленіп, дүние жүзі радиостанцияларының бәрінде орындалуға жолдама алды. Сол жылы «Құдаша-Думан» күйін Лондондағы ВВС радиосының симфониялық оркестрі орындады. Бұл сол уақыттағы үлкен оқиға еді.      

Еркеғали Рахмадиев 20-дан астам спектакль мен көркем фильмдерге музыка жазды. Соның ішінде «Атаманның ақыры», «Транссібір экспрессі» секілді танымал фильмдер бар.

«КӘУСАРДАҒЫ» СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ

 Аса көрнекті композитор елордаға Елбасының арнайы шақыруымен көшіп келді. К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында кеңесші болып, бас қалада опера өнерінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен аспиранттарына композициядан сабақ берді. Әттең, «Астана Опера» театрының ашылуын көре алмай кетті. Осы өнер ошағы 2013 жылдың маусымында ашылса, Еркеғали Рахмадиев сол жылдың сәуірінде өмірден озып кетті. Бірақ өткен жылдың соңында осы театрда «Алпамыс» операсы арада қаншама жылдар өткенде жаңаша жаңғырды. 

Тұғырлы тұлға жер бетінде өзіне жүктелген міндеттерді толығымен орындады. Еркеғали Рахмадиев Қаз КСР Композиторлар одағының төрағасы кезінде Мәскеуге көшіп кеткен Евгениий Брусиловскийдің жерлеу рәсімін ұйымдастырды. Оның себебі Мәскеу «Брусиловский – қазақтың композиторы, өздерің жерлеңдер» деп тұрып алды. Соны Қазақстанның Композиторлар одағына атқарып шығуға тура келді. Сөйтіп Рахмадиев ұстазының алдында да парызын орындады. Бұл туралы композитор кезінде «Үзеңгі жолдас» бағдарламасында берген сұхбатында айтты.

Еркеғали Рахмадиевтің шә­кірттері де шамалары келгенше ұстаз алдында парыздарын орындап жатыр. Бірнеше жыл бұрын Раиса Мұсақожаева, Азамат Жылтыркөзов, Айсұлу Тани сынды шәкірттерінің бастамасымен Еркеғали Рахмадиев атындағы қоғамдық қор құрылды. Композитордың өнердегі жолын жалғаған ұрпақтары да бар. Қызы Найля – музыкант, опера режиссері.

Еркеғали Рахмадиевтің есімі елордада ғана емес, өңірлерде және шетелдерде де насихатталып жатыр. Алматы қаласында да оның атына көше беріліп, тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының орган залы, Қарағандының Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің симфониялық оркестрі оның атымен аталады. ТҮРКСОЙ ұйымының Түркиядағы Қазақстанның шығармашылық үйі де Еркеғали Рахмадиевтің атын иеленген.

Композитордың халықпен соңғы жүздесуі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-­танымдық бірлестігінде өтті. Кездесуді жүргізген осы бірлестік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай Еркеғали Рахмадиевтің өмірі мен шығармашылығы, қызметінен жақсы-жақсы мәліметтерді келтірді. Соның кейбірін осы мақалаға пайдаландық. Тамаша саз-сұхбатқа айналған сол кездесуден көп ұзамай композитор өмірден өтіп кетті. Бірақ жарқын бейнесі жұрттың жадында, шығармашылық мұрасы да орындалып жатыр. «Алпамыс­тан» кейін басқа опералары да жаңғыру керек деп есептейміз. Оның да кезегі келер…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button