#Жаңа Қазақстан

Қоғам да инклюзивті болуы керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекетті алға дамытудағы ауқымды міндеттерді ашық көрсетіп, қарапайым халықтың жағдайын жете, терең түсінетінін, әлеуметтік-экономикалық салаларда орын алған кемшіліктер мен қиындықтарды еңсеруге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту проблемасын ерекше атап өтті.

Биыл Президенттің бастамасымен сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота туралы норма енгізілгені мәлім. Енді олардың қатарына мүмкіндігі шектеулі жандар да қосылмақ. Осылайша, олардың билік мінбесінде өз дауысын естіртуге толық жағдай жасалады. Бұл норма депутаттық мандатты бөлу кезінде де қолданылады. Санаттағы өкілдердің – әйелдердің, жастардың, мүгедек адамдардың саны жиынтығы бойынша партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.

Инклюзия Қазақстанда білім беру бағдарламасының көмегімен жұмылдыруды, сондай-ақ жеке білім беру қажеттіліктерін қанағаттандыру процесіне тартуды білдіреді. Сол сияқты арнайы жеке білім беруді қанағаттандыру, әлеуметтік жағдаймен қамтамасыз ету – қазіргі кезеңде инклюзив бүкіл әлемдік қауым­дастықта білім беру жүйесінің дамуындағы жетекші тренд болатынын айқындай түседі.

«Тұран-Астана» университетінде ерекше қажеттіліктері бар және мүгедектер үшін қажетті жағдайлар мен кедергісіз ортаны құру мәселесі ерекше назарға алынып отыр. Инклюзивті білім беруді жүзеге асыру арқылы университеттің әлеуметтік және рухани әлеуетін арттыру жұмысы белсенді түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе мүгедектер арбасында қозғалатын мүмкіндігі шектеулі жандар, көру қабілеті және есту қабілеті бұзылған ерекше қажеттілігі бар жастар үшін арнайы материалдық-техникалық база, кабинеттер жабдықталып, олардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып отыр және үнемі жетілдірілуде.

Елімізде инклюзивті білім беру кең әлеуметтік аспектіге ие, өйткені тек жоғары білім ғана емес, мемлекет, бизнес және қоғамдық ұйымдардың қолдауымен біздің қоғам да инклюзивті болуы керек.

Жалпы, кез келген демократиялық мемлекеттің маңызды құрамдас бөлігі биліктің заң шығарушы тармағы болып табылады. Депутаттық корпус – біздің еліміздегі қоғамның саяси жүйесінің белсенді бөлігі.

Қазіргі Парламент – бұл ерекше құрылымы мен жүйесі бар билік институты. Өткен шақырылымдағы Мәжіліс пен мәслихат депутаттары ауқымды реформаларды іске асыруға атсалысты, шалғай аудандардың сайлаушыларымен кездесіп, қоғамның өзекті мәселелерін шешу жолында қоғамдық пікірталастарға қатысты.

Қалалық мәслихаттың депутаты ретінде мен де 50-ден астам түрлі іс-шараға, атап айтқанда, сайлаушылармен, мектепке дейінгі және мектеп ұжымдарымен, өндірістік ұйым­дармен, Астана қаласындағы түрлі әлеуметтік маңызы бар қайырымдылық шараларына қатыстым.

Азаматтар жалпыұлттық референдумда конституциялық реформаны қолдады, бұл Мәжіліс пен мәслихаттарға кезектен тыс сайлау өткізу үшін бастама болды.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі сайлау депутаттық корпусты құрудың әділ ережелері бойынша өткізіледі, сондай-ақ кандидаттар мен партиялардың сайлауға дайындалуға уақыты жеткілікті екені атап өтілді.

Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың жаңа моделі сайлаушылардың мүдделерін жалпыұлттық және өңірлік деңгейде неғұрлым нақты көрсетуге мүмкіндік береді, депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі артып, қоғам дамуының маңызды мәселелері бойынша пікірталастар белсенді өтетін болады.

Мен Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізімдер бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланатын, ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау тек бір мандатты округтер бойынша өткізілетін жаңа бастаманы қолдаймын.

Саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету де демократиялық принциптерге сәйкес келеді. Қазірдің өзінде біздің елімізде бірнеше жаңа саяси партия тіркелген.

Сайлау туралы «Тұран-Астана» университеті ұжымының пікірі мен көзқарасын білдіре отырып, сайлау қазақстандық қоғамды демократияландырудағы тарихи кезең болып табылатынын, ал жаңа депутаттық корпус Жаңа Қазақстанның үдемелі дамуының локомотивіне айналатынына сенімді екенін атап өткім келеді.

Гүлжамал ЖАПАРОВА,

«Тұран-Астана» ­университетінің ректоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button