Қоғам назарында – бала болашағы

Балаларды, соның ішінде балалар үйінің түлектерін колледжге бейімдеу – бұл ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды процесс. Бейімделу – бұл адамның табиғатпен және қоғаммен өзара әрекеттесуін сипаттайтын біртұтас, жүйелі жүлге.
Бейімделу процесінің ерекшеліктері адамның жеке психологиялық сипаттамаларымен, оның жеке даму дәрежесімен және әлеуметтік ортадағы мінез-құлық үлгісімен анықталады. Бейімделудің аспектілерін адамның әлеуметтік құрылымда болуы және психологиялық денсаулықтың жалпы деңгейі деп санауға болады. Ортаға бейімделу, негізінен, баланың жеке ерекшеліктеріне байланысты жүреді. Адаптацияның балада қалай өтіп жатқанын анықтау үшін арнайы диагностикалар алынады және сәйкесінше диагностика нәтижелеріне қарай түзету жұмыстары жүргізіледі. Біздің колледжімізде әртүрлі балалар оқиды, оның ішінде атап өтсек, жетім балалар да бар. Жетім балалар жас кезінен бастап жабық мекемелерде тұрады, гипоопека және қарым-қатынас тапшылығы жағдайында өседі. Оларды тәуелсіз болуға мәжбүр ететін мұндай жағдайларда өзін-өзі ұйымдастыру және мінез-құлқын жоспарлау қабілетінің салыстырмалы түрде жоғары дәрежеде дамуын күтіп жатамыз. Алайда еріктілікті қалыптастырудың осыған ұқсас компоненттері балалар үйінің балаларында отбасындағы құрдастарына қарағанда айтарлықтай төмен дәрежеде қалыптасады. Бұл – балалардың нақты күн тәртібі, ересектердің беретін тұрақты нұсқамалары сияқты компоненттер балалардың өз мінез-құлқын өз бетінше жоспарлау, жүзеге асыру және бақылау қажеттілігінен айырады және басқалардың нұсқауларын кезең-кезеңімен жүзеге асыру әдетін қалыптастырады. Ал отбасында тәрбиеленетін бала, бір жағынан, талаптар мен бақылаудың қатаң жағдайына тап болады, ал екінші жағынан, ересектермен бір істі бірге атқара отырып, жеке операцияларды жүзеге асыруды ғана емес, сонымен бірге жоспарлаудың, ұйымдастырудың күрделі бағдарламаларын да меңгереді. Отбасында балалар өздерін қызықтыратын нәрсеге қатысып, іс-әрекет жоспарын құрастырғанда біраз нәрселерді үйрену жүзеге асырылады. Интернат типті мекемелердің балалары осылай әртүрлі іс-шараларда ересектермен өзара әрекеттесудің әртүрлілігінен тыс қалған, нәтижесінде жоспарлау, өзін-өзі тәрбиелеу сияқты мінез-құлықты ерікті реттеудің негізгі компоненттері нашар қалыптасады. Осылайша, отбасынан тыс өсетін балалардың мінез-құлқының өзіндік ерекшеліктері бар.
Әрбір білімдеушілердің бірегей екенін және олардың бейімделу тәжірибесі әртүрлі болуы мүмкін екенін түсіну маңызды. Дегенмен, олардың сәтті бейімделуіне көмектесетін жалпы принциптер бар. Олар:
Демеу болатын орта құру: колледжде әрбір білімгер маңызды, сондықтан да балаларды қолдау, оларға психологиялық жағынан жайлы орта құру қажет. Бұл қолдау бағдарламаларын, кеңес беруді және тәлімгерлікті қамтуы мүмкін.
Дара тіл табу: Әр баланың бейімделуі әртүрлі. Кейбір білімгерлер жаңа ортаға үйрену үшін басқаларға қарағанда ұзағырақ уақыт алуы мүмкін. Сол себепті олардың қажеттіліктерін ескеру маңызды.
Психологиялық қолдау: Балалар үйінің білімгерлерінің ерекше психологиялық қажеттіліктері болуы мүмкін болғандықтан, психологиялық қолдау және кеңес беру өте пайдалы.
Әлеуметтену мүмкіндіктерін құру: Білімгерлердің басқа балалармен тез тіл табысуы үшін әлеуметтену мүмкіндіктерін құру маңызды. Бұл – жалпы іс-шаралар, тренингтер немесе ортақ қызығушылықтары бар топ, клубтар құру.
Бейімделу дағдыларын үйрету: Білімгерлерге бейімделу, стресті басқару және жанжалдарды шешу дағдыларын үйрету өте пайдалы болуы мүмкін. Бұл дағдылар оларға жаңа ортаны жақсы басқаруға көмектеседі.
Бейімделу процесі ұзақ процесс екенін ескеру қажет және әр білімгер өз қарқынымен қозғалады. Ең бастысы, сәтті бейімделу үшін қажетті қолдау мен ресурстарды қамтамасыз ету және білімгерлерге олардың жаңа ортада бағаланатынын және оларды қолдайтынын көрсете білу керек.
Назерке ҚАЛИЛА, Астана қаласы
әкімдігі техникалық колледжінің психолог-маманы