Әлеумет

ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛГІСІ

ERA_79201991 жылы тәуелсіздігін жариялай отырып, демократиялық даму жолына түскен Қазақстан әлемдік екі ірі қауымдастық – Біріккен ұлттар ұйымы мен Еуропалық қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымына мүшелікке кірді. Адам өмірін, құқылары мен бостандығын қоғамның басты құндылығы ретінде бекітті. Қазақстан қоғамының полимәдениетті, полиэтносты, поликонфессиялы жағдайында әлеуметтік әртекті топтардың тең құқыларын қамтамасыз ету, барлығын ортақ мүдде аясында жұмылдырып, ұлт қалыптастыру, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау сияқты күрделі міндеттер айқындалды.

Аталған міндеттерге өзек болған әлеуметтік құндылықтар қоғам сұранысынан туындаған қажеттілік ретінде стратегиялық мәнге ие болды. 130-дан аса этнос өкілдері мен түрлі діндер бас қосқан еліміздің әлеуметтік құрылымының күрделі жағдайы этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастар саласында сындарлы саясат жүргізу керектігін міндеттеді. Бұл орайда шетелдік тәжірибе де зерделенді.

Әлем кеңістігінде мұндай қоғамдарды бас­қа­рудың бірнеше моделі қалыптасқан. Қазақстан қоғамының демографиялық, геоаумақтық, мәдени-тарихи ерекшеліктеріне байланысты шетелдік тәжірибені көшіріп қолдану мүмкін болмады. Сондай-ақ, аталған үлгілердің қайсысы болса да дағдарысты жағдайда еді.

Ассимиляцияға негізделген саясат қоғамдағы саны аз этностардың этномәдени болмысын жоюды мақсат етеді. Осылайша, ассимиляция объектісіне екі таңдау бар: ар-намысын жоғалту немесе ұлттың өлуі. Әйгілі ғалым Л.Н.Гумилев мұндай жағдайда мемлекеттің де ұтылатындығын жеткізеді: өз этномәдени болмысын жоғалтқан топтар негізінде екіжүзді, мемлекетті шынайы қолдамайтын, жасанды азаматтық ұстанымдағы топ пайда болады. Олардың сыртқы іс-әрекеті ғана қадағаланса, ішкі көңіл-күйлерін реттеу мүмкіндігі жоғалып, ұлт қалыптастыру міндеті әлсірейді. Қоғамда ашық наразылықтар да орын алып, тұрақтылыққа зиян келеді.

«Қайнама қазан» немесе «салат» және мәдени плюрализм үлгілері де этностардың мәдени сұраныстарын қанағаттандыру және қоғамды ынтымақтастыру міндеттерін атқаруда дәрменсіздік танытты. Аталған үлгілердің артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп, елдің мәдени-тарихи орныққан құндылықтарын жаңғырта отырып, Қазақстан өзіндік үлгі қалып­тастырды. Ол – саналуандылық сипатындағы бірлікті таныстыратын қазақстандық үлгі.

Аталған үлгінің қалыптасуында және мазмұндық-құрылымдық дамуында негізгі рөл атқарған фактор – Елбасы феномені. Егемендіктің алғашқы жылдарынан-ақ мәселенің маңыздылығын күн тәртібіне қойған Елбасы халыққа арнаған әрбір жолдауында елді сабырлылыққа, толеранттылыққа, бірлікке шақырды. Ел заңнамасын қоғамдық келісім мен тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағыттап, билік органдарының қызметін аталған құндылықтар тұрғысынан реттеп отырды.

1992 жылы Қазақстан халқының кезекті форумдарының бірінде жасаған баяндамасында Елбасы: «…халықтар достығын қазақ­стандықтардың бірнеше ұрпағы қалып­тас­тырды. Бүгінгі таңда, тарихымызды қайта таразылау кезінде, бұл байлықты жоғалтуға, интернационализмнің игі дәстүрлерін жоққа шығаруға хақылы емеспіз. Олар соңғы он жыл бойында және партиялық нұсқаумен қалыптасқан жоқ. …Қазақстанға бұл халықтар барлық жағдайда өз еркімен қоныстанбаған. …Біздің жеріміз барлығын жылы қабылдап, мыңдаған адамдардың туған үйіне айналды. Бұл жағдайда қазақ ұлты, оның ашықтығы, ғасырлардан келе жатқан қонақжайлық және бейбіт көршілестік дәстүрлері ең шешуші рөл атқарды. Бірлескен еңбек, аға ұрпақтың басына түскен ауыртпашылықты еңсеру, күнделікті тұрмыстық тіршілік пен мерекелер арқылы республика халықтарының қазіргі келбетін таныстыратын өзіндік ортақ дүниесі қалыптасты» деп, тарих пен тағдыр ортақтығы жағдайында қазақстандық ортақ мәдениет пен бауырластық ұстаным қалыптасқандығын айтып, ел бірлігінің тұғырнамасын анықтап берді. Барлық этностарды бодандықтан енді арылған қазақ халқының ұлттық санасының жаңғыру үрдісіне түсіністікпен қарауға да шақырды.

Мәселенің өз деңгейінде шешімін табуы үшін билік пен азаматтық қоғамның өзара іс-әрекетін қалыптастырудың тиімді тетіктерін қарастырды. Форумдардың бірінде мұндай шешімді Елбасы былай ұсынады: «Біз күнделікті әр адамның, әр халықтың және әр ұлттың дауысын естиміз бе? Өкінішке қарай, әрдайым олай емес. …Біз жаңа қоғамдық институт – Қазақстан халықтарының келісімі және бірлігі Ассамблеясын құра аламыз. Ол жалпыхалықтық ұлтаралық келісімді бекіту міндетін шешетін саяси емес, үкіметтік емес ұйым болар еді».

Осылайша, көп ұзамай 1995 жылы наурызда Елбасы Жарлығымен «Қазақстан халқы ассамблеясы» институты құрылып, іске қосылды. Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асырудың басты буыны болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда 800-ден аса этномәдени бірлестіктердің басын қосқан ірі азаматтық қоғамдық құрылым ретінде орнықты. Құрамы әртүрлі этнос өкілі болып табылатын 400-ге тарта азаматтан құрал­ған Ассамблеяның басты мақсаты – Қазақ­стан халқының бірлігін қамтамасыз ету, аза­мат­тар­дың мемлекеттік-азаматтық сәйкестігін қалып­тастыру. Сол себепті аталмыш құрылым тек этностардың мүддесін ғана емес, ең алдымен, халықтың мүддесін біртұтастықта таныстырады.

Қазақстандық ассамблеяның артықшылығы  – оның құрамында қазақтардың да болуы (мәселен, Қырғыз ассамблеясы құрамында қырғыздар жоқ). Мұндай шешім ел бірлігін нығайтуға, ең алдымен, қазақтардың мүдделі болуы керектігін түсіндіреді. Сондай-ақ, ел бірлігін қамтамасыз ету үшін Ассамблея аясында, бірінші кезекте, қазақтың өзінің бірлігін қамтамасыз ету міндеті да айқындалады. Ата-қонысында мемлекет құрып отырған қазақ халқының этномәдени бірлігін нығайту, ұлттық-этникалық сәйкестігін қалыптастыру арқылы ғана өзге этностарды қазақтың маңына топтастырып, іргесі берік ел болуға болады. Халықтың бірлігі – ең алдымен, қазақтың бірлігі.

Елбасының төрағалық етуі Ассамблеяның мәртебесін асқақтатып, оның азаматтық әрі биліктік ресурстарға қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Ассамблея – Елбасының қоғаммен этносаралық қатынастар саласындағы мәселелер бойынша кеңесетін алаңы. Бұл алаңға мемлекет басшысы биліктік құрылымдарды да тартып, қоғамдық келісім мен тұрақтылық мәселелерінің жалпылық сипатын ұғындырып, әріптестігін нығайтты.

Ассамблеяның ең жоғарғы органы болып табылатын жыл сайын өтетін Сессия отырысында ел тағдыры үшін маңызды мәселелер тал­қыланып, халықтық шешім қабылданады.  Оның өкілдері көтерген проблемалар ортаға салынып, зерделенеді. Билік органдарына арнайы тапсырмалар беріледі. Жұмыстың сапалы жүргізілуіне белгілі ғалымдар мен сарапшылардың басын қосқан Ғылыми-сарапшылық кеңес қолдау көрсетеді.

Ассамблеяның атқарушы органы болып табылатын Хатшылық республика Президенті әкімшілігінің құрылымдық бөлімі ретінде ұйымдастырылып, атқарушы билік саласында кең уәкілеттілікке ие болып отыр. Жергілікті деңгейде де өңір әкімдерінің төрағалық етуімен облыстық (Астана, Алматы қалаларының) Ассамблеялар қызмет етуде. Олардың атқарушы органдары – хатшылықтар әкімдер аппаратының құрылымдық бөлімі болып, жергілікті атқарушы билікке араласқан.

Ел бірлігі идеясы заңнамалық тұғырын да бекітіп келеді. Қазақстан Конституциясының кіріспесі «Біз Қазақстан халқы..» деп бастала отырып, ұлтына, тіліне, дініне, т.б. белгілеріне қарамастан, барлық азаматтардың тең құқылығын бекітіп, ел бірлігі идеясын орнықтырды.

2008 жылы «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заң қабылданып, аталған құрылымның құқықтық мәртебесін анықтаса, 2010 жылы Ел бірлігі доктринасы қабылданып, Қазақстан халқы бірлігінің мазмұндық болмысын бекітті. Саналуандылық сипатындағы бірлік идеясы мем­лекеттік ұлттық саясаттың негізгі өзегіне айналды.

2007 жылы Ассамблея заң шығару ісіне қатысу мүмкіндігіне ие болып, конституциялық негізін жетілдірді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне ҚХА атынан 9 депутат сайлана отырып, өкілдікті органда халық мүддесін біртұтастықта таныстыруға жол ашылды. Бүгінде Парламентте ҚХА депутаттық тобы құрылып, өз құрамына саяси партиялардың фракция мүшелерін де біріктірген. Сол арқылы саяси партияларды Ел бірлігі идеясының аясында топтастырып, ортақ мақсат жолында ынтымақтастырудың жалпыхалықтық платформасы қалыптасты.

Қоғам өкілдерін ортақ көзқарас пен ұстанымға келтіріп, қайшылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік этносаясаттың императивтері де қабылданды. Соның негізінде, ең алдымен, ұғым­дық атауларға сараптама жасалып, қазақ­стандық түсінік негізделді.

Елдің ішкі мазмұндық-құрылымдық жүйесін жасаумен қатар сыртқы сахнадағы рөлін көте­руде де Елбасының еңбегі ерен. Дүниежүзі қауым­дас­тығына Қазақстанды таныстыра отырып, оның өзіндік даму жолы бар екендігін ұғындырды. Батыс пен Шығыс өркениетінің аралығында орналасса да, мәдени-тарихи даму барысында олардың ық­палында қалмай, көшпенділік өркениеттің өзін­дік мазмұнын сақтап қалған, ұлттық болмы­сының еуразиялық бағытын жаңғыртқан қазақстандық жолдың бәсекеге қабілеттілігін мойындатты.

Бүгінде еліміздің дамуы жаңа белестерге көтеріліп, әлемдік деңгейдегі бастамаларға жол ашты. Ядролық жаппай қырып жою қаруынан бас тартып, бейбіт кеңістік қалыптастыру, халықтар достығы мен жалпыадамзаттық дамуды ұлықтау, өңірлер мен өркениеттерді рухани-мәдени жақындастыру, «G-глобал» жобасы негізінде жаһандық дамудың дағдарысын реттеу, т.с.с. игі бастамалар халықаралық қарым-қатынастар дамуына жаңа серпін берді.

Талғат ЖАҚИЯНОВ,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Мемлекеттік басқару академия­сының жетекші ғылыми қызметкері,

әлеуметтану ғылымының кандидаты

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button