ӘлеуметБасты ақпарат

ҚОҒАМДЫҚ КЕЛIСIМНIҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

ERA_0830

2015 жыл елімізде Қазақстан халқы ассамблеясының жылы ретінде жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты келесі жыл елордалықтар үшін «Астана – бейбітшілік пен келісім қаласы» ұранымен өтпек. Бұл туралы кеше Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының ХІV сессиясын ашқан қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлімдеді.

«Қазақстандық патриотизм контекстіндегі Астана феномені: көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамның табысы» тақырыбында өткен кезекті сессияда елорда әкімі ауызбіршілік пен бейбітшіліктің арқасында Қазақстан іргесі берік тәуелсіз елге айналғанын, енді тәуелсіздік ұғымын әр азамат қастерлеп, тұғырын – берік, туын биік ұстау керектігін атап өтті. Жұртшылықты сессия жұмысына белсенді қатысуға шақырған қала әкімі ынтымақ пен бірліктің айбынын асыратын Ассамблея жылы жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

Бұдан кейін сөз Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжановқа берілді.

Ол «Қазақстан – 2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының     ХХІ  сессиясында Елбасы осы қоғамдық институттың 20 жылдығына байланысты келесі жылдың «Қазақстан халқы ассамблеясы жылы» деп жариялануында үлкен мән жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл – Ассамблеяның құрылым ретінде тойлайтын мерекесі емес. Керісінше, Ассамблея жылын тәуелсіз Қазақстанның бейбіт және келісім саясатының 20 жылдығы, Қазақстан халқының жарасымды ынтымағы мен берекелі бірлігінің арқасында жеткен жемісті жеңістерінің 20 жылдығы,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық тағаттылық пен қоғамдық келісім үлгісінің   20 жылдығы деп түсінуі қажет. «Бұл жыл – жері мен елі бір, арманы мен тілегі бір, бүгіні мен болашағы бір – Қазақстан халқының  ауызбіршілігін  арттыра түсетін  жыл» дейді Ералы Лұқпанұлы.

Аласапыранға толы бүгінгі заманда әр қазақстандық бейбітшілік пен татулықтың қадірін жете түсінген сыңайлы. Ералы Тоғжанов келтірген мәліметке сүйенсек, бүгінде қазақстандықтардың 94,5 пайызы өздерін бірлігі жарасқан халықтың өкілі санайтынын жеткізген. Қазақстандықтардың 94,9 пайызы еліміздегі ұлтаралық ахуалды жоғары бағалаған. Ал этникааралық саладағы мемлекеттік саясатты ел азаматтарының 95,7 пайызы қолдайды екен. Сондай-ақ, тұрғындардың 89,5 пайызы Қазақстан халқы ассамблеясы республика халқының мүддесіне жұмыс істеп жүргеніне сенім білдірген. «Бұл құр сан ғана емес, халықтың бір-біріне деген түсіністігі, әр қазақстандықтың бірлікті сақтауға қосқан үлесі» дейді Е.Тоғжанов.

Ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайта түсу бағытында  Қазақстан халқы ассамблеясы былтыр 3,5 млн адамды қамтыған 10 мыңнан аса шара өткізіпті. Олардың апта сайын республиканың түпкір-түпкірінде өткізетін шараларына кемі 6 мыңнан аса адам қатысады екен. «Мысалы, Ассамблеяның бастамасымен бүгінде еліміздің әр жерінде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы өтуде. Әлеуметтік қорғауға мұқтаж жандарға арналған акция барысында жарты миллионнан астам адам қолдауға ие болды» дейді Ералы Лұқпанұлы.

Қазіргі таңда Ассамблея мәртебесін, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлін арттыру мақсатында қыруар жұмыстар қолға алынған.  Атап айтқанда, Ассамблеяның конституциялық мәртебесі  бекітіліп, арнаулы заң қабылданды. Ассамблеядан Парламентке депутат сайлау үрдісі енгізілді.

Енді қоғамдық институттың аймақтардағы жұмыстарын жетілдіруге айрықша маңыз беріліп жатыр. Осыған байланысты әр облыста аумақтық ассамблеяларды дамыту жөніндегі тұжырымдама бекітіліп, Достық үйлері ашыла бастады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен аумақтық ассамблея меңгерушілерінің лауазымдық мәртебесі мемлекеттік қызметкерлердің тізілімдемесіндегі D2 санатына енгізілді.

Бүгінде тоғыз өңірде ассамблея кафедралары ашылған. Бұл ұйымдар тұрақтылық пен келісім жөніндегі мемлекеттік саясаттың мән-маңызын жастарға ұғындырады. Осыған байланысты арнайы құрылған Этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастар орталығы 1613 адамды оқытып шығарыпты. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ақпарат құралдарының өкілдері мен сарапшылар бар.

Бүгінде елімізде әр этностың тілін, ділін, салт дәстүрін дамытуға жағдай жасалғанына тоқталған Е.Тоғжанов өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ықыласы да жоғары екенін атап өтті. Осыған орай, жүргізілген сауалдамаға қатысушылардың 87 пайызы мемлекеттік тіл – бүгінде қажеттілік тіліне айналып отырғанын мойындаған. «Мұның өзі қазақ тілі – біртұтастықтың басты факторы екендігін көрсетеді» дейді ол.

Бұдан кейін Ассамблея мүшелері сөз сөйлеп, лебіздерін білдірді.

Жиынды қорытындылаған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов елордадағы этномәдени бірлестіктерінің жұмысына байланысты жиын өткізілетінін, онда ұсыныс-тілектерді, толғандырып жүрген мәселелерді тыңдауға әзір екенін жеткізді.

Алқалы жиынның соңында Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясының қарары қабылданды.

Бұдан кейін жиын салтанатты шараға ойысып, мәдениетаралық сұхбаттастық пен бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы ассамблеясының бірнеше мүшесі марапатталды.

CҮБЕЛІ СӨЗ

Халил МАСЛОВ, Еуразия ұлттық университетінің доценті:

– Елбасы «тарих бізге сан алуан ұлттар мен ұлыстардың ортасында өмір сүруді жазыпты. Егер біз өзіміздің басты мақсатымыз – гүлденген, көпұлтты мемлекетте өмір сүргіміз келсе, гуманизм, этносаралық толеранттылық қағидаттарын берік ұстануға тиіспіз» деп атап өткен болатын.

Еліміздің білім саласындағы ұлттық саясатының бір бағыты – этномәдени толеранттылықты қалыптастыру. Соған сай қазірдің өзінде Қазақстан халқы ассамблеясы шеңберінде ғылыми-сараптамалық кеңес, этникааралық және конфессияаралық оқыту орталығы сынды құрылымдар жұмыс істейді. Былтыр университетіміздің қабырғасында да қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосатын Ассамблея кафедрасы ашылды. Бұл – жастарымызды өзара тату-бірлікте өмір сүруге үндейтін тәрбие ошағы.

ERA_0836

Сергей БОГАТЫРЕВ, Астана қалалық мәслихатының депутаты:

– Менің әжем Қазақстанда 1914 жылы туған екен. Ал үлкен әжеміз Столыпин реформасы кезінде Қазақ жеріне келіпті. Анамның әке-шешесі бай-кулактарды тәркілеу кезінде осында жер аударылыпты. Нағашы ата-әжеміз де қуғын-сүргін көрген кісілер. Қиын-қыстау заманда  ауыртпалыққа тап болған ата-бабаларымыз қазақ жеріне келіп пана тауыпты. Жергілікті ұлттар оларды жатырқаған жоқ. Бауырына тартып, бір үзім нанды бөлісіп жеді.  Сол аталарымыз, сол аналарымыз қиын сәтте өздеріне көмек қолын созған қазақтарға, қазақтың жеріне құрметін біздерге, балаларына аманат етті. Бүгінгі біздің жетістігіміз, бақытымыз, тату тірлігіміз ортақ Отанымыздағы салиқалы саясаттың арқасы.

Атап айтқанда, Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының Астанадағы филиалы төрағасының орынбасары Мұрат Тохтибакиев пен «Оберег» украин қоғамының орынбасары Тамара Ширмер «Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалін еншіледі.Ал, Астана қаласының «Хазар» әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Вивади Агаев пен Астана қаласының түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев Қазақстан халқы ассамблеясының Құрмет грамоталарын иеленді.

«Злата» болгар этномәдени бірлестігінің төрағасы Ольга Андриевская, Астана қаласының «Барбанг» күрдтер қауымдастығы төрағасының орынбасары Мәлика Садықова, Астана қаласының «Вайнах» этномәдени бірлестігінің мүшесі Башир Сосланов, Астана қаласының кәріс этномәдени бірлестігінің концертмейстрі Ләззат Хамзина, Астана қаласының Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптау тобының мүшесі Юли Шаповалға Қазақстан халқы ассамблеясының Алғыс хаттары табыс етілді.

Сонымен қатар, «Возрождение» неміс қоғамы төрағасының орынбасары Наталья Берг, «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Минавархан Мамаева және «Ван» армян қоғамының жексенбілік мектебінің директоры Айастан Мнеянға Астана қаласы әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button