Қоғамдық кеңес есеп берді

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтіп, кеңестің 2022-2025 жылдары атқарған қызметі бойынша қорытынды есебі тыңдалды. Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлфухар Ғайыпов кеңестің үш жылда атқарған қызметімен таныстырды.
стана қаласы мәслихатының 2022 жылғы 30 наурыздағы №158/23-VII шешімімен бекітілген 31 адамнан тұратын елорданың Қоғамдық кеңесінің сапалық құрамына тоқталған төраға білім беру ұйымдарынан – 5, коммерциялық ұйымдардан – 8, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестік өкілдерінен 18 адам кіргенін тілге тиек етіп, елордалық Қоғамдық кеңес 99 пайызға толығымен жаңарғанын жеткізді. Олар тек елордаға ғана емес, елімізге абыройлы, беделді, халыққа танымал азаматтар деп атап өтті.
Кеңестің барынша нақты және нысаналы қызметін қамтамасыз ету үшін 5 комиссия құрылып,
1. ақпараттық-талдау жұмысы;
2. бюджет, экономика және қаржы мәселелері;
3. әлеуметтік саясат саласындағы азаматтық қоғамның мүддесін білдіру мәселелері;
4. кәсіпкерлікті дамыту мәселелері, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау мәселелері;
5. энергия тиімділігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері, құрылыс және экология бағыттары бойынша қызмет еткені баяндалды.
Әр комиссияның есепті кезеңдегі атқарған жұмысына жеке-жеке тоқталып, атап айтқанда, әлеуметтік саясат саласындағы азаматтық қоғамның мүддесін білдіру мәселелері жөніндегі комиссия (төрайымы Рәмзия Фаатовна Өмірбаева) маусым, тамыз айларында елордамыздағы жайлы мектеп құрылыстарын аралап шыққан. Нәтижесінде қала билігіне аталған саладағы мәселелерді уақытылы шешу керектігі туралы өз ұсыныстары берілген. Соған сәйкес құрылыс нысандарындағы жұмыстар қарқын алды. Бұл өз кезегінде Астанадағы білім ошақтарын жаңа оқу жылына дайындығын уақытылы аяқталуына септігін тигізген.
Дәл сол сияқты бюджет, экономика және қаржы мәселелері жөніндегі комиссияның (Руслан Маратұлы Тәжен) қызметі туралы айтуға болады. Бұл жұмыс жүйелі түрде тоқсан сайын әкімдіктің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, «Астана» ӘКК «айналым тетігі» жобасын іске асыруға қатысатын және қалалық бюджеттен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға жеңілдікпен кредит беретін «Magnum», «Анвар» ірі желілерінің бірқатар сауда нүктесінде баға саясатына мониторинг жүргізілген. Мониторинг нәтижелері жергілікті билік органдарына ұсыныс ретінде беріліп отырған. Сонымен қатар елорданың бюджетін нақтылау және қаланың 3 жылдық бюджетін қарастыру барысында өздерінің ұтымды ұсыныстарын дер кезінде берген.
Басқа комиссиялардың да миссиясы осындай. Энергия тиімділігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері, құрылыс және экология комиссиясының (Ю.Х.Келигов) жұмысы туралы да ауыз толтырып айтуға болады. «Аталған комиссияның тікелей бастамасымен жыл сайын жылу мерзімі басталмастан бұрын жылу мен энергия объектілеріне мониторинг жасау дәстүрге айналды» деді төраға Зұлфухар Сұлтанұлы. Қоғамдық кеңес мүшелерінің тікелей бақылауы мен араласуының нәтижесінде №3 жылу-электр орталығы уақытылы іске қосылды. Жол құрылысына қатысты да дәл осындай жұмыстар атқарылды.
Кеңес отырысына түскен нормативтік актілер, қала әкімдігі мен мәслихат қаулыларын бекіту мен өзгерістер енгізуде, елордадағы қауіпсіздік пен кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша сұрақтарды, сондай-ақ, қала тұрғындары тарапынан түскен өтініштерді қарастыру барысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелері, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау мәселелері бойынша комиссия (Е.О.Алауханов) тыңғылықты жұмыс атқарған.
Сонымен бірге ақпараттық-талдау комиссиясының жұмысын атап өткен орынды. Қоғамдық кеңес пен билік арасындағы атқарылған жұмысты қала тұрғындарына уақытылы, сапалы да мазмұнды жеткізуде өте белсенді жұмыс атқарғаны айтылды. Үш жылдық қорытынды есеп нәтижесі бойынша жоспарланған сұрақтар дер кезінде қарастырылып, қоғамдық тыңдау қорытындылары шығып, барлығы да елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын, атқарушы органдардың есептерін және басқа да мәселелерді қамтыған нормативтік құқықтық актілердің жобалары талқыланғаны ортаға тасталды.
Қоғамдық кеңес мүшелері қала бюджетінің мәселелерін, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуде белсенді атсалысқанын айрықша атады. Күн тәртібіндегі мәселелердің әрқайсысын қарауды «бұл қала тұрғындарына қалай әсер етеді?» деген принцип арқылы қарастыру Қоғамдық кеңес мүшелерінің үнемі ұстанатын қағидатына айналғаны айтылды.
Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына байланысты Қоғамдық кеңес мүшелері үлкен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізгені, барлығы 12 мыңнан астам адамды қамтитын 230-дан астам іс-шара өткені баяндалды. Елорда инфрақұрылымының дамуы мен проблемалары жан-жақты талқыланған тыңдаулар өтіп, билік өкілдеріне ұсыныстар жолданған. Есеп беру жылында қаланың өзекті мәселелері бойынша кеңес мүшелері елорда әкімі Жеңіс Қасымбекпен екі рет тікелей кездесіп, мәселелерді өзара талқылағаны да тілге тиек етілді. Жалпы Қоғамдық кеңес, билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстырушы буын бола отырып, қоғам мен билік арасында тиімді диалог орнату және қала өмірінің көптеген саласындағы проблемаларды шешуде өзіне жүктелген миссияны өз деңгейінде атқарды деген есеп берілді. Айтқанымыздың дәлелі, атқарған қызметтерге жоғары баға беріліп, Қоғамдық кеңес мүшелеріне қала әкімдігі мен қалалық мәслихат төрағасының атынан алғыс хаттар табысталды.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі,
ҚР ҰҒА академигі