Басты ақпаратҚала мен Сала

Қоғамдық кеңістіктер – әсем әрі қолайлы

Қоғамдық кеңістіктерді көбейту арқылы қала жұртшылығының тиімді демалысы мен спортпен айналысуына көбірек қолайлы жағдай жасалады. Сонымен бірге мұндай кеңістіктерді қаланың әр тұсындағы бос, қараусыз жатқан жерлерде ашып, оны абаттандыру қуыс-қуыс­та жастардың құр сенделіп жүрмеуіне септік ету арқылы түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алуға, шаһар сәнін арттыруға да ықпал етеді. Осы ретте елорданың Бас жоспарында қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын тиімді және денсаулығына пайдалы түрде өткізе алатын жаңа тартымды орындар ашуға зор мән берілген.

Елордада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаланы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Президент халыққа Жолдауында бұқаралық спорт, дене шынықтыру және балаларға басымдық беру керектігін үнемі айтады. Басымдықтардың бірі – серуендеуге және спортпен айналысуға арналған орындарды құру. Әр ауданның және тұрғын алаптарының өзіне тән көрікті орындары болғаны маңызды.

Астана қалалық Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің айтуынша, биыл елордада 165-тен астам қоғамдық бірлестіктер мен аулалар абаттандырылып, 1 млн жасыл көшет отырғызылған. Соның 130-дайы оң жағалауда. Қаланың бұрынғы тарихи орталығын, «Жағалау» жақты және қаланың барлық аудандарын дамыту бойынша тұжырымдама әзірленді. Қ.Сәтпаев, Бейбітшілік, Желтоқсан, Ш.Уәлиханов көшелері мен Мәңгілік ел, Бөгенбай батыр даңғылдары және Ақбұлақ өзенінің жағалауында осындай ірі кеңістіктер ашу жобалары жүзеге асырылды. Аудандар бойынша айтар болсақ, осы жылы Алматы ауданында 8 қоғамдық кеңістік пен 60 аула, Сарыарқа ауданында 4 кеңістік пен 40 аула, Нұра ауданында 6 кеңістік пен 4 аула, Есілде 7 кеңістік пен 12 аула, Байқоңыр ауданында 10 кеңістік пен 25 аула абаттандырылды.

– Елорданы урбанистік тұрғыда дамыту аясында біздің орталық халықаралық тәжірибе жинақтады. Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Ташкент, Душанбе, Ашхабад, Самарқан қалаларына жұмыс сапарымен бардық. Инклюзивті қаланың тұрақтылығын дамыту бойынша БҰҰ өңірлік бөлімдерімен жұмыстар жүргіздік. Сонымен қатар осы жазда халықаралық мамандарды тарта отырып елорданы дамыту мәселелері бойын­ша астанада өткен Бауырлас қалалар форумында панельдік сессия ұйымдастырдық, – дейді Е.Базыкен.

Бүгінде Мыңжылдықтар Аллея­сы ауданын дамытудың бастапқы тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Шетелдік мамандарды тарта отырып қаланы кешенді дамыту туралы Президенттің тапсырмасына орай британдық компания қызметкерлері осы жұмысқа қатыстырылды. Тұжырымдама мен бастапқы дизайн қалада діттеген жеріңе тез жету идеяларын біріктіреді, сонымен бірге сәл аялдап, тынығып алуға, кең тыныстап, бой сергітуге және әрі қарай бірқалыпты жайлы өмір сүруге мүмкіндіктер қарастырылады.

– Урбанистика орталығы Астана қаласын көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Оған қаланың әр ауданындағы қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша сұлбасы мен көгалдандыру жарғысы кірді. Аталған құжат барлық стейкхолдер, яғни құрылыс компаниялары, бизнес пен өндіріс нысандары және жергілікті қоғамдастықты тарта отырып жасыл және жайлы қала құрудың құралы болып саналады, – дейді орталық басшысы.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ?

Биыл үйлерін пайдалануға беретін қала құрылысын салушылармен де жұмыс жүргізілген. Қаланың дендрологиялық жоспары қайта қарастырылып, жасыл көшеттер отырғызу көлемі 2,5 есе арттырылған. Әр аудан тұрғындарымен қоғамдық талқылау өткізілген. Қала тұрғындарының кері байланысы кезінде айтылған ұсыныстар абаттандыру және көгалдандыру жоспарын жасау­ға ескерілген. Көгалдандыру жарғысын әзірлеуде халықаралық тәжірибеге иек артылып, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ мен Мәскеу қаласындағы РХДУ арасында көгалдандыруға ғылыми тұрғыда келу және ынтымақтас­тық туралы меморандумға қол қойылды. Елордалық мамандар Германиядағы тәлімбақтарға барып, олардың көгалдандыру бойынша тәжірибесін меңгерді.

Өткен жылы қалада 250-ден астам қоғамдық кеңістік пен аулалар абаттандырылды. Олардың қатарында қалалық алаң, абаттандырылған Бараев көшесі, Президент саябағындағы амфитеатр, «Встреча» сауда үйі алдындағы кеңістік, сондай-ақ қаланың елді мекендеріндегі скверлер сияқты орындар бар. Осының арқасында қараусыз қалған жерлер мен бос орындар саны айтарлықтай азайды.

ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫ КӨБЕЙДІ

Әкімдік тарапынан елордада жаңа қоғамдық кеңістіктер мен аулалар салуға әрдайым басты көңіл бөлінеді. Биыл шілде айында қала күні қарсаңында Амман және Абылай хан көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелдері ашылды. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерін байланыстырады. Сонымен қатар Қ.Мұңайтпасов көшесінен Петров көшесіне дейінгі жұмыс аяқталып, көлеңкелі шатырлар, ойын алаңдары орнатылып, ағаштар мен жасыл желектер отырғызылды. Сондай-ақ Петров көшесі мен Б.Момышұлы даңғылы аралығындағы учаскені абаттандыру қыркүйек айына дейін аяқталды. Одан соң Сәтбаев көшесі Қажымұқан көшесінен Петров көшесіне дейін жөнделді. Орталық жағалаудың тарихи көшелерінің қайта құрылуы жаңа абаттандырылған орындарды бұрынғы орындармен біріктіруге мүмкіндік берді. Тамыз айында «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы көлік қызметкерлері күні қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап «Салтанат қақпасы» монументінің жанында жаңа гүлзарды сыйға тартты. Алаң аумағында жапырақты ағаштар да отырғызылды. Сквердің құрылысы ұлттық компания мен Есіл ауданының әкімдігі арасында бұрын қол қойылған меморандум аясында жүзеге асырылды.

– Біз елорда тұрғындары мен қонақтары бос уақытын пайдалы өткізе алатын орындар санын кеңейту үшін ғана емес, сондай-ақ қаладағы саябақтар мен гүлзарларды қайта құру үшін де жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз, олардың бір бөлігі «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша аяқталды, – деген еді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек биылғы өткізген брифингтерінің бірінде.

Биыл жазда әкімнің өзі бастап қаланың саябақтары мен қоғамдық кеңістіктеріне ревизия жүргізді.

– Көрікті орындар мен мәдени нысандарға іргелес аумақтарды да көгалдандырамыз. Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының жанында қоғамдық кеңістік салып жатырмыз. Қазір ағаш отырғызу жұмысында кемшіліктер бар. Бұл проблеманы жақын арада ретке келтіруді тапсырдым.

Қолданыста бар саябақтар мен қоғамдық кеңістіктердің жай-күйіне көңіл бөліп қана қоймай, жаңа аулалар мен қоғамдық кеңістіктер саламыз. Себебі елорда тұрғындары мен қонақтары үшін бос уақытын ашық аспан астында пайдалы өткізе алатын орындар ашу маңызды, – деді елорда әкімі сол кезде.

Әкім айтқан биылғы жоспарға сай аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары қарашаның аяғында аяқталды.

– Биыл қаланы абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, бұрын көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарастырылған 9 орынға гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер салынатын болады. Мәселен, Ш.Айтматов-Сығанақ көшелерінің қиылысындағы учаскеде 12 қабатты көпфункционалды кешеннің орнына гүлзар салынды. Р.Бағланова көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында жеке құрылыс салушы тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған. Нәтижесінде бұл учаскеде инвестормен бірге қоғамдық кеңістік салынды. Күмісбеков көшесі, 7/1 мекенжайындағы ескі гараждардың орнына қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орын жасалды. ­Аумағы абаттандырылып, ағаш отырғызылды. Ал Көктөбе, 5 мекенжайында бос жердің орнына спорт-ойын аймағы салынды, – деді әкім өз сөзінде.

Сол сияқты қалада Орталық жағалаудағы тарихи көшелер жаңарып, «Журналистер аллеясы», Салтанат қақпасының жанындағы гүлзар, Ш.Уәлиханов көшесіндегі Кравцов көшесінен С.Сейфуллин көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер кеңістігі және басқа да орындар абаттандырылды.

КӨПІРЛЕР АСТЫ – КӨРІКТІ

Қоғамдық кеңістіктерді бос, қараусыз жатқан жерлерде немесе көпірлер астында салу жұмыстары да тиімділігін көрсетіп тұр. Қалада көпір астындағы және көпір жанындағы бос жатқан жерлерге салынған бірнеше кеңістік бар. Біреуі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы көпірдің астында орналасқан. Арт-кеңістікте стритбол, коньки, үстел теннисі және workout алаңдары бар. Оның басты мақсаты – спортқа жағымды ахуал қалыптастыру.

Екіншісі, Сарайшық көшесі тұсындағы «Арқар» көпірінің астында салынған. Тұрғындар мен қала қонақтарына арналған демалыс орны тамақтану аймағына және спорттық секцияларға бөлінген. Көпір астындағы кеңістік Триатлон мен Президент саябақтарын біріктірді.

Тағы біреуі Қабанбай батыр даңғылында Есіл өзенінің жағалауындағы көпірдің астында Самал шағын ауданы жағынан салынған. Мұндағы көлеңкелі қалқалар, балалар алаңы, демалуға арналған аймақ, қойылымдар/концерттер мен шығармашылық эксперименттерге арналған импровизацияланған сахна, тамақтану орындары халықтың жайлы демалысына септік етеді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button