Басты ақпаратҚала мен Сала

Қоғамдық көлік жайлы әрі жедел ме?

 Елорданы жайлы қалаға айналдырудың бір бағыты – қоғамдық көліктің қызметін ­жақсарту. Осы ретте Астана қаласының әкімдігі автобустарды жаңартуға ерекше маңыз беріп отыр. Мәселен, өткен жылы 400 жаңа автобус сатып алынса, биыл тағы 200 автобус алу көзделген. Қоғамдық көліктің сапасын арттыру мәселесі Астана қаласы мәслихатында жан-жақты талқыланды.

ЖАҢА АВТОБУСТАР КӨБЕЙДІ

Астанада әр жыл сайын жаңа автобустар көбейіп жатыр. Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшиннің айтуынша, өткен жылы автобус парктері алғаш рет субсидия есебінен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы автобустарды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бұрын бұл іс қала әкімдігі немесе «City Transportation Systems» ЖШС арқылы жүргізілді. Соның ішінде былтыр 400 автобус сатып алынды. Оның 320-сын коммуналдық автопарк, ал 80-ін жекеменшік автопарктер сатып алды. Өткен жылы жаңадан 8 бағдар (6 – қалаішілік, 2 – қала маңы) іске қосылып, автобус кестесі 106-ға көбейді. Биыл тағы 200 автобус сатып алу, 10 жаңа бағдарды (5 қалалық, 5 экспресс) жіберу жоспарланған. Осы жылы субсидиялар бо­йынша 48,4 млрд теңге қажет. Бүгінде 15 млрд теңге бөлінді.

«Жолаушылардың өтінішімен биыл Агроқалашық тұрғын алабынан ЭКСПО ауданына дейін жаңа бағдар жібереміз. Тағы бір бағдар осы тұрғын алаптан «Нұрлы жол» вокзалына дейін жүретін болады» деді Асхат Қарағойшин.

ЖОЛАУШЫЛАРДЫҢ ӨТІНІШ-ШАҒЫМЫ ҚАНДАЙ?

«City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Абат Шыныбековтің мәліметінше, елорда тұрғындарының 48 пайызы қоғамдық көлікті пайдаланады. Күнделікті автобустарға 600 мыңға жуық адам мінеді. Автобустағы жүру уақытын қысқарту мақсатында 100,5 шақырым аумаққа Bus lane жолақтары салынды. Қала бо­йынша 1400 аялдама жасалды. Қалада жалпы 1800-ге жуық автобус жүргізушісі бар.

«Қоғамдық көлік жұмысы бойынша тұрғындардан түсетін өтініштер мен шағымдарды күнделікті бақылауға алып отырмыз. Тиісті қызметіміз бірнеше ақпарат көзін, есептік кездесуді, тұрғындармен кері байланыс әдісін үнемі пайдаланады. Әсіресе тұрғын алаптары, шағын аудандар мен қала маңындағы елді мекендердің белсенді тұрғындарымен әртүрлі байланыс жүйесі қалыптасты. iKomek орталығына жолаушыларды тасымалдау қызметі бойынша ай сайын 6 мыңнан астам өтініш түседі. Оның негізгісі автобустардың жүру кестесінің сақталмауына қа­тысты, 51 пайызды құрап отыр. Автобус бағдарларының жүру сызбасын өзгерту, қоғамдық көлікті жақсарту 12 пайызды құрайды. Қызметкерлеріміздің немесе жүргізушілердің әрекетіне қатысты шағым-өтініш – 6,5 пайыз. Жалпы 2023 жылы iKomek орталығына 55,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Осы өтініштердің барлығы талданады және жұмыс барысында, әсіресе жаңа автобустар сатып алын­ғанда, жол инфрақұрылымын ұйымдастырғанда ескеріледі. Ал жүргізушілердің әрекетіне қатысты шағымдар дереу автобус паркі басшылығына жеткізіліп, шағымда көрсетілген деректер анықталған жағдайда тиісті тәртіптік шаралар қолданылады, айыппұл енгізіліп, жүргізушілер қайта даярлауға жіберіледі» деді Абат Шыныбеков.

Оның айтуынша, тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар ескеріліп, қоғамдық көлікті жаңғырту үдерісі үздіксіз жүргізіледі. 42 бағдарда автобус саны көбейіп, жүру интервалы азайды. Жаңа құрылған аудандар мен тұрғын алаптарды сапалы қоғамдық көлікпен қамту мақсатында 52 бағдардың сызбасы өзгерді. Қоғамдық көлікте жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көлік қызметкерлерін оқыту орталығында былтыр 618 жүргізуші қайта даярлаудан өтіп, 2100-ден астам бұзушылық бойынша тиісті шаралар қолданылды. Қаланың қоғамдық көлік желісінде 50-ден астам аялдама мен түсіріп-мінгізу аумағы жаңарды.

ҚАЙ КӨШЕЛЕРГЕ ҚОСЫМША АВТОБУСТАР ЖІБЕРІЛЕДІ?

«Қоғамдық көлікке сұранысы жоғары аумақтар бойынша үнемі талдау жасалады. Мамандарымыздың зерттеулеріне сәйкес, қазір қалада 21 аумақты белгілеп отырмыз. Қоғамдық көлікпен қамтылмаған 7 учаскені көріп отырмыз. Бұл – Ермек Серкебаев, Ақмешіт, Кенен Әзірбаев, Мағжан Жұмабаев, Темірбек Жүргенов, Хусейн бен Талал көшелеріндегі кейбір учаскелер, Тұран даңғылында Хусейн бен Талал көшесі мен Ұлы дала даңғылы учаскесі. Қоғамдық көлік қызметі жетіспейтін учаскелер де бар. Мұндай 10 учаскеге Болашақ, Қараменде би Шақаұлы, Сығанақ, Төле би, Хусейн бен Талал, Райымбек батыр, Шыңғыс Айтматов көшелері, Ұлы дала, Тұран даңғылдары, «Куршевель» тұрғын үй кешені аумағы жатады. Бұған қоса, Агроқалашық тұрғын алабында, «Жағалау», «Отау» шағын аудандарында, «Family village» коттедж қалашығында қоғамдық көлік жетіспейді» деді Абат Шыныбеков.

Баяндамашының мәлім­деуінше, биыл елордаға былтыр сатып алынған 96 жаңа автобус жеткізіліп, тағы 200 автобус сатып алынады. Бұл жұмыс жылжымалы құрам санын 1627-ге жеткізуге мүмкіндік береді. Жаңа автобустар есебінен 50 ескі автобус желіден шығарылады. Жолаушылар ағыны күніне 700 мыңға көтеріледі. Биыл қала әкімінің тапсырмасымен екі кезеңге бөлініп тағы 7 учаскеге Bus lane жолақтары енгізіледі. Бұл жолақтар бірінші кезеңде Мәңгілік ел, Тұран, Тәуелсіздік даңғылдары мен Керей-­Жәнібек хандар көшесінде, екінші кезеңде Ұлы дала, Р.Қошқарбаев даңғылдары және Ш.Айтматов көшесінде салынады. Сонда жылдың аяғында қаладағы мұндай жолақтың жалпы ұзындығы 160 шақырымға жетеді.

«ҚОЯНДАРДАН» ШЫҒЫН – 2,5-3 МЛРД ТЕҢГЕ

Қоғамдық көліктегі төлем жүйесі туралы баяндаған Абат Шыныбеков жолақы төлемейтін жолаушылардың кесірінен автопарктер жыл сайын орташа есеппен 2,5-3 млрд теңге жоғалтатынын жеткізді. Өткен жылы мұндай 202 мыңға жуық жағдай анықталды. Оның 10 мыңнан астамына тиісті айып­пұл салынды.

«Автобус парктері жоғалтқан ақшаға жылына 30-40 автобус сатып алуға болады. Қазір жолақы төлемеген жолаушыға 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Соны 5 АЕК-ке дейін көтеруді ұсынып отырмыз» деді Абат Шыныбеков.

Оның айтуынша, қазір елордада автобус жүргізушілерінің тапшылығы 1100 адамды құрайды. Сол себептен компания «Жол қозғалысы туралы» заңға D категориясы бойынша жұмыс тәжірибесін 5 жылдан 1 жылға, жүргізушілердің жасын 25-тен 21-ге түсіруді ұсынған.

«Елорда тұрғындарының саны қарқынды өсуіне байланысты 2026 жылға қарай қоғамдық көлік тапшылығы 400-ге жетеді деп болжанған. Сондықтан қазір автобустарды жаңарту мәселесі өте өзекті. Тұрақты субсидиялау болатын болса, жеке автобус парктері несие алу, лизинг арқылы парктерін жаңарта алады. Біз субсидиялау бойынша 3 жылдық жоспарды әзірлеуді ұсынып отырмыз» деп түйіндеді баяндамасын Абат Шыныбеков.

Жақында қалалық мәслихат депутаттары екі күндік рейд барысында қоғамдық көлік жұмысымен танысты. Осы отырыста олар сол кезде және баяндамаларды тыңдаған соң туындаған сұрақтарын қойды.

«Өткенде таңғы 8-де №68 мектеп аялдамасынан №64 бағдарға отырдым. Бұл автобусты 25 минут күттім. Оның ішінде тұрғындармен сөйлестім. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағдардың жұмысы жолаушыларды мүлде қанағаттандырмайды. Олар автобусты таңғы 8-9 аралығында бір сағатқа де­йін күтеді. Кешкі 6-8-дерде де осындай жағдай. Автобус толық, адамдар сыймайды. Халық соның кесірінен жұмыстан қалып, балаларын уақытында балабақшаға, мектепке жеткізе алмайды. Неге таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта қосымша автобус шығаруға болмайды?! Осы мәселеге ерекше көңіл бөлуді сұраймын» деген депутат Бауыржан Смайылов қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысына осы бағдарға бірге мініп көруді ұсынды.

ЖҮРУ СЫЗБАСЫ ҚАЙТА ҚАРАЛУЫ КЕРЕК

Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов қала тұрғындары көбейген сайын қоғамдық көлік саласында күрделі мәселелер туындағанын айта келе, былтыр мәслихат осы мәселе бойынша жауапты мекемелерге ұсыныстарын жеткізгенін айтты.

«Қоғамдық көліктің жүру сызбасын қарауымыз керек. Әлемнің ірі қалалары мен астаналарында біздегідей бір нүктеден екінші нүктеге жеткізетін қоғамдық көлік жүйесі жоқ. Әлемнің үлкен қалаларында қоғамдық көлік айналма бағытымен жүреді. Мәскеуде де, Сеул­де де, Анка­рада да, Берлинде де солай. Астананың осыған жауапты мамандары 4-5 жыл бойы соны қарап жүрсіздер. Әрі қарай да бір нүктеден екінші нүктеге автобус жүргізсек, қанша сатып алсақ та жетпейді. Егер айналма бағыт жасамасақ, мәселе күрделі күйінде қала береді. Себебі Бас жоспарымыз бекітілді, алдағы 10 жылда қай аудандардың дамитынын, қандай жолдар салынатынын білеміз» деді Ерлан Каналимов.

Мәслихат төрағасы жолақы төлемейтін жолаушылар мәселесін шешу үшін Канада немесе Вена тәжірибесін енгізуді ұсынды. Агроқалашық тұрғын алабынан «Family village» ­коттедж қалашығына автобус жіберудің қажеті жоғын айтып, бірқатар бағдар бойынша пікірін жеткізді. Демалыс күндері Bus lane жолағымен басқа көліктерге жүруге рұқсат беру керегін айтты. Соңғы аялдамалар мәселесін шешіп, жағдайын жақсартудың кешенді жоспарын жасау керегін айта келе, мұнда жүргізушілерге арналған дәретханаларды орнатуды, асхана болуын қарастыруды ұсынды. іKomek қызметіне келіп түскен қала тұрғындарының шағымдарына жедел жауап беруді тапсырды. Қоғамдық көлік жүргізушілерін кәсіби даярлауға, автопарктердің техникалық жағдайына ерекше назар аудару қажетін айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button