Басты ақпаратҚоғам

Қоғамдық көлікке талап көп

Астанадағы «№1 Автобус паркі» АҚ-ның 50 жылдығына орай кәсіпорын қызметімен таныстыру мақсатында орталық және қалалық БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз туры ұйымдастырылды.

Журналистерді жылы шыраймен қарсы алған «№1 Автобус паркі» АҚ Басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатов кәсіпорынды дамыту үшін алға қойылған жоспарларды айқындап, қаладағы көлік қызметін жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Бүгінгі таңда кәсіпорында 2000-нан астам қызметкер жұмыс істейді, олардың 70%-ы – автобус жүргізушілері. Олар күн сайын қала мен оның айналасындағы тұрғын алаптарға 436 мыңнан астам жолаушыны тасымалдайды. Біздің парк қызмет көрсететін маршруттардың жалпы ұзындығы 3 734 шақырымды құрайды. Жылжымалы құрам жалпы саны 75 маршрутқа, оның ішінде 47 қалалық, 3 түнгі және 26 қала маңына қыз­мет көрсетеді. Біздің автобус паркінің негізгі міндеті – көлік жүйесін жақсарта отырып, қаланы барлық тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы әрі заманауи етуге бағытталған, – деді Басқарма төрағасы.

«№1 Автобус паркі» Акцио­нерлік қоғамының жарты ғасырлық тарихы бар және осы уақыт ішінде кәсіпорын өз қызметтерін дамыту мен жетілдірудің ұзақ жолынан өтті. Бүгінгі таңда Автопарк күн сайын жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етіп қана қоймай, қызмет көрсету сапасын арттыру және экология­лық көрсеткіштерді жақсарту үшін күнделікті қызмет етеді.

– Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – заманауи технологияларды енгізу. Біз өз қызметімізді толық цифрландыруға ұмтыламыз, бұл бізге автопаркті тиімдірек басқаруға, маршруттарды оңтайландыруға және жолаушыларымыз үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз экологиялық тұрғыдан өзіміздің қызметіміз бен жылжымалы құрамды пайдалануда ластану шығарындыларын азайту үшін бар күшімізді салуға тырысып келеміз. Қазірде электро автобус­тардың санын көбейту, газбен қамтамасыз етілетін автобус­тарды сатып алу жоспарымыз бар. Кәсіпорын күн сайын қала тұрғындарын автобустарымызда жайлы және қауіпсіз сезіну үшін жұмысын жалғастыруда, – деді Мадияр Тұқпатов.

Баспасөз туры аясында журналистер жөндеу аймағына және техникалық байқау аймақтарына барып, негізгі қызметкерлермен және техникалық мамандармен кездесті, сондай-ақ автобус паркінің жаңа жобалары мен экологиялық бастамаларымен танысуға мүмкіндік алды. Өндірістік нысандарға шолудан кейін кәсіпорынның экологиялық бастамалары және қызметін цифрландыру жобасы туралы шағын брифинг өтті. Бұл ретте «№1 Автобус паркі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бахытбек Молдакаликов жиналғандарды парктің жоспарларымен таныстырды.

– Автобус паркінің ауқымды жоспарларының бірі – мекемені басқаруда заманауи технологияларды енгізе отырып, автопарк қызметін цифрландыру. Цифрлық автобус паркі жүйесін енгізу ресурстарды басқаруды жақсартуға, уақыт шығындарын қысқартуға және жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Қоршаған ортаның ластануының алдын алу және көмірқышқыл газының (CO2) шығарындыларын азайту мақсатында 2025 жылы 200 бірлік газ автобустары мен 100 бірлік электр автобустарын сатып алу жоспарлануда. 2024 жылдың қыркүйек айында 100 бірлік автобус әкелінеді. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ желісі бойынша 2024 жылдың соңына дейін тағы 100 автобус сатып алу жөніндегі құжаттамаға қол қойылды, – деді Басқарма төрағасының орынбасары.

Қалалық Көлік басқармасының бас маманы Әлихан Керімжанның айтуынша, соңғы он жылда жанар-жағар май қанша қымбаттағанымен, елордада қоғамдық көлік қыз­метінің тарифі еш өзгермеген. Сол себепті биыл жолақысын қымбаттату қажеттігі туындады. Дегенмен, жеңілдікпен жүретін жолаушылар автобустарда әлі де тегін жүре береді. Қалғандарына тариф 110 теңге болады. Тарифтің көтерілуі субсидиялау көлемін 8 пайызға азайтады. Таңертең жұмысқа барар және кешке жұмыстан қайтар уақыттарда автобустар адамға толы болғанымен, олардың 65 пайызы ғана ақылы транзакция жасайды екен. Қалғаны жеңілдікпен жүреді. Астанада 6 санаттағы азаматтар қоғамдық көлікте ақысыз жүру мүмкіндігіне ие.

– Қазір Астана автопарктерінде 1 100-ге жуық автобус бар. Олар күніне 700 мыңдай жолау­шыны тасымалдайды. Оның ішінде жолақысын төлемейтіндер де кездеседі. Жыл басынан бері 290 мың адам жолақысын төлемеген. Сол себепті 13 мың елордалық әкімшілік жауапкершілікке тартылып, осындай азаматтарға жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды, – деді басқарма өкілі.

Биыл мамыр айында Астанада 900 мың сапар тіркелген. Оған қала мен елорда маңына қатынайтын қоғамдық көліктер кіреді. Ондағы жолаушылардың 30 пайызға жуығы тегін тасымалданады. Ал жолақысын төлеуден жалтарғандар шамамен 10 пайызды құрайды. CTS көлікті үйлестіру департаментінің директоры Мәди Сарбасовтың сөзінше, қала маршруттарында күнделікті 300-ге жуық бақылаушы жұмыс істеп, жолақысының уақытылы төленуін бақылайды. Сондықтан билетсіз жүргендермен күресу үшін автобустардағы камералар санын арттырып, жүйені полиция органдарының базасымен біріктіру жоспарланып отыр.

Астананың қоғамдық көліктеріндегі бақылаушылар санын көбейту де көзделуде. Мамандардың мәлімдеуінше, қазір бір автопаркте осындай 150 маман бар. Болашақта олардың саны 200-ге жетеді. Штаттың кеңеюі автобуста жолақысын төлеуден жалтаратындармен күресу үшін қажет. Сондай-ақ кәсіпорында жүргізушілер жетіспейді. Бүгінде кәсіпорында 100-ден 200-ге дейін автобус жүргізуші тапшы.

Биыл елордада 5 жаңа қала маршруты және 1 түнгі маршрут іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін жаңа экспресс-маршруттарды іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ қазіргі уақытта қала көшелерінде көк түсті жаңартылған дизайндағы автобустар жүр, олар жаздың басында 100 бірлікпен іске қосылды. Қыркүйек айында автопарктің жылжымалы құрамы осы дизайндағы тағы 100 бірлік автобуспен толығады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button