Әлеумет

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКПЕН ЖҮРСЕҢ…

3802

Жеке көліктің болмағаны да жақсы кейде. Қоғамдық көліктерге жармасып, әлеуметтің арасында боласың. Жұрттың басы қосылатын жер болған соң да автобустың іші қайнаған өмір, қайшалысқан тіршілік. 

Жазылған сценарий бойынша әңгіме өрбітетін ток-шоулар секілді емес, автобустағы әңгі­менің ауаны да әрқилы, әрі шынайы. Біреуі күнделікті төлеп жүрген жолақысының мөлшерін біле тұрса да «осынша неге қымбат?» деп бір қырсығып барып бақыр ақшасын кондук­тордың алақанына төгеді. Біреуі үлкен кісілерге, балалы әйелдерге орын бермей, саз бет­теніп жайғасқан жастар туралы әңгіме қозғайды. Әңгіменің кім туралы болып жатқанын қу іші сезсе де, естімегенсіп отыра беретін ана пақырдың міз бақпайтыны жүйкеңді жүндей түтіп, діттеген аяладамаңа те­зірек жетуге асығасың. Өмірдің қайнаған ортасында тап болып жататын сондай істердің бір-екеуін қағазға түртіп қойған да жаман емес.

«Пенсиясын бермей қоямыз…»

Астана жұртына аса таныс №41 бағыттағы автобустың іші. Күн жексенбі болған соң ба, адам қарасы аздау. Бос орындар көп екен, біреуіне барып жайғастым. Менен сәл әріректе немересін ерткен апа, оның дәл қарсысында сәнді киінген, жас шамасы алпыстың жуан ортасына жақындаған орыс ұлтының азаматы жайғасыпты. Бала тыныш отырсын ба, біресе апасының қасына, біресе ана орыстың жанындағы бос орынға алма-кезек ауысады. Апасының бір-екі ескертпесін шыбын шаққан құрлы көрмеген балаға бір кезде жаңағы жігіт ағасы: «Ей, бала, апаңның айтқанын тыңдасаңшы. Ақылды бала апасын тыңдайды» деп тұнық қазақ тілінде сөйлей жөнелмесі бар ма?! Бала бұл кісінің қазақшаны жатық сөйлегеніне таң қалып (бала таң қалатын қоғам жасап бергенбіз ғой өзіміз де), апасына қарап: «Апа, мына кісі қазақша біледі екен» деді. Апасы да сөзді іліп әкетті. «Егер бұл кісілер енді қазақша сөйлемесе, пенсияларын бермей қоямыз». Бұл әзілді естіп жүзі жайраң қаққан жігіт ағасы да: «Иә, иә. Енді қазақша сөйлемесек, пенсиямыздан айырыламыз» деп балаға мейірлене қарап қойды. Бала да мәз. Автобустың ішін біртүрлі жылылық кернеп кетті…

«Иә, ол кезде бәрі арзан болды…»

Бұл жолғы әңгіменің қай бағыттағы автобуста болғанын ұмыттым, әйтеуір, қызықты диалогтарымен есімде қалыпты. Вокзалды бетке алып, жүйткіп келе жатқан автобус аялдамаға келіп аялдағанда, шалдауыт кісі мінді. Есіктің жанында отырған жас әйел тұрып, орын берді. Зейнеткер болса керек, кондуктормен шаруасы біткен соң әңгімені бастады ақсақал.
– Осы сендердің жұрттан алатын жол­ақыларың қанша?
– 90 теңге, – деді кондуктор жігіт.
– Не деген қымбатшылық бұл. Елді қанап бітетін болдыңдар ғой, тегі, – деді шал дауысын көтере.
– Жұртты қанап жатқан біз емес қой, ақсақал. Бізге әкімшілік бағаны қалай бекітіп береді, біз солай жұмыс жасаймыз, – деді кондуктор.
– Иә, сендердің жұрттың өлген-тірілгенімен жұмыстарың болсын ба, бір-бірлеріңе сілтейсіңдер де жүресіңдер! Баяғыда біздің заманда өмір сүру рахат еді, бәрі тегін, бәрі арзан. Шіркін, Кеңес үкіметі…, – деп шал тебіреніп әңгімесін ұзақ айтты. Шалдың жанында ретті киінген, иегінде шоқша сақалы бар жас жігіт тұр еді, әңгімені енді сол іліп әкетті.
– Иә, ақсақал, сіздердің кездеріңізде бәрі арзан болды ғой. Өмір сүру ғана емес, өмірді қию да арзан еді ғой. Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың, Мағжанның басы да арзан болды. Оларды абақтыға тықты да, тектеусіз, сұраусыз тарс еткізді. Арзан еді…, – деп тынғанда автобустың ішін зілдей тыныштық билеп алды. Діттеген жеріне жетті ме, жетпеді ме кім білсін, келесі аялдамадан шал да автобус­тан түсіп қалды. Автобусқа бәрібір, мінген жолаушыларын сықап ап, қайта жүйтки жөнелді.

Ырысбек ДӘБЕЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button