Құқық

Қоғамдық көмекшілер белсенді

Қала тұрғындары кез келген бұзақылыққа бейжай қарамау керек. Әсіресе, халқының саны күннен күнге көбейген Астана үшін ерікті көмекшілердің қолғабысы керек-ақ. Бүгінде Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметімен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан 900-ден аса азамат бар.

сакшы

Полиция қызметкерлеріне көмек­тесіп жүрген қала тұрғындарының арасында студент жастардан құрал­ған 217 жедел сақшы мен консьерж, 343 мемлекеттік емес күзет құрылымдарының қызметкері, тіпті, 40-қа жуық ардагер де бар.
2016 жылдың алғашқы үш айындағы қорытынды бойынша осы қоғамдық көмекшілердің көмегімен 4 қылмыс және 165 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 210 азамат учаскелік полиция пунктіне жеткізіліпті.
Ерікті көмекшілердің ішінде талай адамның өмірін құтқарып, мүлікті аман алып қалғандар да баршылық. Мысалы, Мәдина Жұмабекова атты қала тұрғыны көпқабатты тұрғын үйдегі ашық терезенің шетінде отырған баланы байқап қалады. Ол бірден полицияға хабарласып, 4 жастағы балдырғанның өмірін қорғап қалды.
Астанада тұратын Таңшолпан Қалыбайдың мәліметі бойынша, кәмелеттік жасқа толмаған үш студенттен наркотикалық заттар тәркіленген. Сондай-ақ, Гүлназира Балтабаева мен Бағлан Байсұлтанов атты азаматтардың арқасында наркотикалық заттары бар екі адам ұсталды.
Ал ПИК төрағасы Асан Искахов сауда орталығында тұрған терминалды көтеріп әкетіп бара жатқан екі күдікті азаматты байқап, терминал иесіне қоңырау соғу арқылы қондырғыны аман алып қалды.
Міне, осы секілді мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Жергілікті полиция қызметі құрылған­нан бастап қоғамдық көмекшілердің қатары артқан. Олар учаскелік полиция инспекторларымен тығыз жұмыс жасап, барлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар мәліметін жеткізіп жүр. Осылайша, полицияның азаматтық қоғамдағы сенімді өкілдері қаладағы тәртіптің тұрақталуына үлес қосуда.
Әрине, олардың еңбегі елеусіз қалмайды. «Қоғамдық тәртіпті күзетуге қатысатын азаматтар туралы» ҚР Заңына және Үкіметтің ережесіне сәйкес, полиция қызметкерлеріне көмек көрсеткендер алғыс ретінде ақшалай сыйлықпен марапатталып тұрады.
Полиция қызметкерлері қанша жерден кәсіби маман болса да, олар бәріне бірдей жете бермейді. Сондықтан әрбір адам айналасындағы, өз ауласындағы құқық бұзушылықпен күресіп, Жергілікті полиция қызметімен жұмыла жұмыс істегені артық болмайды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button