Құқық

Қоғамдық орындарда кальян тұтынуды анықтайтын рейдтер өткізілуде

Астанада ойын-сауық орындары бойынша рейдтік іс-шаралар жүріп жатыр. Іс-шаралар қоғамдық орындарда кальян тұтынуды анықтау және жолын кесу үшін өткізіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Жыл басынан бері Сарыарқа ауданының 35 ойын-сауық мекемесінде тексеру барысында кальян шеккендер анықталды. Оларға 182 әкімшілік хаттама толтырылды. Мекеме басшыларының атына құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 70 ұсыныс жіберілді.

Нұра ауданында 18 мекемеде тексеру жүргізілді. Жыл басынан бастап осы мекемелерге кальян қолданудың белгіленген ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлдар сомасы 4 миллион теңгеден асты. Аталған шаралар заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ауданда қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Алматы ауданының аумағында кальян тұтыну және сату жағдайларын анықтау бойынша 11 рейдтік іс-шара өткізілді. 45 жеке тұлғаға айыппұл салынды, сонымен қатар шегілмейтін темекі өнімдерін – насыбай мен снюстің сатылуын анықтау үшін 9 рейд жүргізілді. Нәтижесінде 32 дүкен анықталды. Барлығы 1000-ға жуық шегілмейтін темекі өнімдері тәркіленді.

Сарайшық ауданы бойынша жыл басынан бері мекемелерді аралау барысында 20-дан астам нысан тексерілді. Бұзушыларға тыйым салынған жерлерде кальян қолданғаны үшін жалпы сомасы 294 900 теңгеге айыппұл салынды.

Байқоңыр ауданының аумағында шегілмейтін темекі өнімдерін сату жағдайларын анықтау бойынша 16 рейдтік іс-шара өткізілді. 28 дүкен анықталды, 20 кг-дан астам шегілмейтін темекі өнімдері тәркіленді, барлық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аудан бойынша ойын-сауық орындарында кальян қолданудың 49 фактісі тіркелген. Жыл басынан бері 136 адамға 4 124 280 теңге айыппұл салынды.

Есіл ауданында қоғамдық орындарда құрамында никотині бар өнімдерді тұтыну фактілерін анықтау бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Жүргізіліп жатқан рейдтік іс-шаралар аясында жыл басынан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 441-бабы бойынша 523 әкімшілік хаттама жасалды.

Профилактикалық рейдтер бүкіл қалада өтеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button