Басты ақпаратҚала мен Сала

Қоғамдық қауіпсіздік қалай сақталуда?

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында бірқатар мәселелер қаралды. Негізгі мәселе – шаһарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысы жайында қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғосман Жакин баяндама жасады.

Баяндамашы елорданың Алматы ауданы аумағында «Қазақстан полициясының сервистік моделі» қанатқақты жобасы іске қосылғанын атап өтті. Оның мақсаты – азаматтарға полиция тарапынан сапалы қызмет көрсету, қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен бірігіп шешу.

– Жоба іске қосылған уақыттан учаскелік инспекторларды тұрғындардың тану көрсеткіші 3 есеге жуық өсті. Олардың жұмысы жайлы ақпараттық материалдар көбейді. Қазір учаскелік инспекторлар тұрғындармен жұмысқа көбірек уақыт бөлетін болды. Биыл бұл жобаны Сарыарқа ауданы аумағында іске қостық, – деді Ғ.Жакин.

Оның айтуынша, «Полицияның қадамдық қолжетімділігі» қағидасы енгізіліп жатыр. Соның арқасында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда үнемі табылады. Amanat партиясының бағдарламасы аясында модуль типтегі полицияның 10 стационарлы бекеті орнатылды. Учаскелік пункттерге арналған ғимараттар саны 27-ден 42-ге артты. Алдағы үш жылда олардың санын екі есеге арттыру жоспарланған. Учаскелік инспекторларға, патруль полициясы полкі мен арнайы батальонға арналған 94 автокөлік сатып алынды. 2025 жылға дейін тағы 183 автокөлік сатып алу көзделген.

– Бейнебақылау жүйесін жаңғырту және ашық платформаға өту аясында бейнекамералармен қамту аймақтары бойынша арнайы жоба іске асырылып жатыр. Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қаланың әртүрлі нысандарынан 28 мыңнан астам бейнекамера қосылды. Сол арқылы қылмыстар ашылып, құқықбұзушылықтар әшкере болуда. Биыл денсаулық сақтау, білім нысандарынан, адамдар көп жиналатын жерлерден, әуежай мен теміржол вокзалдарынан осы орталыққа тағы 4 мыңнан аса бейнекамера қосылған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кез келген құқықбұзушылыққа қарсы әрекет ету мақсатында 218 білім нысанынан 5014 бейнекамера мен 202 «SOS» дабыл батырма Жедел басқару орталығына ақпарат жібереді, – деді департамент бастығының орынбасары.

Қоғамдық кеңес мүшелері полиция жұмысына қатысты көптеген мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Сын да айтылды. Кеңес мүшесі Сапар Ахметов Алматы ауданы әкімі кезінде өз тәжірибесімен бөлісті. Соның ішінде тәртіп сақшылары мен ПИК-термен жұмыс, мектептердегі қауіпсіздікті қорғау жайында айтты.

– Полиция қызметкерлерінің интеллектуалдық деңгейін көтеру керек. Халықпен жұмысты күшейтіп, ең бастысы, халықтың сеніміне ие болу қажет, – деді Сапар Ахметов.

Жиында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб үйге газ қосуға әлеуметтік көмек берілетін санаттарды кеңейту жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл санатқа жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйінің түлектері, жас бойынша зейнет­керлер, мүгедек адамдар мен балалар, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар қосылмақ.

Сондай-ақ басқарма басшысы Астана қаласындағы жоғары оқу орындарындағы күндізгі оқуға азаматтардың жекелеген санаттарына әлеу­меттік көмек беруге қатысты өзгеріспен таныстырды. Оның айтуынша, бұдан бұрын гранттар сұранысқа ие мамандықтарды игеруге берілетін. Енді гранттар тиісті санатқа жататын абитуриенттің жаны қалап тұрған мамандығына берілмек.

Отырыста қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп қаланың ономастика комиссиясы мен қалалық мәслихат мақұлдаған кейбір құрамдас бөліктерге атау беру мен қайта атау жобасымен таныстырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button