Басты ақпаратМәселе

Қоғамдық санитария – мәдениет көрсеткіші

Қазақстан – туристік әлеуеті зор ел. Бірақ елімізге сая­хаттай келген қонақтар мен жергілікті туристердің жолға шыққанда немесе саяхат орындарына барған кезде бетпе-бет келетін басты мәселенің бірі – дәретхананың тапшылығы. Дәретхана мәселесі – жай ғана тұрмыстық мәселе емес. Ол – адам денсаулығы, қоғам гигиенасы мен елдің мәдени даму деңгейінің көрсеткіші. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.

Жуырда Үкімет отырысында отандық туризмді дамыту және оны цифрландыру мәселесі тал­­қыланды. Жиыннан кейін журналистер қоғамдық дәретхана тапшылығын көтеріп, осы салаға жауапты тұлғаларға сұрақ қойды. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, бүгінге дейін жол бойындағы сервистік инфрақұрылым бойынша бірқатар жұмыс атқарылған.

– Туристік бағыттар бойында 493 дәретхана қажет екені анықталған. Оның 300-ден астамы бүгінде салынып бітті. Бұл мәліметтер 2021 жылы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы жүргізген аудит нәтижесінде белгілі болды. Жергілікті атқарушы органдар да осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, ұлттық парктер мен шалғай аймақтарда заманауи технологиямен жабдықталған нысандар орнатылуда. Мәселен, Алматы ұлттық паркінде француз технологиясымен жасақ­талған дәретханалар жұмыс істеп тұр, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл мәселені шешуге Көлік министрлігі де белсенді қатысуда. Республикалық маңызы бар автожолдар бойында 1400-ден астам сервистік нысан ұлттық стандартқа сай келтірілген. Жыл сайын ескірген, лас 100 шақты әжетхана алынып тасталып, орнына жаңа санитарлық нысан бой көтеруде. Биылдың өзінде тағы 25 нысан салынбақ.

Қоғамдық дәретхана мәселесі елімізде енді ғана көтеріліп отырған тақырып емес. Бұл түйткілге қатысты дабыл кемінде 20 жылдан бері қағылып келеді. Парламент мінберінен де айтылды, жергілікті әкімдіктер де уәде берді. Бірақ нақты нәтиже өте баяу. Кейбір жерде салынған нысандар уақыт өте келе қараусыз қалып, жарамсыз күйге түсті. Жобалар бар, қаржы бөлінген, бірақ бақылау мен жауапкершілік әлсіз. Сондықтан дәретхана мәселесін шешу – тек инфрақұрылым салу емес, оны ұқыпты пайдалану мен жүйелі басқару мәдениетін қалыптас­тырумен де қатысты екенін ескеру керек.

Мемлекет тарапынан бұл салада бизнес өкілдерін ынталандыру да қолға алынған. Жеке кәсіпкерлерге санитарлық талапқа сәйкес келетін әрбір «биотуалет» үшін ай сайын 83 мың теңге өтемақы төленуде. Алайда мәселенің толық шешілуі – уақыт пен қаржыға тәуелді.

Қоғамдық дәретхана тап­шылығы Алматы мен Астана сынды үлкен қалаларда да ушығып тұр. Яғни туристік орындарда ғана емес, ірі қалалардың көбінде жұрт ортақ пайдаланатын қоғамдық дәретхана жоқ. Бас қаланың өзінде қоғамдық кеңістіктерде, балалар ойын алаңының маңында дәретхана салу мәселесі ескерілмеген. Шетелдегі сияқты тұрғындардың кез келген нысанның тазалық үйін ақылы пайдалануына құқылы деген заң бізде жоқ. Сосын да қысылған кейбір азаматтар сыртқа дәрет сындыруға мәжбүр. Ал қоғамдық орында дәрет сындыру – әкімшілік құқық бұзушылық саналады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының «Ұсақ бұзақылық» нормасы бойынша мұндай әрекетке барған азамат айыппұл арқалайды немесе ескерту алады. Алайда халықты кінәламас бұрын, жағдай жасалған ба деген сұрақ алдымен туындауы керек еді ғой. Дайын әжтехана болса, ешкім сыртқа дәрет сындырмайды. Сондықтан бұл мәселені шешпей тұрып, азаматтарды жазалау – әділетсіздік. Яғни бұл тұрмыстық түйткіл тек бақылау мен талап қоюмен емес, алдымен қа­жеттілікті өтеумен шешілуі тиіс.

Астанадағы қоғамдық дәретхана мәселесін шешу үшін кешенді, әрі заманға сай тәсілдер қажет. Тек дәретхана салып қою жеткіліксіз – оны күтіп ұстау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тазалығын сақтау, қолжетімді ету секілді міндеттер қатар жүруі керек. Осы тұрғыда әлемнің озық елдерінің тәжірибесінен үйренуге болады.

Біріншіден, Астанада қоғамдық дәретханаларды тек орталық көшелер мен саябақтарда ғана емес, тұрғын үйлердің тығыз шоғырланған аймақтарында, базар, вокзал, аялдама, ойын-сауық орталықтары маңында да орналастыру қажет. Бұл жерде Сингапур мен Жапонияның тәжірибесі маңызды – оларда әрбір қоғамдық кеңістікте кемінде бір санитарлық торап бар. Бұл қала мәдениетінің бір бөлігі саналады.

Екіншіден, елордада жыл бойы жұмыс істей алатын жылытылған модульді дәретханалар орнату маңыз­ды. Мәселен, Финляндия мен Канада сияқты суық елдерде қоғамдық дәретханалар жылытылып, желдетіліп, антисептик пен гигиенаға қажетті құралдармен жабдықталады. Мұндай дәретханалар күн мен жел энергиясымен де жұмыс істей алады.

Үшінші, бізге де «бір кесе кофе» моделі» керек. Германияда және Францияда ақылы дәретханалар кең таралған. Бұл дәретханаларда қызметкер отырады, тазалық жоғары деңгейде сақталады. Бағасы – бір шыны кофе құнымен бірдей. Бұл – таза, қауіпсіз әрі ыңғайлы дәретхананың кепілі. Қазақстанда да осындай сервистік мәдениетті қалыптастыру керек. Ақылы болсын, бірақ сапалы, қауіпсіз және таза болса, жұртқа да ыңғайлы болады.

Төртінші, қоғамдық дәретхана салуға және күтіп ұстауға жеке кәсіпкерлерді тарту – тиімді шешім. Мысалы, Нидерландыда қала әкімдігі жерді береді, инвестор дәретхана салады, күтіп ұстайды, ал ақылы кіріс өзіне қалады. Қазақстанда да бұл үлгі жүзеге асып келе жатыр, бірақ өте баяу. Бұл ретте әкімдіктердің белсенділігі қажет.

Бесінші, Лондон мен Нью-Йорк қалаларында қоғамдық дәретханалардың орналасқан жері арнайы мобильді қосымшада көрсетіледі. Астанада да осындай «ToiletMap Astana» секілді қосымша не сайт керек. Бұл әсіресе туристер мен қала қонақтары үшін өте маңызды.

Дәретхана – тек физиологиялық қажеттілік қана емес. Бұл – адам ден­саулығы мен қоғам гигиенасының кепілі. Мәдениет пен өркениет деңгейі­нің көрсеткіші. Турист келген елдегі алғашқы әсері көбінесе жолдағы сервис пен санитарлық жағдаймен тығыз байланысты болады. Қазақстанның туристік тартымдылығы жай ғана сандармен емес, нақты сезіммен өлшенеді, ол сезімді тазалық пен жайлылық тудырады. Сондықтан бұл мәселені екінші қатардағы тақырып деп қарауға болмайды. Туризмді дамытамыз десек, дәретхананы да ұмытпаған жөн.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button