Басты ақпаратРуханият

Қоғамға көзқарасымды карикатурамен бейнелеймін

Қазақтың бейнелеу өнерінде шарж жанры кенжелеу дамыған. Кезінде ұлы Шоқаннан бастау алған өнерді кәсіби деңгейге жеткізген санаулы ғана суретші бар. Соның бірі – Еркін Нұразхан. Биыл Ұлттық музейде қылқалам шеберінің «Шарайна» атты жеке көрмесі өтті. Оған автордың жүзге тарта туындылары қойылды. Жұртшылық сол көрмеден суретшінің шеберлігін көріп, дән риза болды. Біз осы шара аясында Еркін ­Ибрагимұлымен жүздесіп, әңгімелескен едік.

Жазушылар кінәмшіл келеді

– Еркін аға, қандай өнердің де бір бастауы бар. Сіз бұл жанрға қалай келдіңіз, қайдан үйрендіңіз?
– Мен өзі бала күнімнен сурет салуға ынтық болдым. Мектепте де қолымнан бояуым түскен емес. Әскерге барғанда да қа­быр­ға газетін шығаруға атсалысып, әскери өмірдің қызығы мен шыжығын шаржбен бейнеледім. Арман қуып Алматыға келіп, көркемсурет училищесіне түстім. Бірінші курста студенттер арасында шарж жанры бойынша байқау ұйымдастырылды. Мен осы конкурста жеңімпаз атандым. Бұл маған қанат бітірді. Ізденіс жолына түсіп, шеберлігімді шыңдай бердім. Бойымдағы өнеріме көзі түсті ме, көрнекті ақын Мұзафар аға Әлімбаев «Балдырған» журналына жұмысқа шақырды. Енді журналды төңіректеген ақын-жазушылармен араласып, солардың шаржын сала бастадым. Сөйтіп жүргенде «Қазақ әдебиеті» газеті маған бір айдар ашып беріп, апта сайын суреттерімді жариялап тұруға ұсыныс айтты. Бұған қуана келістім.– Алғашқы «нысанаға» кімдерді алдыңыз?
– Бірінші шаржым классиктерден басталды. Ғабиден Мұстафин, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкейді салдым. Бір жолы ойда жоқта Асқар ағамен жолығып қалдым. Ол кісі мені танымады. Содан өзім сәлем бердім: «Аға, газетке суретіңізді салған мен» деп едім, Асекең жымиып: «Еркін деген сен бе? Мені мыстан кемпір секілді салып қойыпсың. Ну и что-ж, ұқсап тұрған соң, амал не!» деп риза болды. Сосын: «Мені жұрт онша танымайды ғой. Сен халықтың алдында жүрген Мұхтар Шаханов секілді азаматтарды сал» деп айтты. Жалпы, мен Асекеңнің жеті шаржын салдым. Сонда ол: «Менің Қазақстандағы жалғыз сыншым бар, ол – Еркін!» деп айтыпты. Кейін Асекең Ақселеу аға екеуі отыр екен, барып сәлем бердім. Сонда Ақселеу аға: «Мынау – Еркін деген ініміз, өзіміз білмейтін қасиетімізді көрсетіп жүр» деген кезде Асекең жұлып алғандай: «Сонымен бірге қасиетсіздігімізді көрсетіп жүр» деп айтсай» деп ду күлдірді.
«Қазақ әдебиетіне» Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбаев және Сағат Әшімбаевтың суреті шық­ты. Бірінші Орекең тұрған. Редакцияда жолығып қалдым. «Әй, Еркін, сен ана екеуіне менің ерінімді шошайтып қойыпсың ғой» деді. Ұнамады ма, ел мақтап жатыр деп едім, ­«м-м» деді де қойды. Сол кезде «Қазақ әде­биетінің» редакторы ­Шерағаң келе қалды. ­Оралхан – сол кісінің орынбасары. ­Шераға да: «Ой, Еркін, бүгінгі суреттерің күшті» деп ризалығын білдірді. Біртүрлі Орағаң ренжіп тұрған секілді деп айта бастап едім, ­Шерағаң: «Не дейді? Қой, қандай жақсы суреттер!» деп Оралхан ағаға қарады. Содан соң Бауыржан Момышұлы,Әбу ­Сәрсенбаев, Қалижан Бекқожин, ­Әлжаппар Әбішев ағаларымды бейнеледім.
– Бауыржан ата суре­тіңізді көрді ме?
– Иә. Көріпті. Батыр ағамыз «Бір «алқаштың» суреті секілді екен» депті де қо­йыпты. Ал Әбу аға «Мен меринос қойға ұқсап қалыппын» деп айтыпты. Бірақ ол кісілер шаржды жылы қабылдады. Соншалықты сын айта қойған жоқ.
– Ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Әзілің жарасса» деген эпиграммалар жинағына сіздің шарждарыңыз да кірген. Бұл кітапты екеуіңіз бірлесіп жасадыңыздар ма?
– Ол кезде Жарасқан «Жұлдызда» қызмет істеп, эпиграммалары журналда жиі жарық көрді. Бірде маған өзі жазып жүрген кейіпкерлерінің шаржын салып берші деді. Сөйтіп екеуміздің бірлескен жұмысымыз «Жұлдызда» жария­ланып тұрды. Жарасқанның тілі уытты, жазғанда сойып түседі. Қалдарбек ­Найманбаев туралы жазған эпиграммасы авторға ұнамай қалып, ол кісі біраз ренжіді. Сонда ақындармен байқап жұмыс істеу керек екендігін түсіндім. Ал кітапты шығаруға Жарасқанның сіңірген еңбегі көп.

ҰЛТ МҮДДЕСІ БӘРІНЕН БИІК ТҰРУ ҚАЖЕТ

– Сіз кейін саяси шарж­дар сала бастадыңыз…
– Бигелді Ғабдуллин басқарған тәуелсіз газет болып еді. Саяси шарждарым сол басылымға тұрақты жарияланды. Онда көбінесе Парламент мүшелерін, министрлер мен әкімдерді сынға алдық. Суретке жазылған мәтін де ащылау болатын.
– Саяси шаржды салуға не итермеледі?
– Карикатурашы болғаннан кейін сен өмірді, жаңалықты, билікте не болып жатыр, халықтың көңіл күйі қалай – соның бәрін бағдарлап отыруың қажет. Және оған әділ көзбен қарау керек. Мысалы, қазақтың иен байлығын игеруге келген олигархтар туралы шарж салдым. Оны мен босқа салған жоқпын. Егер олар өздері ие болып отырған зауытқа немесе кен орнына жаңа технология енгізіп, жұмыс­керлердің еңбегін бағалап, жоғары айлық төлесе, неміз бар?! Тағы бір мысал. Мемлекеттік тілдің бағы жанбай, кейіндеп тұрғанына жаным ауырып, «Қазақ тілі» деген шарж салдым. Онда ана тілімізді Ақбозат бейнесінде бедерлеп, аяғы шідерленіп, алдыға жүре алмай тұрғанын келтірдім. Менің ойымша, ұлт мүддесі бәрінен биік тұру қажет. Қысқасы, қоғамға көзқарасымды карикатурамен бейнелеймін.

БАТЫРДЫҢ АЛТЫ ЖЫЛ ХАТШЫСЫ БОЛДЫМ

– Сіз суретші ғана емес, қаламгерсіз. «Менің журналистикадағы ұстазым – Дидахмет» деп айтасыз.
– Бірнәрсе жазу үшін де «багаж» керек. Мектепте әдебиетті сүйіп оқыдым. Студент күнімде жазғандарым облыстық газетте жарық көріп тұрды. Ке­йін суретшілікке таза бет бұрғаннан кейін жазуды қойып кеттім. Тоқсаныншы жылдардың орта кезінде «Түркістан» газетіне қыз­метке келдім. Сол кезде марқұм Дидахмет досым қайта қолыма қалам алғыз­ды. Бірде «домбырашылар туралы байқау болады екен, жазып келші» деді. Жаздым. Тағы бірде солай… Тағы бірде… Қысқасы, жортып жүретін журналист болып шыға келдім. Одан кейін қоғамда ушығып тұрған саяси тақырыптарға қалам тарттым. Оны «Қазақ баспасөзінен» деп «Караван» басылымы жариялап жүрді. «Ұлт пен рух», «Ғибрат ғұмыр», «Өз елім менің – өзегім менің!» атты публицис­тикалық кітаптарым бар.
– Атақты партизан Қасым Қайсеновтің жеке хатшысы болғаныңызды білемін. Арагідік газет-журналдан батыр өмірінен жазылған күнделіктеріңіз жарияланып жүр. Батырдың көңілі сізге қалай ауды?
– Қасым ағамен мені тағдыр жолықтырды. Екеу­міздің табиғатымызда бір ұқсастық болды ма, әлде көзқарасымыз үйлесті ме, әйтеуір, көптің ішінен таңдауы маған түсті. Сөйтіп ол кісі ұнатып, телефонмен хабарласып, тапсырма бере бастады. Мен оны тас-түйін орындап қоямын. Батыр­дың алты жыл хатшысы болдым. Басымыздан тәтті күндер де, қатты күндер де өтті. Қасекең – юморист. Адамды отырып күлдіреді. Бірде екеуміз менің көлігіммен Өскеменнен келе жаттық. Рөлде отырып көзіме бірдеме түсіп кетті ме, уқалай қалып едім: «Не болды?» деді. «Көзіме шіркей түсіп кетті» дедім. Сонда Қасым аға: «Абайла, андағы алақандай көзге шіркей ғана емес, торғай да түсіп кетеді» деп мырс етті. Бірде Жазушылар одағының айналмалы баспалдағынан түсіп келе жатырмыз. «Еркін, байқа! Құлап кетіп, төменде жатсақ, мынау «қоңыр» адамдар неғып жатыр деп жұрт күлер» деп әзілдеді. Қасекеңе Сәбит Досанов өзі туралы жазған кітабын әкеп беріпті. «Қалың кітап па?» десем, «Айт­па, қалыңдығы менің қалыңдығымдай болады» деп бір күлдіріп еді, жарықтық. Қасым аға тапқыр еді. Жасының үлкендігіне қарамай менімен дос, жолдас секілді сыйласты. Адалдықты жақсы көретін. Өтірік айт­қанды жек көрді. Бір көңілі қалған адамға қайтып оралмайтын. Менің батыр жа­йында «Ерліктің ерен тұлғасы» деген кітабым шықты. «Жұлдыз» журналында күнделіктерім жарияланды. Әлі де жазатын дүниелерім бар.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button