Жаңалықтар

Қоғамның жаңаруын қолдайды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ардагерлер орталығының мәжіліс залында қалалық Ардагерлер кеңесінің пленумы өтті. Басқосуда 2021 жылдың қорытындылары және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына орай атқарылатын іс-шаралар талқыланды. Жиынға «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық Кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов қатысып, сөз сөйледі.

[smartslider3 slider=2557]

Пленумның жұмысын ашып, баяндама жасаған қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов ұйымның 30 жылдығы аясында атқарылған іс-шараларға тоқталды. ­Президент Жолдауының негізгі бағыттарын тілге тиек еткен спикер ардагерлер қауымдас­тығының алдында тұрған міндеттерге екпін түсірді. «Қаланың ардагерлер қауымының алдында тұрған абыройлы міндеттің бірі – Жолдаудың бағыттарын, жаңалығын әр зейнеткерге жеткізу. Біз қала ардагерлері, «Жаңа Қазақстанды» құруға қоғамды жаңартуға бағыт алған Президенттің саясатын толық қолдаймыз!» деді Сансызбай Есілов.

Жыл сайын қала бюджетінен зейнеткерлерге біржолғы төлемдер төленеді. Әлеуметтік жағынан әлсіз азаматтарды қолдау – елорда әкімдігінің басымдық беріп отырған саясаты. Биылдан бастап халықтың белгілі бір санаттарына төленетін тұрғын үй жәрдемақысы 10 000 теңгеден 18 000 теңгеге дейін өсті. Бұл көмек зейнеткерлерге, ерекше қажеттілігі бар балаларды, мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасыларға, толық емес отбасыларға көрсетіледі. Баяндамашы өткен жылдың елеулі оқиғасы ретінде елорда әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен Есіл ауданындағы Ардагерлер орталығының (Дос­тық к-сі, 13 үй) ашылуын атап өтті. Бұл жерде зейнеткерлердің күнделікті тұрмысына қажетті барлық жағдай жасалған: әр адамның қызығушылығына арналған үйірмелер, спорттық жабдықтар, музыкалық аспаптар бар, компьютерде сауат ашу және ағылшын тілі курстары жұмыс істейді. Мұндай орталықтар қаланың барлық аудандарында бар.

Сансызбай Есілов жалғызбасты және материалдық-рухани көмекке зәру ардагерлерге жәрдем жасау ерекше бақылаудағы мәселе екенін қадап айтты. Сондай-ақ ол ардагерлер ұйымдарының қызметіндегі күрмеуі шешілмеген мәселелерді ашық айтты. Мәселен, қаладағы зейнеткерлердің бастауыш ұйымдармен қамтылуы 54 пайызды құрайды, демек 50 мыңнан астам адам назар мен қолдаусыз қалды деген сөз. «Індеттің және өзге де сын-қатерлердің әсерінен болған инфляция жылдам өсуде. Осыған орай, республикалық және жергілікті атқарушы органдарға тыл еңбеккерлеріне, әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтарға, жалғызбасты зейнеткерлерге коммуналдық төлемдер, дәрі-дәрмек, азық-түлік бойынша көрсетілетін жеңілдіктердің көлемін көтеру туралы ұсыныс енгіземіз. Заңдық негізде тыл еңбеккерлерінің мәртебесін Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектердің зейнетақысы мен жеңілдіктері көлеміне теңестіруді сұраймыз» деді баяндамашы.

Пленумның жұмысы барысында Президент Жолдауының негізгі бағыттары талқыланып, көптеген бастамалар мен ұсыныс­тар айтылды. Мәжіліс соңында арнайы қаулы қабылданып, ағымдағы ұйымдастырушылық жұмыстар нақтыланды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button