Жаңалықтар

ҚОЛАЙЛЫ ҚОСЫМША ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Енді елордалықтар үшін жұмыс іздеудің әлегі жеңілдейді. Күні кеше іске қосылған «CZ Astana» мобильді қосымшасы арқылы қолданушылар қаланың еңбек нарығына қажетті бос орындармен таныса алады.

jtsa64jtsa6

Google Play мен App Store интернет-дүкендерінен тегін жүктелетін бағ­дарламаның бірнеше қызметі бар. «Шаралар» бөлімі Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастыратын жәрмеңке, кәсіби курс, шеберлік сабақтары, психо­логиялық тренингтер, шағын аукциондар жайлы хабарландыруларды қамтиды. Сондай-ақ, азаматтардың мобильді қосымшадағы тестілеуден өтіп, нәтиже бойынша өзінің салалық бейімділігін, қай мамандыққа қабілетті екенін анықтауға мүмкіндігі бар.
Қолданушының таңдау еркіндігіне қарай бағдарлама қазақ және орыс тілінде дайындалған.
Мобильді қосымшаның авторы – Қазақ агротехникалық университетін программист мамандығы бойынша тәмамдаған астаналық жас Өмірсерік Тұяқбаев. Ол кезінде Жұмыспен қамту орталығының талдау бөлімінде қызмет еткен.
– Орталық көмегіне күніне 300-ден аса азамат жүгінеді. Өкінішке қарай, көпшілігі түйіндеме толтырып, өзінің біліктілігін көрсету үшін дұрыс сұхбаттасу тәсілін білмей жатады. Байқаған дүниелерді ескеріп, қосымшаны бір айға жуық уақытта құрастырдым. Жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіге пайдалы болады-ау деген қызметтерді енгізуге тырыстым, – дейді Өмірсерік.
Яғни, қосымшада түйіндемені қалай жазу керек, әңгімелесу кезіндегі сұрақтарға қалай жауап беру керек, жұмыс берушілердің заң алдындағы құқықтары мен міндеттері секілді функциялар қарастырылған. Сонымен бірге, мұнда Жұмыспен қамту орталығының орналасу мекенжайын анықтауға мүмкіндік беретін геолокациясы бар карта енгізілген.
Қазіргі кезде мобильді қосымшада 20 шақты вакансия көрсетілген. Олардың ішінде ағылшын тілінің аудармашысы, медбике, диетолог, дәрігерлер, сауда маркетингі бойынша жетекші маман, инженер электроншы секілді бірқатар сұранысқа ие мамандықтар бар. Ал, Жұмыспен қамту орталығының базасында 3,5 мыңдай бос жұмыс орны тіркелген.
Астана қаласы әкімдігіне қарасты Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омардың айтуынша, вакансиялар жайлы мәлімет аптасына екі рет жаңартылады. Алдағы уақытта мобильді қосымшада жарияланатын бос орындар тізімі көбейеді. Сондай-ақ, қолданушының өзіне керек мамандықты іздеуге мүмкіндік беретін қызмет те жасалатын болады.

Мәдина ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button