ЖаңалықтарҚала мен Сала

Ғалымжан МОЛДАШ: Қолайлы жағдай қаржыны тиімді ұқсатудан

Астаналықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынған шаруалар аз емес. Қаланың тіршілігі тоқтаусыз жүру үшін жарық пен су үзілмей, жол мен көлік инфрақұрылымы саласы дұрыс жұмыс істеуі керек. Әлбетте, кез келген саланың дамуы қаржыға келіп тіреледі. Қала қоржынындағы қаражат тиімді игерілсе, шашауы шығарылмай, мақсатты жұмсалса, тұрғындардың тыныс-тіршілігі де жандана түсері сөзсіз. Бұл жағынан Астананың аяқ алысы қандай? Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы жүргізген сауалнама нәтижесі астаналық тұрғындардың 74 пайызы қалада атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын көрсеткен. Бұл – айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Дегенмен де, елорда бюджетін жоспарлауда және орындауда кемшіліктер де жоқ емес. Бұл жөнінде газетіміздің тілшісіне берген сұхбатында Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Молдаш айтып берді.

001

Елорда экономикасының өсімі

– Ғалымжан Өмірәліұлы, қазіргі таңда елорданың экономикасы қаншалықты қарқынды дамуда?
– Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша сыртқы және ішкі қолайсыз факторларға қарамастан, елорда экономикасы едәуір өсімді көрсетті: аталмыш кезеңде қаланың жиынтық өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 4,6 трлн теңгеге жетті. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 15,8%-ға артық. ЖӨӨ көлемі бойынша елордамыз республика бойынша Алматы қаласынан кейін екінші орында.
– Өткен жылғы елорда бюджетінің көлемі қандай болды?
– Бірнеше түзетулерден кейін ол 385,6 млрд теңгені құрады, бұл бекітілген жоспардан 45,4 млрд теңгеге немесе 13,4%-ға артық.
– Қаражаттың негізгі бөлігі қандай салаларға жұмсалды?
– Соңғы үш жыл ішінде шы­ғындардың негізгі бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, отын-энергети­калық кешен, көлік және коммуникациялар салаларына тиесілі, бұл бюд­жеттің 12%-дан 23,4%-ына дейін құрайды. Бюджеттің 6-дан 13,9%-ға дейінгі бөлігі білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік салаларына жұмсалған.
– Былтырғы қала бюджеті қанша пайызға игерілді?
– Өткен жылы бюджет қара­жатын игеру жоғары деңгейді көрсетіп, 99,8%-ға жетті. 2013 жылдан бері біз бюджеттің сапалы орындалуының ма­ңызды көрсеткішінің бірі – дебиторлық берешек көлемінің төмендеу үрдісін байқап отырмыз, оның көлемі 2015 жылдың қорытын­дылары бойынша 43,8 млрд теңгені құрады, бұл 2014 жылғы көр­сеткіштен 2,5 млрд теңгеге төмен. Кредиторлық берешек бойынша да оң динамика сақталуда. 2015 жылғы қорытынды бойынша ол 2014 жылмен салыс­тырғанда 50%-дан астам немесе 3,5 млрд теңгеге төмендеген.
– Сіз жергілікті бюджетті жоспарлаудағы қандай кем­шіліктерді атар едіңіз?
– Инвестициялық жобалар тізбесін әзірлеуге өте мұқият қарау керек. Біз өткізген аудиторлық іс-шаралар нәти­жесінде инвестициялық жо­балардың бекітілген тізбе­сіне бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілгендігі анық­талды. Мысалы, 2015 жылы тізбеден жалпы сомасы 3,9 млрд теңгені құрайтын 36 жоба алынып тасталса, 34,7 млрд теңге сомасына 106 жоба енгізілген. Сондай-ақ, жобалар арасында бюджет қаражатын қайта бөлуді барынша азайту қажет деп есептейміз, осылайша бөлінген қаражаттың пайдалану тиімділігін арттыруға болады. Бұл жерде айта ке­терлігі, заңнамаға сәйкес әкім­шілер нақты инвестициялық жоба­ға бөлінген бюджет қара­жатының 10%-дан аспайтын бөлігін ғана өз бетінше қайта бөлуге құқылы. Алайда, іс жүзінде жекелеген жағдайларда белгілі бір инвестициялық жобаның жүзеге асырылуына бөлінген қаражаттың жартысынан астамы қайта бөлінген, өз кезегінде бұл қолданыстағы заңнаманы бұзуға ғана емес, қаражаттың әрі қарай игерілу тиімділігі мен сапасына, инвестициялық жобалардың аяқталу мерзіміне, осыдан келіп шығатын барлық теріс салдарларға әкеп соғады. Мұнымен қоса, кейде әкім­шілер қажетті салалық және экономикалық сараптамаларды алу, инвестициялық ұсы­ныстарды әзірлеу жөніндегі заңнама талаптарын назардан тыс қалдырып жатады.

002

Индустриалдық дамудың қарқыны

– Қазақстан Респуб­лика­­сының үдемелі индус­триялдық-инновация­лық дамуының 2010-2014 жыл­дарға арналған мемлекет­тік бағдарламасының елордада жүзеге асырылу қарқыны жөнінде айтып берсеңіз?
– Әкімдіктің аталмыш мем­лекеттік бағдарламаны, басқа да кәсіпкерлік субъектілерінің іскерлік белсенділігін жан­дандыруға бағытталған бағ­дарламалары, атап айтқанда Ин­дустриялдық парк құрылысы, арнайы экономикалық аймақты одан әрі дамыту, Индустрияландыру картасын жетілдіре түсу, тұтастай алғанда, қаланың бизнес ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізді. Мәселен, соңғы бес жылда арнайы экономикалық аймақтың, оның ішінде Индустриялдық парк аумағындағы кәсіпкерлер бюджетке 17 млрд теңгеден астам сомаға салық төлеген. 2010-2014 жылдары Индус­триялдық парк кәсіп­орындары 480 млрд теңге сомасына өнім өндірген. Бұл кәсіпорындардың бес жыл ішіндегі жалпы қала өнеркәсібінің көлеміндегі үлесі 42,7% құрады. Осының арқасында 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2010 жылдан бас­тап 297 шағын және орта бизнес субъектісіне мемлекеттік қолдау көрсетілді, нәтижесінде қолданыстағы 8 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 4 мың­нан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасына» қатысушылар 2010-2015 жылдары 20 млрд теңге салық төлеген.

Мемлекеттің қолдауын ақтамағандар да бар

– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қа­тысушылардың барлығы бір­дей көрсетілген мемле­кет­тік қолдауды ақтай алды ма?
– Өкінішке қарай, бәрі бір­дей ақтай алмады. Мысалы, «Бизнестің жол картасы» қатысушыларының 17,5%-ы 2010-2014 жылдары салықтық аударымдар жасамаған, кәсіп­орындардың 35,4%-ы жұмыс орындарын құрмаған, ал 34% кәсіпорын іс жүзінде сол күйі өнім шығармаған. Яғни, елордада «Бизнестің жол картасын» іске асыру нәтижелері айтарлықтай жағымды болғанымен, оның қатысушыларын іріктеу сапасын және олардың қызметін мониторингілеуді күшейтуге көбірек көңіл бөлу қажет.
– Индустриялық парк кәсіпорындарын барлық қажетті ин­фрақұрылыммен қам­тамасыз ету мәселесі қан­шалықты шешілген?
– Бұл жерде де мемлекеттік аудиторларымыз мердігерлердің құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды сақтамауына байланысты болған бірқатар күрделі мә­селелерді анықтады. Біздің ойымызша, бұл кәсіпорындардың толық өндіріс қуатына өтуіне кері әсерін тигізеді. Бақылау жүргізу сәтінде Индустриялдық парк аумағында жұмыс істеп отырғаны 54 кәсіпорынның тек бесеуі немесе 9,2%-ы ор­талық жылу жүйесімен қам­та­масыз етілген, автомобиль жол­дарының ұзындығы 80%-ды құрағаны, су құбырларының ұзындығы – 77%, тұрмыстық кәріз желілері – 80%, суағар кәріз желілері 82% екені белгілі болды. Нәтижесінде Индус­триялдық парктің тек екі кәсіп­орыны ғана өндіріс қуатының 50%-ына қол жеткізген. Сол уақыттан бері жағдай түбегейлі өзгермеді деп ойлаймын.
– Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жұмыссыздарды жұмыспен қамту мәселесіне де тоқтала кетсеңіз?
– Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, 2011-2015 жылдары «Жұмыспен қамту-2020» жол картасының шеңберінде 4 708 адам оқытылды және осы мақсаттарға бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінген. Әу баста мамандарды даярлау Индустриялдық парк кәсіпорындарында жұ­мысқа орналастыруға бағыт­талған болатын. Нәтиже­сінде оқытылғандардың 72%-ы жұ­мысқа орналастырылды, ҮИИДМБ кәсіпорындарына оқытудан өткендердің тек 1,8%-ы жұмысқа жіберілді. Бұл ретте мемлекет қаражаты есебінен жүргізілген маман­дықтар бойынша оқыған азаматтарды жұмыспен қамту деңгейі төмен екен­дігін байқауға болады. Яғни, оқытыл­ғандардың саны жұмыс беруші­лердің белгілі бір мамандарға деген сұранысынан едәуір асып түседі.

Елорданың талабы өзгеше

– Астана қаласын дамытудың 2010-2015 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылу деңгейін қалай бағалайсыз?
– Тұтастай алғанда, бағдарлама негізгі мақсатты индикаторларына қол жеткізді. Біз тәуелсіз сарапшыларды тартып, қала тұрғындарының арасында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Сауалнама нәтижесінде тұрғын­дардың 74%-ы қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін жүйе­леріне қанағаттанатынын жеткізді. Бұл – жо­ғары көрсеткіш. Сонымен бірге, мұндай ауқым­ды бағдарламаны жүзеге асыруда кемшіліктер де жоқ емес. Бағдар­ламаны әзірлеу кезінде берілген міндеттерді шешу бойынша жекелеген іс-шаралар мен қандай да бір нақты әрекеттерді қамтымай, көрсеткіштер жалпылама берілген, бұл атқарылған жұмыстарға мониторинг жүргізуді қиындататыны сөзсіз. Атап өтерлігі, әуелден даму бағдарламаларын әзірлеу бойынша әдістемелік құжаттардың өзінде кемшіліктер жіберілген, әрине, бұл Астана қаласының даму бағдарламасын әзірлеу сапасына да өз әсерін тигізді. Нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерді анықтауда салалық министрліктердің талаптары ескерілген. Ал елорданың өзіндік ерекшелігі мен талабы бар. Сондықтан кейбір талаптардың қаланың нақты тіршілігіне, шындығына әрдайым сәйкес келе бермейді. Үстіміздегі жылы елордада Астана қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын жүзеге асыру басталды, онда алдыңғы бағ­дар­ламаның барлық кемшіліктері ескерілді деп есептеймін.

Бес жылда атқарылған іс аз емес

– Үстіміздегі жылы тексеру комиссиясы институты өзінің бес жылдығын атап өтеді. Осы мерзім аралығында жұмыстың нәтижелері қандай?
– Осы жылдың тамыз айында біздің Тексеру комиссиясының құрылғанына 5 жыл толатынын қуанышпен атап өтемін. Осылайша, 2011 жылғы 2 мамырда Мемлекет басшысы жаңа­дан құрылатын мемлекеттік орган­дардың функциялары мен мін­дет­терін, сондай-ақ штаттық санын белгілеумен барлық өңірлерде Тексеру комиссияларын құру туралы жарлық қабылдады.
Өткен бес жыл ішінде Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы елорда бюджетінің ат­қарылуына сыртқы мелекеттік қар­жылық бақылауды жүзеге асыратын толыққанды мемлекеттік орган ретінде қалыптасты. Мысалы, өткен мерзім ішінде біз 500-ден астам объектіде 125-тен аса бақылау іс-шараларын жүргіздік. Жыл сайын барлық дерлік бюд­жеттік бағдарлама әкімші­лері, соның ішінде олардың ведомстволық бағынышты ұйым­дары мен кәсіп­орындары бақылаудан өтеді. Осылайша, бақылаумен қамтылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің көлемі 860 млрд тең­геден асты, анықталған қаржылық бұзушылықтар көлемі 242 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бюджет кірісіне 2,0 млрд теңгеге жуық сома өтелді, тауарлармен, жұмыстармен немесе есепке алу бойынша 70 млрд теңге қалпына келтірілді. Бақылау іс-шараларының нә­тижесінде бақылау объекті­леріне тиісті тапсырмалар мен ұсы­нымдар беріледі. Бұл тапсырмаларды ыждаһатты орындау және бюджет қаржысын дұрыс игеру қала тір­шілігін жандандырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ал өз азаматтардың тіршілік қолайлылығына қанағаттану деңгейі – әрбір мемлекеттік органның ең маңызды міндеті екені даусыз.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button