Қолдау қашанда маңызды
Астана қаласы отбасы институтын қолдау орталығында отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіруге және полимодальды кеңесшілерді даярлауға бағытталған практикалық семинар-тренинг өтті. Оған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрлігі отбасын қолдау орталықтары жұмысын жетілдіруге бағытталған жобалық кеңсенің жетекшісі Фарида Сағындық жиналыстың мән-маңызына тоқталып, мақсатын атап өтті.
– Қазіргі уақытта елімізде 65 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олардың негізгі міндеттері – мемлекеттік отбасы саясаты шараларын жүзеге асыру, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау жұмысын үйлестіру, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар тұлғаларға көмек көрсету және мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру. Өтіп жатқан іс-шаралар да отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіруге арналып отыр. Өйткені дағдарыс орталықтарының жұмысын жетілдіру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою, жұмыстың бірыңғай әдіснамасын құру және оны жүзеге асырудағы олқылықтар болса, осындай семинарларда толығады. Сондай-ақ халыққа кеңінен ақпарат беріледі, – деді Фарида Сағындық.
Жиналысқа қатысқан спикерлер баяндама жасап, орталықтардың жұмысын жүргізу үшін арнайы мемлекет тарапынан қаржылай қолдау артып келе жатқанына тоқталып, қиын өмірлік жағдайда қалған адамдарды қолдау, оларға көмек көрсету қашанда өзекті екенін атап өтті.
Шапағат ӘБДІР