Қолы жеңіл хирург
Астана қаласы қандай үлкен болса, халқы да жыл сайын көбейіп, емдеу мекемелеріне деген сұраныс артып келеді. Есілдің жағалауының бойында, елордада қоныс тепкен ірі аурухананың бірі – № 2 көпбейінді қалалық ауруханасында ем алмаған астаналық кемде-кем. Күндіз-түні жұмыс істейтін ауруханада жылына 47 365-тен астам науқас емделеді, 27 087 операция жасалады, бір жылда 13 638 әйел босанып, жыл сайын 116 130-дан астам адам медициналық көмек пен емге жүгінеді.
Ауруханадағы 600-ден астам дәрігердің ішінде хирургтердің жұмысы шұғыл, қимылдары тым қауырт. Адам өмірін ажалдан арашалаған хирургтердің еңбегін ерекше атауға болады. Медицина саласында 9 жыл, осы ауруханада 3 жылдан бері хирург-дәрігер болып келе жатқан Қуаныш Сейітов күнделікті жасайтын бірнеше отадан кейін біздің бірнеше сауалымызға жауап берген болатын.
– Қуаныш Қайырғазыұлы, хирург-мамандар – медицинадағы ең қиын бағыт саналады. Дәрігерлер – жұмыста ғана емес, достарына да, көршілеріне де, тіптен көмек сұраған қаймана қазаққа да уақыт тауып көмектесетін абзал жандар. Жақсы хирург-дәрігер болу үшін ең алдымен тәжірибе керек пе, жоқ әлде білім қажет пе? Күн сайын шұғыл ота, аласапыран өмір кейде шаршатпай ма?
– Хирург-дәрігер болып жұмыс істеу үшін берік жүйкеден басқа, жақсы білім қажет. Денсаулық сақтау саласының заңнама негіздері, анатомия, жансыздандыру қағидаттары, асептик және антисептик, рентгенология мен физиотерапияны меңгерген болуы шарт. Хирург медициналық аппараттар мен хирургиялық құралдарды асқан ептілікпен пайдалана алуы керек. Хирург-дәрігердің қызметі аурудың ауырлық дәрежесі мен сипатына қарай бөлінеді. Мысалы, кідіртуге болмайтын хирургия аурудың ең өткір кезеңінде жұмыс жасайды. Жоспарлы хирургия эндокриндік жүйе органдары ауруларын, бауыр мен өт шығару жолдарын емдейді. Балалар хирургиясы, іріңді хирургия, онкологиялық хирургия, сүйек-бұлшық ет жүйесі мен жалғастырушы тіндер хирургиясы, кәсіби аурулар мен өмірге қауіпті дәрілік патология болып бөліне береді. Қазіргі таңда пластикалық хирургия көпшіліктің сұранысына ие. Тек пластикалық операциямен айналысатын арнайы клиникалар мен орталықтар пайда болып жатыр. Жақсы хирург-маманға, әрине, жақсы төлемақы төленеді. Демалыс кездерінде жоспардан тыс жұмысқа шығу, дене күшіне үлкен салмақ түсу, адам өмірі үшін жауапкершілік алу, түнгі кезекшіліктер бар.
Берік жүйке, шыдамдылық, ұстамдылық, сабырлылық, төтенше жағдай туындаған сәтте де жағдайды бақылауда ұстай білу – бұл қасиеттер болашақ хирург маманда болатын қасиеттің бастамасы ғана десек болады. Басқа дәрігерлер секілді, қабылдау жүргізетін хирург-дәрігер де зерек және сыпайы болуы керек. Операция жүргізетін маман ретінде күйзеліске төзімді, жылдам ойлай алатын маман болғаны жөн.
– Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 2 мыңға жуық хирург жұмыс істейді екен, жылына еліміздің медициналық жоғары оқу орындары мамандардың қатарына қосылуға дайын 100-ден астам жас маманды даярлап шығарады. Өзіңіз медицинаға қай оқу орнын бітіріп келдіңіз, қайда еңбек жолыңызды бастадыңыз, ұстаздарыңыз туралы айтсаңыз.
– Семей медицина университетін тәмамдадым. Отбасымызда анам – дәрігер-терапевт, қарындасым – дәрігер-офтальмолог, екінші қарындасым – дәрігер-стоматолог мамандығымен оқып жатқан студент. Осы № 2 көпбейінді қалалық ауруханасында жұмыс істеп жатқаныма үшінші жыл болды.
– Сіздердің мамандықтарыңыз тек жоғары біліктілікті ғана емес, сонымен қатар асқан батылдықты, төзімділікті және адалдықты қажет етеді. Күн сайын сіздер адамдардың өміріне байланысты күрделі шешімдер қабылдайсыздар. Хирург-маманның жұмыс күні қалай өтеді? Шұғыл оталар, ауыр науқастар келсе қайтесіз?
– Хирургтің жұмыс күні пациент қабылдаудан басталады. Ол науқасты тексереді, ем тағайындайды. Арнайы мамандандырылған мамандарға немесе ем қабылдауға жатқызуға жолдама жазады. Ауырғандығын растайтын парақша рәсімдейді, медициналық тексеру картасын толтырады. Кезекшілікте тұрған хирург-дәрігер тәуліктің қай мезгілі болмасын операция жасауға дайын болуы керек. Құжат толтыру, есеп беруді түзу, тұрғындармен санитарлық-ағартушылық жұмыс жасау да хирург-дәрігердің міндеті болып саналады.
Біздің ауруханаға әртүрлі хирургиялық патологиямен күнделікті жоспарлы және шұғыл көмекке жүгініп келіп жатады, әрине, арасында асқынған формада келетін науқастар да аз емес. Кез келген науқасты тиісінше тексеріспен, ота алдындағы дайындықтан өткізіп алып, әр науқасқа жеке (индивидуалды) хирургиялық тактика таңдаймыз. Қиындық туындаған жағдайларда әрдайым бөлім меңгерушісінің, сонымен бірге кафедра профессорларының көмектеріне әркез жүгіне аламыз.
– Қандай оталарды жиі жасайсыз, қандай аурулар алдыңызға көп келеді? Ауруы тым асқынған науқастарға көмектесе алмайтын сәттер бола ма?
– Әрине, ондайда сәттер болады, бағымызға орай бөлім меңгерушісі Руслан Хасеновке, басқа да кафедра профессорларына әрдайым арқа сүйеп, керек кеңестерді немесе нақты көмекті ала аламыз.
– Отадан кейін науқастардың күтіміне мән бересіздер ме, оларға қандай кеңестер беріледі?
– Тамағын дұрыстап, көбіне диет ұстауды, көбірек жүруді, барынша қимыл-қозғалыспен, жақсы көңіл-күймен болуға кеңес береміз. Отадан кейін ерекше күтім, денсаулыққа мұқият қарау қажет. Өйтпеген жағдайда түрлі асқынулар, қиындықтар кездесуі әбден мүмкін.
– Адамдардан алғыс алғанда өзіңізді қалай сезінесіз. Марапат алып, атаққа ұсынылған кездеріңіз болды ма?
– Иә, аурухана, қала әкімшілігінен алған алғыс хаттарым бар, бірақ ең маңызды марапат ол – өз қолыңмен ота жасаған науқасың ауруханадан жазылып шығып, бір ауыз «Рахмет!» деген сөзі айрықша әсер етеді…
– Жақсы хирург болып қалыптасу үшін қандай шешімдер қабылдау қажет?
– Мықты хирург болу үшін, меніңше, көбірек білім алып, әрдайым біліктілігін жетілдіру қажет және өз мамандығын жақсы көруі керек және дұрыс, оңды шұғыл шешімдерді қабылдай алуы қажет деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ