Басты ақпаратҚала тіршілігі

ҚОМСЫНБАСАҢ, ҚОҚЫС ТА КӘДЕЛІ

Астанада қалдықты қайта өңдеу процесін арттыруға қатысты Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елорда әкімдігі арнайы бағдарлама әзірлеген. Соның аясында шаһардағы қоқыс кон­тейнерлерін жаңарту және осы мақсатта инновациялық технологияларды енгізу жоспарлануда. Аталмыш құжат кеше бірқатар ведомс­т­­во басшыларымен өткен дөңгелек үстел жиынында талқыланды.

Шараға Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әділбек Сәрсембаев, Парламент Мәжілісінің депутаты әрі экология және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі комитеті мүшесі Серік Сейдуманов, Энергетика министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті директоры Жан Нұрбеков, «Қазақстандық МЖС орталығы» ұйымының вице-президенті Айдос Көбетов қатысып, қоқыстың қоршаған ортаға әсері жайлы әңгіме өрбітті.

ERM_7515
Олардың айтуынша, бүгінде Астанада қатты тұрмыстық қалдыққа арналған 12455 контейнер орнатылған. Онда күн сайын 969 тонна, ал жылына 353,6 мың тонна қалдық жиналып, шығарылады. Оны тасымалдаумен «Астана Тазарту» және «Таза әлем» компанияларымен қатар 40 шақты ұсақ ұйымдар айналысады. Жан басына шаққандағы тариф құны көп қабатты үйлер үшін 259 теңгені, ал жеке сектор үшін 276 теңгені құрайды.
Жиналған қалдық сұрыптауға және қайта өңдеуге жіберіледі. Қайта өңдеу кешеніне тәулігіне 200 тоннадан аспайтын мөлшердегі қалдық қабылданады. Былтыр онда 72760 тонна қалдық апарылған. Қоқыстың 7 пайызы қолмен сұрыпталады. Яғни, қағаз, металл, плас­тик сынды материалдар бөлек-бөлек жентектеледі. Бұл үшін тариф құны – тоннасына 2278 теңге.
Брикеттелген қатты тұрмыстық қал­дықтың 93 пайызы полигонға көміледі. Полигондағы бірінші ұяшықтың ауданы 15 гектарға тең, ал қуаттылығы – 2,8 миллион тонна. Ол шамамен биылғы жылдың соңында толады. Бұдан соң ауданы 20 гектар, қуаттылығы 2 миллион тонна болатын екінші ұяшық пайдалануға беріледі. 2014 жылы полигонға 289 мың тонна, 2015 жылы 353 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық көмілген. Байқап отырғаныңыздай, көрсеткіш 20 пайызға артқан. Брикеттелген қоқысты көму үшін тоннасына 1158 теңге, ал ақтарылған қоқысты көму үшін тоннасына 2278 теңге төленеді.

ERM_7409
Жыл сайын қаладан 632 мың тонна қалдық шығарылады. Оның 55,6 пайы­зы немесе 353,6 мың тоннасы қатты тұрмыстық қалдыққа жатады. Мұндай типтегі қоқыстың 48 пайызы «Астана Тазарту» компаниясы, 8,8 пайызы «Таза әлем» компаниясы, 16,5 пайызы «Алтын ТЕТ» ЖШС, 14,7 пайызы «Астана Тазалық» ЖШС, 6,9 пайызы сенбіліктер, 5,7 пайызы басқа да қоқыс тасымалдау­шы компаниялар арқылы полигонға жеткізіледі. Ал жалпы қалдықтың 0,4 пайызы немесе 2505 тоннасы – ірі габаритті қоқыс, 27,8 пайызы немесе 175,6 мың тоннасы – құрылыс қалдық­тары, 4,9 пайызы немесе 31,2 мың тоннасы – өндірістік қалдықтар, 7 пайызы немесе 44,3 мың тоннасы – жол қал­дық­тары, 4,3 пайызы немесе 27 мың тоннасы – шөгінді қалдықтар.
Назар аударарлық жайттардың енді бірі – қоқысты бөлу. Бұл ретте Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әділбек Сәрсембаев қаланың көптеген тұсына әртүрлі қалдыққа арналған контейнерлер қойылғанын, бірақ оны тиімді қолдануға азаматтардың салғырт қарайтынын қынжыла айтты. Алдағы уақытта қағаз, пластик, биологиялық қалдық және өзге де тұрмыстық қалдықтар үшін жеке контейнерлер орнату мәселесі реттелетін болады.
Деректерге сүйенсек, астаналықтардың тек 25 пайызы «Астана Тазарту» және «Таза әлем» ЖШС қызметін пайдаланады. Бұл екеуі – әкімдік ұйымдастырған тендерді жеңіп алған ұйымдар. Ал қалған 75 пайызы жеке компаниялардың жәрдеміне жүгінеді. Өйткені, олардың тарифтік құны сәл арзандау. Бірақ мұндай фирмалар қаражат үнемдемек ниетпен қоқысты тыйым салынған жерлерге төгіп, заң бұзады.
Келесі түйткіл тұрғын үйлерге тіркелген кісілер санының шынайы құбылыспен сәйкес келмеуіне тіреледі.
Жоғарыдағы проблемаларды есепке ала отырып, Астана қаласының қал­дықтарын басқару бағдарламасы шең­берінде біріктірілген жүйе құрылмақ.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button