ЖаңалықтарМәдениет

ҚОНАҚТА – ҚЫЗЫЛОРДА ТЕАТРЫ

театр

Астана күні қарсаңында Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы Қазақ музыкалық драма театры елордаға гастрольдік сапармен келді. Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері аясында Астана жұртшылығы Иран-Ғайыптың «Қорқыт», Жабал Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» психологиялық драмасын және Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедия­сын тамашалайды.

Театрдың көркемдік жетекшісі Хұсейн Әмір-Темірдің айтуынша, күні кеше Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрында Жабал Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» психологиялық драмасы қойылды.

Онда кешегі кеңестік кезеңнің ащы ақиқаты айтылса, енді бірде бүгінгі қоғамда қорқау қоңыздарға жем болған қорғансыз жастардың мұңлы трагедиясы драма арқауына айналған. Драматург өткен мен бүгінгінің шыңғырған шындығын ашу барысында билік пен байлыққа ие болған тоғышарлардың тоңмойын қылықтарына әлсіз, бейкүнә жан­дардың жанкешті күрестерін қарсы қояды. Ақыр аяғында махаббат пен ізгіліктің салтанат құруымен түйінделеді. Көрерменнің көз алдында өрбіген ситуация дами келе драмалық тартыстардың ошағына айналып кете барады.

Ал, 28 маусым күні Оқушылар сарайында өнерсүйер қауымға Иран-Ғайыптың екі бөлімді «Қорқыт» драмасы ұсынылмақ. Биыл ғана тұсауы кесілген туындының негізгі кейіпкері – тәңірге табынушы түркі әлемінің абыз-бақсысы Қорқыт. Қойылымда Қорқытты ажалдан құтқаратын қобыз сарыны ғана. Ол қолына қобызын алды дегенше гөй-гөйлеп қоя береді-ау жарықтық. Қорқыттың қолынан шыққан қара қобыз аңызға айналып, бізге жетті.

Сонымен қатар, 29 маусым күні Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясы көрерменге жол тартады. Аталмыш қойылым Абай туралы қазақ сахнасында 1940 жылдан бері қойылып келе жатқан жаттанды үлгіден мүлде бөлек. Жаңа көріністе ұлы ақынның алпысқа қараған шағында өз ортасынан орын таппай, ауыр ой арқалап, іштей егілген кезі суреттеледі.

Ұлы ақын өмірінің соңғы кезеңі. Оның тағдыры тым ауыр жағдайларға толы болды. Араларына алты айдан салып, балалары көз жұмады. Мағауия қайтыс болғаннан кейін тура 40 күн өткенде өзі өмірден озған. Осылай дүркіреген әулеттің тас-талқаны шықты. Неге олай болды? Қойылымда «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан» жанның тереңдегі жұмбағы, Абай азабының айтылмай келген тылсым бейнесі көрсетіледі.

«Бүгінде ел іші дүрлігулі. Жұртты ұрлық пен алыпсатарлық, жемқорлық пен өтірік-өсек жайлауда. Өз тілін өзі қор санап, тілмаш атанып, жат тілмен жан баққандардың саны артып, ел ішін ірітуде. Тілінен, дінінен айырылған елдің күні қараң. Қазақтың сұрап отырғаны – өз жері, өз суы, өз тілі, өз мекені, өз діні. Халық атынан жауап күтуші Ибраһим Құнанбайұлы Өскенбаев».

Бұл Ерсайын Төлеубайдың пьесасындағы Абайдың патша ағзамға жазған хатынан алынған. Пьеса бойынша қойылған спектакль – өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, тіліміз бен дінімізді берік ұстауға тәрбиелейді.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button