Басты ақпаратҚала мен Сала

Қоқыс шығару тарифі көтеріле ме?

Елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифін көтеру ұсынылды. Бұл ұсыныс Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында қаралды. Тиісті баяндаманы қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов жасады.Оның айтуынша, қазіргі тариф шығындардың 80 пайызын да жаппайды. Сол себептен тарифті қайта қарау үшін арнайы комиссия құрылып, тәуелсіз аудит шақырылды. Алда әлі бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. «2011 жылы бекітілген тариф ағымдағы шығындарға сәйкес келмейтіні айқындалды. Қазір полигонның толтырылған ұяшықтарын қалпына келтіру мүмкін болмай тұр. Сонымен қатар 2016 жылы тұрмыстық қалдықтарды жинау мен жою ғана емес, өңдеу әдіс­темесі қабылданды. Бастап­қы есептеулерге сәйкес тариф 766 теңге көлемінде ұсынылды. Бұл кәсіпорын жұмысының толық циклін қамтиды. Яғни қалдықтарды жинау, шығару, кәдеге жарату және көму. Кәсіп­орын 2,5 миллиард теңгеге сатып алған қажетті техника мен жабдықтар шығынын қазіргі тариф өтемейді. 8266 контейнер мен қоқыс таситын 55 жаңа автөкөлік сатып алынған болатын» деді баяндамашы.
Тиісті сараптаулардан кейін алдында ұсынылған 766 теңге тариф 466 теңгеге түсірілді. Бірақ қайта өңделген тауарлардан түскен пайданың 13 пайызы шығындарды жабуға жұмсалатын болды. Ал абоненттік төлем есебінен шығындардың 87 пайызын жабу көзделді. Тарифтің көтерілуі, біріншіден, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарушылардың жалақысын өсіруге мүмкіндік береді. 2011 жылдың тарифімен олардың орташа жалақысы 50 мың теңге ғана еді.
– Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес олардың функцияларына қоқысты қайта өңдеу мен көму қосылды. Бұрын қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару ғана болатын. Сондықтан жұмысшылар саны да 330-дан 776 адамға көбейді. Жалақы да 148 мың теңгеге жеткізілді. Жанар-жағар май да қымбаттады. 8 жыл бұрын дизель отыны 90 теңге болса, қазір 193 теңгеге жетті. Нұр-Сұлтан қаласының аумағы да өсті. Қоқысты шығару жолының орташа ұзақтығы ауысымына 45 шақырымнан 70 шақырымға ұзарды. Бұған амортизациялық шығындарды қосыңыздар, – деді
Н.Нұрсағатов.
Қоқыс тарифін көтерудің тағы бірнеше себебін атап өткен ол «жеке тұлғалар үшін тарифті 466 теңге, жеке секторда тұратындарға 496 теңге, заңды тұлғаларға 1 текше метр үшін 2653 теңге етуді ұсынып отырмыз. Алматы қаласымен салыстыр­ғанда біздегі тариф төмен. Ол жақта қатты тұрмыстық қалдықтар тарифі 553 теңгеге көтерілген болатын. Елордада халықтың осал топтары үшін жеңілдіктер қарастырылған. Ұлы Отан соғысына қатысушылар төлемнен 100 пайыз босатылады. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендер, көпбалалы аналар, бірінші топ мүгедектеріне 50 пайыз жеңілдік беріледі» деді.
Қоғамдық кеңес мүшелері Марат Мұстафин мен Елдос Абақанов осы қатты тұрмыс­тық қалдықтар тарифі мәселесін зерттеді. Алғашқысы «Сlean city NS» компаниясы бұл салаға келгелі қоқысты шығару жұмысы жақсарғанын атап өтті. Екеуі де барлық шығындарды есепке алып, тарифті көтеру керек деп есептейді. «2011 жылы тариф 246 теңге болып бекітілді. Ол көтерілетін болса, елордадағы барлық зейнеткерлерге 25 пайыз жеңілдік берілуі керек. Мен есептеп көрдім, бұл 350 теңгені құрамақ. Ал қалада қазір 90 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Тиісті компания басшысына осы ұсынысымды жеткіздім. Ол келіскендей болды» деді М.Мұстафин.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов бұл мәселеде асықпау керектігін айтты. «Тарифті көтерудің себебін халыққа түсіндіру керек. Газеттер, телеарна­лар, әлеуметтік желілер ар­қылы осы жұмысты жүргізсеңіздер артық болмайды. Волонтерлерді тарту да артық етпейді. Тұрғындар бұған қалай қарайды, олардың пікірі қандай болады, бізге сол маңызды. Біз сіздерге осы жұмысты атқаруға 10 күн уақыт берейік. Содан кейін қайтадан осы жерге жиналып, мәселені талқылаймыз» деді ол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button