Қоқыс шығару тарифі өсті
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/477795535_1393946181982365_8745634306055253505_n-780x470.jpg)
Елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов қазіргі тариф кейінгі 5 жыл бойы өзгермегенін айтты.
– Қазіргі тариф бір адамға айына 390 теңге сомасында есептелген. Оның сомасы 5 жыл бойы, яғни 2019 жылдан бері тариф өзгеріссіз болды, ал Алматыда қазірдің өзінде 718 теңге. Орташа есеппен 300 мың адам тұратын еліміздің алты шағын қаласында тариф 400-500 теңгеге дейін өсті. Міндеттемелерді орындау үшін компаниялар өз қаражаттары есебінен құны 4,1 млрд теңгеге 100 жаңа қоқыс шығаратын көлік пен 1 млрд теңгеге жуық 15 мың жаңа контейнер сатып алды. Сондай-ақ қоқыс тасымалдайтын көліктердің бағыттарын, контейнерлердің жай-күйін және олардың толтырылуын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін арнайы жүйе енгізілді.
Осы шаралардың нәтижесінде қалада оң динамика байқалып отыр, – деді Дәулет Досқұлов.
Оның айтуынша, халық саны 36 пайызға өскен кезде, қалдықтарды шығару шығындары 103 пайызға өскен. Мәселен, кәсіпорындардың нақты шығындары 2019 жылы 260 млн теңге болса, 2024 жылы 544 млн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштер қазіргі тарифпен бизнеске тиімсіз екенін байқатып отыр. Тариф кірістерден және кәсіпорындардың табыстылығы мен шығыстары негізінде қалыптасады.
– Бұрын берілген барлық ескертуді және ұсыныстарды ескере отырып, сондай-ақ тұрғындарға түсетін салмақты азайту мақсатында тарифті абаттандырылған сектордың бір тұрғынына 637 теңге және абаттандырылмаған аумақта 679 теңге мөлшерінде бекіту ұсынылады, – деді басқарма басшысы.
Елордада қолданыстағы тарифтер аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына азаматтардың санатына қарай 25 пайыздан 100 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, жеңілдіктер мүгедектігі бар, жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға таралады.